• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Наурыз, 2019

БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің негізгі қорытындылары қаралды

1318 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының 2017 - 2018 жылдары БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің негізгі қорытындылары» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады. 

Отырысты жүргізген Мәжіліс Төрағасының орынбасары В. Божко бірінші кезекте тәуелсіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық өмірдің барлық саласын қамтитын, еліміздің әлем мен адамзат тағдырына терең алаңдаушылығын білдіретін стратегиялық маңызды бірқатар сыртқы саяси бастамамен сөз сөйлегенін ерекше атап өтті.

Отырыста Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстан Республикасының 2017 - 2018 жылдары БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметінің негізгі қорытындылары туралы кеңінен баяндады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Кеңес мүшелеріне арнаған «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси Үндеуін толыққанды іске асыру мақсатына құрылған жұмыстар туралы баяндаған министр Қазақстан өз миссиясын абыроймен орындағанын нық сеніммен айтты. Сонымегн қатар, біздің Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіміз жаһандық саяси процестердегі шиеленістердің бұрын-сонды болмаған деңгейіне және әлемдік державалардың арасындағы қайшылықтардың асқынуы кезеңіне дөп келді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі қабырғаларындағы стресс тестер Елбасының сыртқы саясаттағы бағытының стратегиялық дұрыстығы мен сындарлылығының тағы бір рет растағанына күмәнім жоқ. Прагматизм қағидаттарына халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында өзара тиімді ымыраны іздеуге бағытталған теңгерімді және бейбітсүйгіш сыртқы саясатымыз мемлекетіміздің стратегиялық жағынан сауатты көрсетуге мүмкіндік берді. Әріптестікті, оның ішінде ядролық державалар мен әріптестікті жаңа қырларымен байытты. Мемлекетіміздің саяси беделін күшейтті. Сондай-ақ, Елбасының төрағалығымен өткізілген «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы жоғары деңгейлі брифинг біздің Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысымыздың шарықтауы болды. Қазақстанның тәжірибесі негізінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзін ядролық қаруды таратпау режимін нығайтуға сенімнің ерекше рөлін де арнауға шешім қабылдап, сол арқылы ядролық қарудан азат әлемнің стратегиялық мақсатының қолжетімділігін атап көрсетті. Қазақстан басшысы төрағалық еткен отырыс өзара түсіністік атмосферасында өткен және Корей түбегіндегі жағдайды қоса алғанда, осы заманғы өзекті сын тегеуіріндерді сапалық жағынан жаңа тұрғыда қарауға мүмкіндік берген Қауіпсіздік Кеңесінің аздаған іс-шараларының бірі болды.

Тұтастай алғанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігіміз еліміздің белсенді және жауапты халықаралық ойыншы ретіндегі беделін нығайтуға, қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, өңірлік мәселелердің шешімін табуға жаңа екпін беруге, бірегей практикалық тәжірибе негізінде отандық дипломатияның кәсібилігін сапалық жаңа деңгейге шығаруға, мамандарымызды Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымына ілгерілетуге, маңызды халықаралық проблемалар жөніндегі жедел ақпаратқа қол жетімділік алуға мүмкіндік берді. Отырыста қосамша баяндама жасаған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М.Ерман Қазақстандағы 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысының нәтижелерінен туындайтын бірқатар маңызды аспектіге тоқталды.

Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болған Қазақстанның алдынан көптеген жаһандық және өңірлік проблеманы шешудің, сондай-ақ қазіргі әлемнің аса ықпалды елдері Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерімен өзара қарым-қатынастарды сапалы жүргізудің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылды. Және ең маңыздысы, біз бұл мүмкіндіктерді толық қолдана алдық, - деді М. Ерман.

Үкімет сағатының қорытындысы бойынша депутаттар 2017-2018 ж.ж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстанның тұрақты емес мүшелігі шеңберінде сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруда Сыртқы істер министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың жұмысына оң баға берді.