Қарағанды облысында мектеп жасына дейінгі тәрбие жұмыстарымен қамтамасыз ету мәселесін оңтайландыру мақсатында мемлекет-жекешелік әріптестігі негізінде жекеменшік балабақшалар ашу ісі сәтті жүзеге асырыла бастады. Соның нәтижесінде ата-аналар үшін балабақша кезегінде жылдап тұру мәселесі оңынан шешілді.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру негізінде және құны мемлекеттік балабақшалармен теңестірілген жеке- меншік балабақшаларға деген сұраныс та күннен-күнге артып келеді. Өйткені аталған балабақшаларда баланы жан-жақты дамыту мәселесі уақыт талабы ескеріле отырып толық қолға алынған. Аталған жобаның тағы бір ұтымды тұсы – баланың үш жасқа толғанын күтпей, бір жастан бастап ясли-бақшаға беруге болады. Бұл жұмысбасты ата-аналар үшін тіпті де қолайлы.
Облыста 2018 жылы мемлекет-жеке- шелік әріптестігі негізінде балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша 5 жоба іске асты. Атап айтсақ, Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті ауылында 100 орынға арналған балабақша, Қарағанды қаласында 320 балаға лайықталған «Дарынды бала-4» балабақшасы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы кентінде 40, 50 және 75 орындық үш бірдей нысан бүлдіршіндерге айқара есік ашты.
Ал биыл тағы 3 жобаны іске асыру жоспарда бар. Яғни, облыс орталығында жобалық қуаты 470 орын болатын «Дарынды бала» атты үш балабақша және 240 балаға шақталған – «Алтын бесік», Шахтинск қаласында 25 орындық ясли-бақша ашылмақ. Сонымен қатар МЖӘ негізінде мемлекеттік тапсырысты студенттер жатақханасына орналастыру бойынша 1 жобаны іске асыру жоспарланған.
Облыста екі жыл ішінде 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту 87,6%-дан 89,8%-ға дейін, ал 3-тен 6 жасқа дейінгі жас ұрпақ бойынша көрсеткіш 98%-дан 100%-ға жетті. Мұндай өсімге 4 мыңнан астам орынға арналған 37 мектепке дейінгі ұйым ашу арқылы қол жеткізілді. Бұл жерде 1555 орынды құрайтын 9 жобаның мемлекет-жекешелік әріптестігі негізінде жүзеге асырылғанын айта кету керек. Осы арқылы 385 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туды. Ал ауылдық жерлерде жаңа жұмыспен қамтылғандардың саны 90 адамға жетті.
Бүлдіршіндерді мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы да, ақылы негізде де қабылдайтын жекеменшік балабақшаларда балалар қауіпсіздігі толығымен сақталған және олар мұнда уақыттарын тиімді өткізеді. Мысалы, аталған балабақшаларда заман талабына сай қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйретумен қатар, баланың жан-жақты жетілуіне барлық жағдай жасалған. Спортқа бейімді болса, каратэ, күрес сияқты үйірмелерге қатысады, сурет салуға икемі болса, сурет үйірмесі, тіпті би үйірмесі де жұмыс істейді. Яғни, балабақшалардағы білікті мамандар баланың қабілетін ашып қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына тікелей ықпал етеді. Түптеп келгенде баланың болашақ мамандығын таңдауына да игі әсерін тигізуі әбден мүмкін. Сонымен қатар бұл жерлерде балаларды гаджет атаулыдан уақытша болса да аулақ ұстау үдерісі тәжірибеге енгізілген. Яғни, жеке-меншік балабақшаларда балаларға теледидар көруге, смартфон ұстауға тыйым салынады. Уақыттың барлығы пайдалы іске, оларды дамытуға, ерте жастан әлеуметтену, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталады, тамақтану мәселесіне де баса назар аударылады. Балақайлар таңертеңнен кешке дейін бес рет үйлестірілген тағаммен қамтамасыз етіледі.
Қарағанды облыстық білім беру басқармасының мамандары жергілікті кәсіпкерлердің жекеменшік балабақшалар ашу ісіне деген қызығушылығы арта түсетініне нық сенеді. Неге десеңіз, бүгінгі таңда мемлекет бұл салаға айрықша көңіл бөліп, түрлі жеңілдіктер жасауға пейіл танытып отыр. Мысалы, былтырдан бастап жекеменшік балабақша ашу үшін лицензия талап етілмейтін болды. Кәсіпкер өзінің осы іспен айналысқысы келетіні жөнінде өкілетті органды хабардар етсе болғаны. Сондай-ақ балабақша ашу үшін меншікті ғимараттың болуы да шарт емес, тек балалар кірер есік бөлек орналасқан ғимаратты жалға алса жетіп жатыр.
Жоғарыда сөз болған жобаларға
700 млн теңгеден астам жеке инвестиция тартылған. Мемлекеттік тапсырыс бойынша саланы қаржыландыру 13,7 млн теңгеге артып, бүгінде 25,9 млн теңгені құрады. Бұл шаралардың шеңберінде мектепке дейінгі тәрбиелеу ұйымдарының қадамдық қолжетімділігі қамтамасыз етілгенін де айта кету ләзім. Ал алдағы уақытта 735 орынға арналған тағы да 3 жоба іске асырылмақ. Бұған 240 млн теңге инвестиция тартылған. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет-жекешелік әріптестігін дамытып, жеке балабақшалар ашу алдағы уақытта да басым бағыттағы міндеттердің бірі болып қалмақ.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
Қарағанды облысы