Еліміз Тәуелсіздік алып, «азаттықтың алтын күрек желі ескен» (Қ.Жұмаділов) елең-алаң шақта қазақ қоғамының бүгіні, ертеңі мен келешегі жайында кесек-кесек ой толғап, кесімді сөзін айтқан публицистердің бірі – Марат Қабанбай еді. Мемлекетіміз рухани жаңғыруға бет бұрып, тағылымды тарихына тереңнен бойлап жатқан тұста тағдырлы қаламгердің елдік мүддеге толы жазбаларына, ой-толғамдарына тағы бір мәрте үңілуді жөн көрдік.
Уақыт-көке бәрін өзі реттейді
«Бұлардың (таланттардың) жазығы не? «Жазығы, айыбы – бойындағы бары мен сөлін туған халқына соңғы грамына дейін сығып бергендігі. Екіншіден, бізден, яғни халықтың 99%-ын құрап отырған қара тобырдан артық туды. Артықтығымен біздің туасы арықтығымызды, ақымақтығымызды, жүдеулігімізді тарих алдында тайға таңба басқандай дәлелдеп келді, дәлелдеп те жатыр. Ең қиыны, рухани құлдар сан ғасыр бойы жабылып жасаған системаны әлгі 1% тұлпарлар сана гүрзісімен қойып қалып, быт-шытын шығарады, әлем алдында масқара етеді. Ендеше, ісініп-кебініп, ақылдымсып жүрген нәсілі төмендердің қоясын ақтарып тастайтын мұндай қызылкөздер кімге керек?».
Иә, ешкімге керек емес екен. Сіздің де «айыбыңыз» – бойыңыздағы барыңыз бен сөліңізді, телегей-теңіз біліміңізді туған халқыңызға соңғы грамына дейін сығып беруіңізде. Сіздің «жазығыңыз» – өз еліңізді, ошақ жаққан Отаныңызды соншалықты жақсы көргендігіңізде. Бәріне өзіңіз «кінәлісіз». «Мына өмір – итқорлық, қытымыр өмір: оны өзгеше сәулетті, сұлу етіп құруға болады, оның жол-жобасы мынадай» деп бүйректен сирақ шығармай, «Өмір сүріп жатқан осы дүниеміз ең үздік үлгі ғой деймін, ә? Оны жетілдіріп қайтеміз?» деп алақан уқалап, жайбарақат қана жүре беруіңіз керек еді. Сонда «құда да, құдағи да тыныш», арба да сынбай, өгіз де өлмей, жайлы үй алып, атақ-даңққа кенеліп, ендігі ауыл-аудан, қаладағы көше, мектептерге есіміңіз берілер ме еді...
Иә, өзіңізге де «обал» жоқ. «Талант тас жарады. Бас жаруы да ықтимал», «Ханнан да, қарадан да биік ана тіліміздің күні не болады?», «Бұл зиялы – қай зиялы?», «Блат, қайда барасың?», «Шенеуніктер шеру тартып барады», «Сауда жасай алмасаң, саудаң бітеді халқым», «Қайнайды қаның, ашиды жаның» деп Тәуелсіздіктің елең-алаң, алағай да бұлағай шағында қоғамымыздың олқы тұстарын тайға таңба басқандай көрсетіп, ашынып, күйініп мақала жазып неңіз бар еді... Сіз қанша ашына жазғанмен, ашыла жазғанмен көп өзгерген дүние жоқ. Бірен-сараны болмаса.
Айтпақшы, сіз осыдан тұп-тура 25 жыл бұрын: «Ешкімнің айтқанына көнбейтін, пара алмайтын уақыт деген көкеміз бар. Бұл көкеңіз ғасыр өте ме, жоқ па, әлгі қызылкөздің – таланттың кезінде қан жылап жүріп айтқандарын түп-түгел растап шығады. Абайдың бүкіл әлем болып 150 жылдығын атап өткеніміз сондықтан. Көп ұзамай әлгі Біржан, Ақан, Махамбет, Үкілі Ыбырайға да ескерткіш орнатамыз. Атақты үш би, Абылай хан, Бұқар, орта ғасырдағы ақын-жыраулар, эпостағы батырлар, осы ғасырдағы көзелдер болашақта екі астананы да өз ескерткіштеріне толтырады. Өйткені қазақ осы 1%-дың арқасында алға жылжып келеді. Әлем атаусыз, жоқтаусыз кеткен мың-миллионды емес, «қазақ» деп осыларды таниды» деп жазып едіңіз. Айтқаныңыз айдай келді. Сіз атын атап, түсін түстеген тұлғалардың бәріне ескерткіш орнатылды.
«Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, қазір тіпті ескерткіш қоюдың жөні осы екен деп есімдерін ел жөнді білмейтін тұлғаларға да кеуде мүсін мен ескерткіштер оңды-солды қойылып жатыр. Бірақ өзіңізге кеуде мүсін мен ескерткішті былай қойғанда, тіпті өсіп-өнген мекеніңіз – туған ауданыңыз Зайсанда, Семей мен Өскеменде, ұлт руханиятын байытқан кесек шығармаларыңызды тудырған, қызмет еткен Алматыда бір көшені қия алмай отырмыз. Ұяттымыз. «Ешкімнің айтқанына көнбейтін, пара алмайтын уақыт деген көкеміз» өзі реттемесе, біздің қолымыздан келер қайран болмай тұр...
Қазаққа талант не үшін керек?
Сіз көреген екенсіз. Бізге, кейінгі буынға артық жұмыс болмасын, басын қатырып, балтырын сыздатып қиналмасын дедіңіз бе, бәрін жазып кетіпсіз. Тағы бірде толғанып отырып бүй депсіз: «Біздіңше деймін да, жер бетіндегі прогресті мүлдем жаңа сатыға көтерген ағаш доңғалақты ойлап тапқан конструктор бабамызды алғашқы қауымдық құрылыстың миғұлалары таспен бастырып өлтірген болуы керек. Ол бабамыз әлі де анық бағасын алған жоқ – адамзат тарихындағы алғашқы, болашақ алтын ескерткіш ең әуелі ракқа қарсы ем ойлап тапқан кісіге емес, нақ осы доңғалақты тұңғыш жасаған жанға қойылуы керек». Конструктор бабамызды тасқа бастырып өлтірген, өлтірмегенін нақты білмейміз, бірақ тарихтан бағасын алмағаны анық. Тарих демекші, Елбасымыздың былтыр жазған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан кейін әрідегі тамырлы тарихымызға, жер бетінде жылқыны тұңғыш қолға үйретіп, металдан түйін түйген бабаларымыздың бекзат болмысына үңілу басталып кетті. Бәлкім, алдағы уақытта ағаш доңғалақты ойлап тапқан конструктор бабамызға алтыннан болмаса да, қоладан ескерткіш қойылар.
Сөзіміздің әлқиссасын талантты танудан, талантты адамдарды бағалаудан бастап едік. Сіз талант болмысы, олардың кемшілігі мен артықшылығы, қазаққа не үшін керектігі, таланттарды қалай табу, тәрбиелеу, қадірін білу жөнінде жеріне жеткізе жаздыңыз. Таланттың ұлттан да, мемлекеттен де жоғары екендігін жасқанбай айтып: «Барлық трагедия әркімнің өз орнында отырмауынан туындайды. Әркімнің қолдан жасаған «ағаш аты емес», табиғат шебер тудырған тұлпары озуы керек. Алғы елдер әркімді өз орнына қоятын, талантты тауға сүйрейтін жүйе жасай білді. Бізде ондай нышандар жоқ емес, бар. Әйтсе де ілуде біреу. Таланттарды табу, тәрбиелеу, ұқсата білу ұлттық сипат алуы керек» дедіңіз.
Елімізде таланттарды бағалайтын жүйе жасалды, таланттарды табу, қадіріне жету ұлттық сипат алды деп өтірік көлгірсуге болмас. Дегенмен талантты табуды, тәрбиелеуді емес, қадірін білуді енді-енді үйреніп келе жатқандаймыз. Мәселен, дүйім дүниені қазақтың дархан даласындай кең тынысты дауысымен тәнті етіп жүрген Димаш Құдайбергенді Қытайдағы байқауға қатысқаннан кейін ғана мойындадық. Әзер дегенде. Димаш егер Қытайға әлгі байқауға шақырту алмаса, әлі де мұрын шүйіріп, қадірін білмей, қасиетіне жетпей жүрер ме едік?! Осындайда хәкім Абайдың 40-шы қара сөзіндегі: «Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?» деген қыжылға толы жолдар еріксіз ойға оралады. Жалғыз Димаш емес, терістікте туған талантты актриса Самал Еслямованы да былтыр әйгілі Канн фестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» аталымын жеңіп алып, төрткүл дүниені тамсандырғаннан кейін барып танығандай болдық. Үстіне қазақы камзол киіп сахнаға шыққан алаштың қарапайым қызына әлем тік тұрып қол соққанда: «Ойбай, өзіміздің қыз екен ғой. Бұған дейін қалай білмегенбіз, ә?! Не деген талант» деп әуелі аз-кем ыңғайсызданғандай, ұялғандай кейіп танытып, артынан таңдайымызды қағып, соңынан елге шақырдық, құрмет көрсеттік. Жақында Самал «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Ештен – кеш жақсы. Біздің талантты қадірлеу, бағалау деңгейіміз әзірге осындай болып тұр.
Былтыр өмірден озған жазушы, көсемсөз шебері Шерхан Мұртаза Алатаудың баурайында отырып, жүздерін бір көрместен Алтайдың бір түкпіріндегі Оралхан Бөкейдің, Батыстың бір қиырындағы Фариза Оңғарсынованың, Арқаның бір шалғайындағы Ақселеу Сейдімбектің талантын құлын кезінде тап басып таныған жоқ па? Әйгілі диктор Әнуарбек Байжанбаев атақты ақын Мұқағали Мақатаевты Алматыдағы көк базарда ұн сатып тұрған жерінен радиоға дикторлық қызметке не үшін шақырды? Ахмет Жұбанов қораның үстінде отырып домбыра шерткен қалқан құлақ қара баланы (Нұрғиса Тілендиев) неге қамқорлығына алды? Мұның бәрі хас талантты тану, талантты табу еді. Жоғарыда есімдері аталған атыңнан айналайын ағаларымыз жастардың әрқайсысына алашқа адал қызмет етер тұлға ретінде қарады. Қазір осы жағы бізде олқы соғып жатқандай көрінеді. Ауыл-ауылда қанша талант, қанша Нұрғиса, қанша Мұқағали, қанша Оралхан, қанша Сағат, қанша Асқарлардың жүргенін бір Құдай білсін?! Сондықтан таланттарды іздеу, табу жұмыстары тынымсыз, үздіксіз жалғасуы керек секілді.
«Оншақты жыл бұрын жапонтанушы марқұм М.Цветовтің телерепортажын көріп едік. Токио базарының бір бұрышында алым-жұлым жас жігіт қышқырып тұрып, қайыр сұрап тұр. Сөйтсек, әлгі қайыршымыз Жапонияның жоғары бизнес мектебінде оқитын, жә деген байдың баласы екен. Аста-төк өмірдің ортасында бұлаңдап өскен бұл бозымды ұстаздары: «Қайыршы кім, тиын-тебен қолға қалай келеді, соны ұқсын, оны түсінсе, қор болмайды, әрі қайыршылықты өзі бастан кешкесін келешекте жапон тіленшісін аштан өлтірмейді» деген мақсатта базарға әдейі жіберіпті. Оның үстіне бұл бала король де, қайыршы да жүретін базарды – халықты зерттейді. Қысқасы, өмір сүруге икемі бар екенін дәлелдейді. Көрдіңіз бе, бір қайыр сұраудың астарында қаншама аспектінің тігісі жатқанын. Жер жүзін жұтуға айналған Жапония өз ұланын осылай тәрбиелейді! Ал бізде ше?». Бізде қалай екеніне, өз сұрағыңызға өзіңіз жауап беріп едіңіз талант жайында кеңінен толғаған «Талант тас жарады. Бас жаруы да ықтимал» атты мақалаңызда. Бұл сауалыңыз әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Базарға бармақ түгілі ауылға баруға арланатындар көп. Ауыл демекші, Президентіміз мемлекеттік қызметті таңдаған жастар бірден шікірейген бастық болуға ұмтылмай сатылап өсу керектігін, керек болса, еңбек жолын ауылдан бастау қажеттігін айтудайын айтып келеді. Бірақ Астана мен Алматыдан үлкен оқу орнын бітірген жастардың ауылға барып жатқаны сирек. «Болашақпен» шетелде білімін шыңдаған бір жас қырда жұмыс істеп жүр дегеніңіз бүгінде сенсация?!
Қоғам ұлтжандылыққа зәру
Астана, Алматы дегеннен шығады, сіз ширек ғасыр бұрын ұлтымыздың ендігі тағдыры Арқада шешілетінін, Алатау мен Арқа, Атырау мен Алтайдың кез келген пұшпағы мен шаршы метрі әр қазақтың Отаны, әр қазақ ұлтымыздың қиналып отырған жерінен табылса ғана қазақ екендігін мықтап еске салып: «Қазақтың дәл Арқа дегенде іркілетін еш реті жоқ. Ресейдің рухани да, әскери де экспансиясына өте-мөте қатты ұшырап, әбден қалжырап, тәлтіректеп тұрған жеріңіз де – осы Сарыарқа. Ендеше, шаршап-шалдыққан, адаса жаздаған ортаншы балаға мынау сын сәтте көмек, жәрдем керек. Елбасы бастаған ұлы көшке томағаны сыпырып, аяқтағы тұсауды шешіп, батыл-батыл басып, керуен болып ерейік, түстік, батыс, шығыстағы қаракөз кәрі, жас ағайын! Түтін шыққан, оқ зулаған басқа елдерден қашып-пысқан өзге ұлттар біздің жерге қотарыла көшіп кеп жатқанда өз туған топырағымызға ірге тебуден, кәсіп істеп, өз жерімізге өзіміз ие болудан ұялмайық!» деп алаш баласына сауын айтып, «Ақмолаға көшкін, ағайын!» деген мақала жазып едіңіз.
Ақмолаға көштік. Былтыр сіз жан жүрегіңізбен қолдап-қоштаған, бар қазақтың басын қосып, әлсізіне сүйеу болсын деп армандаған Астананың елорда болғанына 20 жыл толды. Құдайға шүкір, Астана қазір жайнап, саясаттың, өнер мен мәдениеттің қазаны бұрқ-сарқ қайнап тұр. 20 жыл бұрын мұнда 300 мыңнан астам тұрғын болса, бүгінде 1 миллионнан асты. Кезіндегі (1989 жылғы дерек бойынша) 17 пайыз қаракөздеріміздің саны 80 пайызға жуықтады. Құдай көп көрмесін. Астананы астын сызып бекерге айтып отырған жоқпыз. Енді еңсесін тіктеген елордаға алаңдаудың еш реті жоқ секілді.
Алаң басқа жақта болып тұр. Енді сіздің «Ақмолаға көшкін, ағайын!» деген тақырыбыңызды «Шығысқа немесе терістікке көшкін, ағайын!» деп өзгертетін кез жеткендей. Өйткені көңіліміздің бәрі елордаға ауып кетті ме, әлде сіз шақырғаннан кейін елдің бәрі Арқаға көшіп кетті ме, кім біледі, солтүстік, шығыс өңірлеріндегі шекара бойы жалаңаштанып, мектептер жыл сайын жарыса жабылып, шұрайлы өлке, шырайлы өңір иесіз, елсіз қалып барады. Бір ғана мысал. Алысқа бармай-ақ Шығыс Қазақстанды алайық. Қытайдай алпауыт елмен шекарадағы Күршім ауданында, Марқакөл өңірінде кезіндегі 50 мың халықтан 25 мыңы ғана қалыпты. Бірнеше жылдан бері елімізде халық тығыз қоныстанған оңтүстік, батыс өңірлерінен жұмыс күшіне зәру солтүстік пен шығысқа тұрғындардың көшіріліп жатқаны белгілі. Мемлекеттік бағдарлама аясында облыстағы өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған аудандарға қандастарымыздың ірге теуіп, орнығып жатқаны әрине, қуантады. Десек те осы бағдарлама шеңберінде шекара шебіндегі халық саны кеміп, жастары азайып, қауқылдаған қарттары ғана қалған Марқакөл, Катонқарағай мен Ақжарға барып жатқан жұрт аз. Аз емес, мүлде жоқ деуге болады. Бәлкім, Жастар жылы аясында жастарымыз Алтайдағы ат төбеліндей елге атбасын бұрар. Өйткені сіздің тілмен айтсақ, «Бала мен шаға, немере мен шөбереміз жаудың жеріне бара жатқан жоқ, ежелден бойымыз құт боп қонған қазақ жеріне, абайсызда айрылып қала жаздаған өз Отанына қоныс аударып бара жатыр».
