Көрікті көктемнің алғашқы күні елорда тұрғындары мен қонақтарын жарқын әрі жайдары музыкалық кеш күтуде. 1 наурызда «Астана Опера» театрының Камералық залында «Романс сиқыры» концерті өтті. Бағдарлама әлемдік мәдениеттің бірегей құбылысы – романсқа арналған, сондай-ақ тыңдарман назарына испан сарсуэлалары мен опера көріністері ұсынылған, олар рояль, скрипка, гитара және арфаның сүйемелдеуімен орындалды.
Концертке вокалистер – Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, меццо-сопрано Татьяна Вицинская, контртенор Батыржан Смақов, халықаралық байқаулардың лауреаты, тенор Рамзат Балакишиев және дарынды аспапшылар – Амина Тайкенова ин дер Шмиттен (фортепиано), Любовь Ткаченко (арфа), Әсел Жақиянова (скрипка), Ботагөз Қалиева (виолончель), Әліби Асақаев (гитара), Жібек Сапарғалиева (флейта), Ерболат Ташкенбаев (соқпалы аспап) қатысады.
– Бұл өмірімдегі аса маңызды әрі қуанышты оқиғалардың бірі, оны ерекше тебіреніспен күтудемін. Театрымыздағы қойылымдарда опералық рөлдерді орындаудан бөлек, маған әріптестерім – керемет әртістермен бірге баршаның сүйікті жанрларының бірі – құдіретті «романсқа» арналған осынау концертті ұйымдастырудың бірегей мүмкіндігі туып отыр. Әрбір романс – сезімдер мен жан толғанысының жекелеген оқиғасы, шағын моноспектакль, мұнда ішкі жан дүниемізді, ойымызды барынша ашып, музыка мен поэзия әсері арқылы көрерменмен бөлісуге болады, – деп атап өтті Татьяна Вицинская.
Мазмұнды бағдарламаға барокко дәуірінің сирек орындалатын дуэттері, Фернандо Обрадорс пен Мануэль де Фальяның атақты испан әндері мен сарсуэлалары, көне орыс романстары – «Только раз бывает в жизни встреча», «Ямщик, не гони лошадей», «А на последок я скажу», бұдан бөлек танымал туындылар – Жуль Массненің «Таис» операсына арналған медитация тақырыбына «Аве Мария», Камиль Сен-Санстың «Самсон мен Далила», Жорж Бизенің «Кармен» операларынан көріністер және т.б. енген.
Талғат САДЫҚҰЛЫ