Бүгінде еліміз бойынша архив ісін дамытуда жағымды және ауқымды өзгерістер жүргізіліп жатыр. Архивтерде сақталатын ақпарат мемлекеттің қоғамдық-саяси, экономикалық-мәдени дамуында ерекше орын алатын ұлттық стратегиялық байлық ретінде қорғалуда, қоғамның архив қызметіне қызығушылығы артуда.
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлігінде «ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құралған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуге баса мән беру керек» деген болатын.
Патша өкіметінің отарлау саясаты кезінде Арал теңізіне қатысты көптеген құнды құжаттарымыздың Орынбор, Санкт-Петербург, Орск, Ташкент архивтерінде сақталғаны белгілі. 1936 жылы С.Назинде «Революцияға дейінгі Ресейдегі архив ісінің тарихы» атты еңбегінде өлкемізге қатысты құнды құжаттардың қандай тағылықпен, өшпенділікпен жойылғаны туралы былай деп баяндайды: «Особенно грустно была для нас гибель комендантского архива Орской крепости – более 200 (пудов) дел было продано на наших глазах, потому что не было никакого способа воздействовать на военное начальство. Между тем в этом архиве заключались дела о военной экспедиций, о выступлениях Аральской флотилии, которая играла большою роль, помогая с воды с Аральского моря и с Амударьи и Сырдарьи нашим войскам; здесь были дела сосланных разных националистей, между прочим о французских пленниках, дела о поэте Т.Г.Шевченко и многие другие и все это погибло на наших глазах», деп атап көрсеткен болатын.
Қазақстанның шынайы тарихын жазып шығып, ұлттық идеологиямызды қалыптастыру жөнінде Елбасының берген тапсырмасын орындауға тарихшылар мен архив мамандары жұмыла атсалысуы қажет деп ойлаймын. «Архив – халық қазынасы» десек, мұнда сақталатын тарихи деректерді пайдаланып, ұрпақ санасына сіңіру – баршамыздың ортақ парызымыз.
2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаннан кейін облыстық мұрағаттар мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен шетел архивтеріндегі Сыр өңіріне қатысты құнды құжаттар көшірмелерін алу жұмыстары барысында Арал теңізінде пристань, бекініс және қала салу туралы 1730-1740 жылдардағы хат алмасулар, Арал флотилиясына құрылыс материалдарын жіберу туралы, 1856 жылғы, Арал-Каспий нивилировкасын жүргізу туралы 1874-1880 жылдардағы хат алмасулар және т. б. құжаттар облыстық архивке қабылданды. Сондай-ақ 1990 жылы Санкт-Петербургтегі Ресей мемлекеттік әскери теңіз флоты архивінен Арал әскери теңіз флотилиясының 1919-1920 жылдардағы қызметі туралы құжаттарынан деректер айқындалып, бірнеше құжат көшірмесі алынды. Әлі де болса, Арал флотилиясының материалдарын толығырақ алдырып пайдалануды қажет етеді. Қазіргі күні Арал өңіріне қатысты Қазалы уезінің құжаттарын Ташкент, Орынбор, Мәскеу архивтерінен іздестіруге болады. Орынбор архивіндегі Сырдария экспедициясын ұйымдастыру туралы құжаттары, генерал-майор Г.Ф.Генстің Арал бекінісін салу туралы жазбалары, С.Н.Севастьяновтың ХІХ ғасырдағы Құланды түбегіне сапары туралы, Орынбор темір жолының салынуы туралы, Мәскеудің мемлекеттік архивінен Арал теңізі жағасынан қала тұрғызу сияқты құжаттардың көшірмелерін алуға болады. Сондықтан «Архив-2025» бағдарламасы аясында төл тарихына қатысты отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуге облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жанынан (архивист, археограф) арнайы топ құрып іссапарларға жіберу жолдарын қарап, әкелінген құжаттар көшірмелері тарихшыларға, деректанушылар мен өлкетанушыларға таныстырылып, өлке тарихының ашылмаған қырларын ашуға септігін тигізері сөзсіз.
Қазіргі таңда Арал аудандық архивінде сақталатын құжаттар көлемі 54230 мың құжат сақтау бірлігін құрайды десек, жыл сайын 1,5-2 мыңға жуық құжат сақтауға қабылдануда. «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бойынша жылына орта есеппен архив құжаттарының 141700 парақ сандық форматқа өткізу жоспарланса, бүгінге дейін 562333 парақ сандық форматқа өткізіліп отыр.
Ауданымызда «Электронды архив» бағдарламасын жүзеге асыруда біршама істер атқарылуда. Архившілердің негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстан Республикасының, алыс және жақын шетелдердің жеке және заңды тұлғаларының өтініштері мен сұранымдарын уақтылы және сапалы орындау. Осы мақсатта «Архивтік анықтама беру» электронды мемлекеттік қызмет түрін халыққа ұсынуда аталған бағдарламаның маңызы зор болып отыр. Қазіргі таңда «Жеке және заңды тұлғалардан» жылына келетін 1500-2000 өтінішті «Электронды архив» бағдарламасын «E-gov.kz» үкімет парталы арқылы жылдам әрі сапалы беру орындалып отыр.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасын даярлау тапсырмасы архив саласының сұранымына, тарихымызды, мәдениетімізді сақтап қалуға және кейінгі ұрпаққа жеткізуімізге тың серпін берері сөзсіз.
Болатбек ҚУАТОВ,
Арал аудандық архивінің басшысы
Қызылорда облысы