Орал қаласында «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының актив жиыны өтті. Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның XVIII съезінде жариялаған халықтың әл-ауқатын жақсартып, әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі шараларын жүзеге асыру мәселесі талқыланды.
- «Жаңа әлем жастары» құжаты аясында «English for Jastar» жобасы қолға алынып, облыс аумағындағы алты ауылдық округте мектеп оқушыларына ағылшын тілін үйрету курстары жұмыс жасауда. Қазіргі уақытта 600-ге жуық бала ағылшын тілі курсынан өтті. Биыл осы жұмыс жалғасып, ауа райына байланысты әзірше 4 ауданда 5 ауылдық округте курс жүргізілуде, - дейді партияның жас серкесі.
- «Нұр Отан» партиясы – халық сенім білдірген жетекші партия. Біз әрдайым алдыңғы шепте болып, партия алға қойған міндеттерді жүзеге асыруымыз керек. Жоспарланып отырған бағдарламалар, әлеуметтік мәселелер – барлығы да халық игілігі үшін. Әрқайсымыз тәжірибеміз бен күш-жігерімізді осы жолға аямай жұмсайық! – деді қорытынды сөзінде Алтай Көлгінов.
Активте Батыс Қазақстан облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Алтай Көлгінов партия съезінен кейін өңірде жүзеге асырылатын кешенді шаралар туралы айтып берді.
- Партия съезінде Елбасы халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға бағытталған нақты тапсырмаларды берді. Сипаты жағынан әлеуметтік бағытқа көп көңіл бөлінген жиында қоғамда жиі талқыланып жүрген аз қамтылған және көп балалы отбасыларға жәрдемақы мәселесі шешімін тапты. Елбасының тапсырмасына сәйкес мұқтаж жандарға көрсетілетін көмек – алдағы уақытта да біздің басты жұмысымыздың бағыты болады. Бұл міндеттерді сапалы әрі тиісті дәрежеде орындау – біздің міндетіміз. Біз сонымен қатар жастарды еңбекке баулуымыз қажет. Әрине, халықтың әл-ауқатын арттыру, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту – мемлекетіміздің басым бағыты болып қала береді. Десе де біз жалқаулыққа бой үйретіп алмауымыз керек. Барша азаматты жұмысқа тартып, біліктілігін арттырып, қайта даярлаудан өткізіп, оқытып, бәріміз бір кісідей жұмыс атқаруымыз керек. Елбасы еңбек қоғамындағы еңбек адамдарының рөлі туралы ерекше атап өтті, – деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.
Бұдан кейін өңірде атқарылатын нақты жұмыстар жөнінде облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева егжей-тегжейлі айтып өтті.
Ең алдымен, қоғамның аз қамтылған бөлігін кешенді қолдау жүзеге асырылмақ. Яғни алдағы шілде айынан бастап тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа жүйесі енгізіліп, ол өңірде 21 мың адамды қамтиды. Кедейлік шегі 14849 теңгеден 20789 теңгеге көтеріліп, әр балаға төленетін АӘК кепілді мөлшері 20789 теңге көлемінде болады, көп балалы отбасыларға, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» үшін төленетін жәрдемақылар, мүгедектігі үшін төлемдер, шәкіртақылар табысқа есептелмейді. АӘК алу тәртібі жеңілдетіледі. Облыста мүгедек бала тәрбиелеп отырған 2,5 мың отбасының жәрдемақысы 30 пайызға өсіп, 38605 теңгені құрайды. 1 топтағы мүгедек бала бағып отырған 538 ата-ана айына 40538 теңге жәрдемақы алатын болады.
Шілденің 1-інен бастап өңірде бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға дейін өспек. Соның ішінде халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, архив саласы қызметкерлері, қосымша техникалық мамандықтар мен жұмысшылар жалақысы көтеріледі. Атқарушы органдардың төменгі буынында қызмет ететін 2 мыңдай мемлекеттік қызметшінің жалақысы орта есеппен 25 пайызға көбейеді.
- Табысы аз азаматтардың тұрғынүй мәселесін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсарту – біздің алдымызда тұрған екінші басым бағыт, - деді Бибігүл Қонысбаева. Бұл санаттағы азаматтарға Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі арқылы жеңілдікті ипотека беру және жалға берілетін тұрғынүй құрылысы арқылы көмектесу қарастырылған. 2019 жылы көппәтерлі 20 үй және ауылдарда тағы 70 тұрғын үй салынады. Оның ішінде көппәтерлі 5 үй мен ауылдардағы 50 үй тиісті отбасыларға жалға берілетін болады.
Өңірде шілде айынан бастап білім саласында қызмет ететін жалақысы төмен 25 мың қызметкердің – балабақша тәрбиешілерінің, методистер мен психологтардың, кітапханашылардың жалақысы өседі.
Ал денсаулық сақтау саласында төменгі және орта буынды қызметкерлердің, маман дәрігерлердің – жалпы саны 14 мыңдай адамның да айлық еңбекақы мөлшері көтерілмек.
Батыс Қазақстан облысын кешенді дамыту, өңірдің инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар да ерекше маңызға ие. Облыс басшыларының айтуынша, биыл 292 шақырым автомобиль жолы жөнделіп, сумен қамту бағытындағы 18 жоба жүзеге асырылмақ. Қазталов пен Теректі ауданында газбен қамту бойынша 3 жоба жүреді. Өңірдің әл-ауқатын жақсарту үшін республика бюджетінен қосымша қаржы бөлу қарастырылған.
Актив жиналысында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев өңірде халық пен билік арасында ашық диалог орнағанын айтты.
- Биылғы ақпан айының 20-мен 1 наурыз аралығында республикалық «Бірыңғай әлеуметтік терезе» акциясы аясында партия филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесі жанынан әлеуметтік аз қамтылған көп балалы отбасыларды қолдау бағытында арнайы жұмысшы тобы құрылып, жүйелі жұмыс жүргіздік. Облыс бойынша осы акция аясында 170 адам қабылданды. Олардың 101-і – көп балалы, 25-і – толық емес отбасы. Қабылдауда қозғалған мәселелердің 70%-ы – тұрғын үй мәселесі, қалған басым көпшілігі әлеуметтік көмек бойынша болды. Материалдық көмекке мұқтаж 33 отбасына депутаттар мен еріктілер тарапынан көмек көрсетілді. Бұл бағыттағы жұмыстар тек акция шеңберінде ғана емес, алдағы уақытта да тұрақты жүргізіле бермек, - дейді Талғат Дарғожиев.
Сырым аудандық партия филиалы аудандағы «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе отырып «Өмірге жолдама» атты жобаны қолға алған екен. Бұл жобаның басты мақсаты – аз қамтылған отбасыларға түрлі қайырымдылық шаралары арқылы көмек қолын созып, мұндай отбасылардың балаларын оқу орындарына түсуге, жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беру.
Актив жиналысында білім беру саласы қызметкерлерінің атынан сөз алған Бәйтерек ауданынан келген мектеп директоры, бастауыш партия ұйымының жетекшісі Владимир Харькин «Елбасы қоғамның көңіл күйін жақсы сезініп отыр. Алдағы үш жылда бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге 980 миллиард теңге бөлу жөніндегі шешімін қуана құптаймын» деп атап өтті.
Теректі ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Жанна Әлдибаева 5 бала тәрбиелеп отыр екен. «Үлкен қызым 10 жаста болса, кенже ұлым 2 жаста. Өткен жылы мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақыны табыс ретінде есептеп, атаулы әлеуметтік көмек ала алмай қалдық. Елбасы тапсырмасына сай ендігі уақытта атаулы әлеуметтік көмек алуға мүмкіндік алып отырмыз. Осының арқасында біз мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие боламыз. Бұл көп балалы отбасылар үшін үлкен қуаныш болатыны айдан анық» дейді жаңа өзгерістің нақты қолдауын көргелі отырған ауыл тұрғыны.
Орал қаласының №5 емхана директоры Сәуле Бұлқашева партияның XVIII съезінде қабылданған шешімдер денсаулық сақтау саласындағы 1 млн қызметкердің жалақысын өсіруге ықпал ететінін қуанышпен жеткізді. Емханада электронды кезек жүйесі бар, пациенттермен кері байланыс үшін call-орталық іске қосылған, жақында медиация кабинеті ашылды. Осының бәрі жұмысты ұйымдастыру, еңбек өнімділігін арттыру, халыққа қолайлы жағдай туғызу үшін жасалып отыр.
Батыс Қазақстан облысында 14 пен 29 жас аралығында 136 016 жас бар екен. Жастар облыс халқының 21,0 пайызын құрайды. Орал қаласында – 63218, ауылдық елді мекендерде – 72798 жас тұрады.
- «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты құрамында 6 мыңға жуық мүше бар. Бізге аға ұрпақтың абыройлы ісін жалғау жолында асқан жауапкершілік жүктеліп отыр. Елбасының бастамасымен 2019 жыл «Жастар жылы» болып жариялануы жастарға деген қамқорлықтың ең биік шыңы деп білем, - дейді «Жас Отан» Жастар қанатының Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев.
Нұрғали Қаршығаұлының айтуынша, бір ғана «Жастар Отанға» жобасы аясында облыс аумағында 150-ден аса әр түрлі шара ұйымдастырылып, «Мирлан» базарында орналасқан «Кеңес беру» консалтинг орталығында 24 сала мамандары тұрақты түрде жастарға тиісті ақпарат ұсынған. Жұмыс жүргізілген 2 жылдың ішінде 4000-ға жуық жасқа тегін кеңес беріліпті. Республикалық «Жастар Отанға» байқауы аясында республика бойынша Батыс Қазақстан облыстық филиал үшінші орынға ие болып, үздіктер қатарынан табылған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ
Батыс Қазақстан