Алматыда Қ.Сәтбаев университетінде «Microsoft Kazakhstan» компаниясының жоғарғы білім беруде заманауи ақпараттық технологияларды қолдануға арналған «Value Discovery Workshop» семинары өтті. Семинарға Satbayev University оқытушылары мен студенттері, Microsoft CEE Education командасы қатысты.
Университеттің Баспасөз қызметінің деректері бойынша, семинар жоғарғы білім беруді Microsoft 365 базасындағы заманауи онлайн-сыныптарды құруға негізделген онлайн-оқытуға өзгерту мәселелеріне арналды. Баяндамашылар аналитикаға арналған Microsoft Power BI & AI қуатты құралы көмегімен оқытушылар мен студенттер арасындағы тиімді өзара ықпалдастық, сертификаттау, оқыту сапасын жақсарту үшін жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне арналды.
Семинар соңында университет ректоры Ескендір Бейсембетов «Microsoft Kazakhstan» бас директоры Тибор Колеякпен кездесіп, қолданыстағы жобаларды жүзеге асыру мәселесіне орай ынтымақтастық туралы меморандумына қол қойды.
Университеттің Ақпараттық жүйелер департаментінің жаңа директоры Артем Крутовтың айтуынша, көптеген жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіп отырған стратегиялық серіктес Microsoft компаниясының 365 платформасына өту білім беру үдерісін жаңа деңгейге шығаруға, ортақ күш біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл Қазақстандағы жетекші техникалық университет деңгейінде студенттерге сапалы білім беру болып табылады.
Кездесу кезінде тараптар цифрландыру, сондай-ақ, Қазақстанның ең шалғай аудандарының ең үздік халықаралық білімге қол жеткізуіне мүмкіндік жасайтын заманауи оқыту әдістерін дамыту мәселелерін талқылады.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