Парламент Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов Премьер-Министр А.Маминге депутаттық сауал жолдады.
«Ауылда тұратын ағайындар, «Қазақстан фермерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі талай жылдан бері мал ұрылары жөніндегі мәселені қайта-қайта көтерумен келеді. Алайда, олардың сонша жылдан бері дабыл қаққанына қарамастан, Ішкі істер министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың қылмыскерлердің, соның ішінде ұйымдасқан қылмысты топтар құрамында әрекет ететіндердің мал ұрлауын анықтауында, ұстауында ілгерілеу байқалмайды» деді С.Абдрахманов.
Оның айтуынша, полиция қызметінің осы қылмыс түрімен күресінде жүйелілік, талапшылдық, жеделдік және жұртшылықпен байланыс жетіспейді. Мал ұрлығының әбден асқынғаны соншалық, Бас прокуратураның мәліметтері бойынша, соңғы екі жылдың ішінде елімізде бұл қылмыс түрінің 12 мың оқиғасы тіркелген. Басқаша айтқанда, Қазақстанда бүгінде күн сайын мал ұрлаудың 16 оқиғасы болады.
«Ұрылар малды үйірлеп әкетуге ауысқан. Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Каменск-Уральск кентінен бір күнде 23 бие ұрланған. Дәл сол шаруашылықтан өткен жылы 90 жылқы әкетілген екен. Ұрылар әлі табылмаған. 2017 жылғы мамыр айында Ақмола облысы Зеренді ауданындағы Қойсалған ауылында 40 жылқы ұрланған, Атбасар ауданындағы Сергеев ауылдық округінде 14 сиыр ұрланған. Мұндай мысалдарды барлық облыстан келтіре беруге болады» деді Парламент Мәжілісінің депутаты.
С.Абдрахманов аталған мәселеге байланысты Премьер-Министрден мемлекеттік құрылымдарға тапсырмалар беруін сұрады.
«Мал ұрлығымен күресті күшейту жөнінде мақсатты жұмыс жүргізу, бұл іске барлық деңгейдегі әкімдіктердің күшін, Ішкі істер министрлігінің аудандық, облыстық және республикалық құрылымдарының барша әлеуетін, техникалық мүмкіндіктерін жұмылдыру қажет. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық инспекциясымен бірлесе отырып, базарларға, қоғамдық тамақтандыру орындарына, соның ішінде әскери бөлімшелер мен медицина мекемелеріне түсетін еттің қайдан, қалай келетінін анықтаудың дәлме-дәл тәртібін айқындауы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық қызметі облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, малды таңбалау мен есепке алу, далада еркін жайылатын малға чип салу жөніндегі жұмыстың тиімділігін қамтамасыз етуі керек» деді ол.