Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндады.
Жол – ел игілігі
Р.Дәленовтің айтуынша, көлік инфрақұрылымын дамыту аясында жалпы 4,6 мың шақырым жол құрылысы және жаңғырту жұмыстарымен қамтылды және 2018 жылдың қорытындысы бойынша 528 шақырым жол қозғалысы ашылды. 928 шақырым темір жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қостанай облысы мен Семей қаласының әуежайында ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары аяқталды.
2018 жылы 172,7 шақырым инженерлік желілер салынып, тозуы 60 пайыздан 57 пайызға дейін төмендеді. Бағдарламаны іске асыру 2018 жылы ІЖӨ өсіміне үлес қосып, 86 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Ал Р.Скляр «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында автожол жобаларын іске асыру жалғасқанын атап өтті. Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері автожол саласында 2,4 мың шақырым республикалық маңызы бар автожол салынды және қайта жаңғыртылды.
«Нұр Отан» партиясының съезінде Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес, жергілікті жолдар желілерін дамытуды қаржыландыру жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл 2025 жылдың соңына қарай 35 мың шақырым жолды жөндеп, жергілікті жолдардың 95 пайызын қанағаттанарлық деңгейде жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар азаматтық авиацияда көрсеткіштердің тұрақты өсімі байқалды. 2018 жылы транзиттік жолаушылар саны 45 пайызға артып, 900 мың адамды құрады. 2020 жылы транзиттік әуе жолаушыларының саны 1,6 млн адамға жетеді.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде 3259,7 шақырым жылумен, сумен қамту және су тарту желілері, 24 қазандық, 71 басқа да нысан салынды. 2019 жылы 175 шақырым инженерлік желіні қайта жөндеу мен салуға 37,9 млрд теңге қарастырылған.
Инфрақұрылымдық дамудың жаңа саясаты
Р.Склярдың айтуынша, әзірленіп жатқан бағдарлама аясында инфрақұрылымдық дамудың жаңа саясаты айқындалды. Осы бойынша облыстық және аудандық деңгейдегі инфрақұрылымдарға баса назар аударыла отырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, көлік түрлерін бірыңғай жүйеге біріктіру негізінде көлік инфрақұрылымын дамыту, интеллектуалдық технологияларға, цифрландыруға және жаһандық жүйелерге интеграциялауға негізделген шешімдерге басымдық берілмек.
«Солтүстік – Оңтүстік» электр тарату желілерін және «Қарағанды – Балқаш» жолын салу жобаларын іске асыру туралы Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов, «Ақтөбе – Ақтау» автожолы жобасы бойынша Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин баяндады.
Талқылаулар барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов бағдарламаны іске асыру аясында биыл мемлекеттік органдар мен ЖАО қаражаттарды жылдың соңына қалдырмай, уақтылы игеруі қажет екенін атап өтті.
Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек жалпы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру 2018 жылдың қорытындысы бойынша барлық бағытта жақсы нәтиже көрсеткенін айтты. Құрылыс пен реконструкциялау жұмыстары жоспарлы режімде жүргізілді, ақы төлеу жүйесі кезең-кезеңімен енгізілді. Сонымен қатар су тарту және сумен жабдықтау мәселелері бойынша қажетті іс-шаралар жүргізілуде. 2015 жылдан бастап желілердің тозуы 57 пайызға дейін төмендетілді.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау үшін мемлекеттік органдарға жұмыс қарқынын арттыру жөнінде тапсырмалар берді.
Биыл 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші кезеңі аяқталады. Осыған орай А.Мамин бағдарламаны іске асыру Қазақстанның транзиттік әлеуетінің, сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымының дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті. Бұл кезеңде 8 мың шақырым автожол, 3 мың шақырым жылумен және сумен жабдықтау желілері салынып, қайта жаңғыртылды, ұзындығы 1776 шақырымдық Солтүстік–Оңтүстік электр беру желілерінің үшінші желісі пайдалануға берілді.
Өткен жылдың өзінде 86 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын айта кеткен жөн. Биыл жоспарға сәйкес тағы 54 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр.
Сонымен қатар бағдарламаны іске асыру елдің көліктік әлеуетін дамытуға үлкен серпін берді. Былтыр транзиттен түскен кіріс 1,5 млрд АҚШ долларын құрады. Ал транзиттен қосымша табыс алу мақсатында осы жылдан бастап Астана – Щучинск жолынан бөлек, 471 шақырым ақылы жол пайдалануға берілді. Оның ішінде Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас жолдары бар. 2020 жылы ұзындығы 5,5 мың шақырымдық ақылы жол іске қосылады.
