Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің негізгі қорытындылары туралы есеп берді.
«2018 жылғы 31 желтоқсанда біз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін жауапкершілік жүктелген Біріккен Ұлттар Ұйымының басты органы – Қауіпсіздік Кеңесіндегі екі жылдық мүшелігімізді аяқтадық», деп бастады министр мәлімдемесін.
Министрдің айтуынша, Біздің жұмысымыз Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Кеңес мүшелеріне арнаған «Қауіпсіз,әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты Саяси үндеуін толыққанды іске асыру мақсатына құрылды. Бұл құжат Мемлекет басшысының «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» манифесіне негізделіп жазылғаны белгілі.
«Қазақстан өз миссиясын абыроймен орындады деп нық сеніммен айта аламын.Біз Мемлекет басшысы белгілеген барлық басымдықтарды іске асырдық. Ал еліміздің жауапты және қағидаттық ұстанымы халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды. Бұл істе біз барлық мемлекеттік құрылымдардың үйлесімді жұмысына сүйендік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сыртқы істер министрлігі атынан Сіздерге нысаналы заң шығару жұмыстарыңыз үшін де, сонымен бірге, халықаралық алаңдарда көрсеткен белсенді саяси қолдауларыңыз үшін де шын жүректен алғыс білдіремін», деді Б. Атамқұлов.