Сіздің арманыңыз көп еді. Арманыңыздың үлкені – қазақтың сапалы ұлт болуы еді. «Қалай нағыз қазақ боламыз? Еліміздегі бас ұлтқа қалай айналамыз?» деп шағаладай шарқ ұрдыңыз, «оның жолы – ұлтжандылық» дедіңіз. «Қазақтың өз-өзін жөндеуі қалды. Жөнделудің басты шарты – өз-өзіне сын көзбен қарау. Қоғамдағы өз орныңды анықтап, рухани моншаға түгел кіріп, тазарып шығу керек. Рухани моншаңыз ысып тұр – ол арысы халқымыздың бейбіт, қиындыққа төзгіш, кек ұстағыштан алыс, кешірімге қашан да жақын төл мінезі. Одан бері ұлы Абай салып беріп кеткен тағы бір үлкен монша бар. Өлеңдерін, қарасөздерін оқысаңыз, қазақты бас ұлт жасайтын басты қағидалар сонда жатыр. Ұлт үшін отқа түсу емес, жұмыс істейтін уақыт жетті» деп жаздыңыз осыдан 24 жыл бұрын «Біз – көкектің бір ұядағы балапандарымыз» атты мақалаңызда. Осы жылдар мұғдарында қаншалықты жөнделгенімізді, өзімізге қаншалықты сын көзбен қарағанымызды бір Құдай біледі, рухани моншаға түгел кіріп шықпағанымыз анық. Елдегі қолға алынып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтырар деген үміттеміз.
Кейде ойлаймын, сіздің ұлт болашағы, руханият, тіл, білім, тарих, экономика, саясатқа қатысты айтқандарыңызды шағын кітапша етіп әр сала бойынша әр мекемеге таратар ма еді деп. Ой көп, арман көп қой, бірақ сол шіркіндердің бәрі бірдей жүзеге аса бермейді ғой. Оны тағы да «уақыт деген көкеміздің» еншісіне қалдырдық.
Сырласқан Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
ӨСКЕМЕН
P.S. «Бұл заманда үндемей қалу – үйдей пәле» деп елдің бүгіні мен болашағы жайында тереңнен толғап, Тәуелсіздікті қайтіп баянды етеміз, тіліміз, діліміз, дініміз қалай болады деп шырылдаған, құр шырылдамай озық елдер үлгісін салыстыра отырып дұрыс жол нұсқаған, оң бағыт-бағдар көрсеткен қазақ публицистерінің бірі де бірегейі Марат Қабанбай еді. Біз бұл жазбамызда талант иесінің жазушылығына, балалар әдебиетіне сіңірген ұшан-теңіз еңбектеріне емес, ұлт пен ұрпақ, ел мен жер, Тәуелсіздік туралы толғамдарына шама-шарқымыз келгенше тоқталуға тырыстық.
Өкініштісі сол, 2018 жылы қаламгердің 70 жылдығы облыс, республика көлемінде атаусыз қалды. Бір қуаныштысы, Өскемендегі зиялы қауым өкілдері тарапынан осы шаһардағы облыстық балалар кітапханасына жазушының есімін беру жөнінде ұсыныс айтылды. Туған жері Зайсан ауданында көсемсөз шеберінің атын көшеге беру мәселесі қарастырылып жатыр деп естідік. Марат Қабанбайдың есімін ұмытпай, жас ұрпаққа ұлықтау бағытындағы жұмыстар кедергісіз жүзеге асар деп үміт етеміз.