Премьер-Министр экономиканың дамуына үлкен үлес қосқан және ұзақ мерзімді оң әсерін тигізген жобалардың бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы болғанын атап өтті, оның аясында 47 жаңа өндіріс пен 73 қызмет көрсету нысаны құрылды. Жобаны іске асырудың орташа жылдық жиынтық тиімділігі 200 млрд теңгені құрайды.
«Бағдарлама аяқталатын биылға да үлкен жоспарлар бар. Республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым жол қайта жаңғыртылып, 5 мың шақырым жергілікті жол жөнделеді. Осыған орай, мемлекеттік органдар, құрылыс компаниялары белгіленген жоспарларды орындау үшін қарқынды жұмыс жүргізуі тиіс», деді А.Мамин.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Нұрлы жол» бағдарламасының 2020-2025 жылдарға арналған келесі кезеңін әзірлеуді тездету тапсырылды. Министрлік осы айда бағдарламаның тұжырымдамасын ұсынуы қажет.
Қарапайым заттарға – кең өріс
Үкімет отырысында «Қарапайым заттар» экономикасы аясында өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жүзеге асырылатын шаралар кешені қаралды.
Елбасы тапсырмасы бойынша несиелендіру бағдарламасы аясында өңдеу өнеркәсібін қолдауға 400 млрд теңге қарастырылған. «Қарапайым заттар» экономикасын дамыту аясында бизнес-жобаларды қолдау мен дамыту 2025 жылға қарай 16 мың тұрақты жұмыс орнын құруға, бюджетке 1,1 трлн теңге салық түсімдерін қамтамасыз етуге, өнімдер импортының үлесін 59 пайыздан 37 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, «қарапайым заттар» экономикасында құрылыс индустриясын, жеңіл және жиһаз өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Аталған міндеттерді шешу үшін көрсетілген салаларды дамыту бойынша Жол карталары әзірленген. Бұл шикізаттық базаны дамыту, кедендік әкімшілендіру және техникалық реттеу шараларын жетілдіру арқылы ішкі нарықты қорғау, тауарлар мен қызметтер сапасын арттыруға бағытталған ұлттық стандарттарды әзірлеу шараларын қарастырады.
Сонымен қатар отандық тауарлардың сауда желілерінде ұсынылуын арттыру, кәсіпорындарды біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз ету, жобаларды озық технологияларды қолданумен іске асыру үшін аталған салаларға инвестициялар тарту бойынша шаралар қабылданатын болады.
Жалпы, Жол карталарында 150-ден аса іс-шараны іске асыру қарастырылған, оның қорытындылары бойынша орташа мерзімде өндірілетін тауарлардың жергілікті қамту үлесі 50 пайыздан артады, шығарылатын өнім сапасы жоғарылайды және контрафактілік өнім көлемі азаяды.
«Ұсынылып отырған шараларды іске асыру жыл сайын құрылыс материалдарын, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі өнімдерін өндіруді 73 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді Р. Скляр.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, өз кезегінде, агроөнеркәсіп кешенінің негізгі міндеті – маңызды компоненті тамақ өнеркәсібі болатын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айтты. Агроөнеркәсіптік кешенді несиелеу үшін 200 млрд теңге бөлінді. Несие қаражаттары АӨК-те өңделетін 118-ге жуық өнім түріне беріледі. Соның ішінде 200 млрд теңгенің 100 млрд теңгесі ауыл шаруашылығының өңделген өнімдері саласындағы жобаларын несиелеуге, 100 млрд теңгесі тамақ және басқа да өңдеу өнеркәсібіне шикізат беретін ауыл шаруашылығы өндірісіне жұмсалатын болады.
Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова басым жобаларды несиелендіру бағдарламасының іске асырылуының оң динамикасы туралы хабарлады.
Өңірлердегі жағдай туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баяндады.
Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы «қарапайым заттар» экономикасын дамыту бойынша Жол карталарында көрсетілген шараларды іске асыруға арналған бірқатар тапсырма берді. Оны жүзеге асырған жағдайда 2025 жылға дейін импорт үлесінің 59 пайыздан 37 пайызға дейін азаюы қамтамасыз етіледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынының есебінен әртараптандыруды одан әрі дамытамыз», деген А.Мамин, жоғарыда аталған салаларда 2019-2025 жылдар аралығында 200-ге жуық жоба іске асырылатынын айтты. Соның нәтижесінде болжамды есептеулерге сәйкес, 2025 жылға қарай «қарапайым заттар» экономикасы тауарлары өнімдерін өндіру көлемі 4 трлн теңгеден 9 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Осы әзірленген шараларды жүзеге асыру арқылы 2025 жылға дейін Қазақстан бойынша 16 мыңнан астам өнімділігі жоғары тұрақты жұмыс орындары құрылады, деген Премьер-Министр тиісті мемлекеттік органдарға осы шараларды жүзеге асыруға бірден кірісуді тапсырды.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»