Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінде Батыс Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Жиналғандар сотқа дейінгі тергеудің сапасы мен тиімділігін арттыруды ақылдасты.
Іс-шараға Батыс Қазақстан облыстық сотының, прокуратура, полиция Департаменті, БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюро Департаменті, мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі өкілдері қатысты.
Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы, шара модераторы Бек Әметов басқосуды ашып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге тоқталып өтті. Басқосуда бірнеше баяндама оқылды. Мәселен, Орал қаласының мамандандырылған тергеу сотының төрағасы Н.Ғұбашев «Үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын күзетпен ұстау, бұлтартпау шарасына ауыстыру туралы өтініш хаттардың сапасын арттыру.
ҚПК-тің 106 бабы бойынша шағымдарды қарау тәжірибесі» тақырыбында сөз сөйледі. Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары А.Цуранков сотқа дейінгі тергеудің проблемалық мәселелері туралы айтты. БҚО полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Ш.Абдраманов тергеу және анықтау құрылымдық бөлімдерінде қылмыстық істерді тергеудің сапасы төмен болуының негізгі себептеріне тоқталды.
Сондай-ақ Орал қалалық сотының судьясы Р.Жұмағұловтың «Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жиі орын алатын қылмыстық процестік заңбұзушылықтар» тақырыбындағы баяндамасы да осы саладағы бірқатар мәселелерді қозғап өтті. Дөңгелек үстел барысында қатысушылар күн тәртібіндегі проблемалық мәселелер бойынша пікір алмасты.
- Тергеу және анықтау ісінің негізгі мақсаты – қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдіктінің, айыпталушының құқығын қатаң сақтай отырып, жәбірленушілердің бұзылған құқығын қалпына келтіру. Бұл үшін қылмыстық іс жүргізу заңнамасын қатаң сақтау керек. Сонымен бірге, жасаған қылмысқа тиісті жазадан бұлтартпау қағидатын қамтамасыз ету қажет, - дейді дөңгелек үстел мәжілісін қортытындылаған Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Б.Әметов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан