Қызылжар өңірінде астық саласын әртараптандыру туралы Елбасының тапсырмасы ойдағыдай орындалып келеді.
Оның маңызын аграршылар да түсіне бастаған секілді. Бұрындары бірыңғай бидай өсіріліп келсе, бүгінде майлы дақылдар көлемі бір миллион гектар алқапты құрап отыр.
Енді ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмыстарын одан әрі дәйекті түрде жалғастыру үшін биылдан бастап әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие соя егіледі. Облыстық әкімдіктің отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы талқыланғанда аймақ басшысы Құмар Ақсақалов осылай мәлімдеді.
«Биыл 10 мың гектар аумаққа соя егіледі. Келесі жылы оның көлемін 150 мың гектарға жеткізетін боламыз. Бидайдың аумағын азайтып, жоғары табысты әрі экспортқа бағытталған дақылдарды көбірек өсіреміз. Соя үлкен сұранысқа ие, қазір нарықта 1 тоннасы 150 мың теңге тұрады», деді Қ. Ақсақалов.
Әкімдік отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың өзге де мәселелері пысықталды. Жоспар бойынша 2,7 миллион гектар егістікке 150 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңіріледі.
Құмар Іргебайұлы агроөнеркәсіп жетістіктеріне заманауи технологияларды жүзеге асырудың арқасында жеткенімізді айта келіп, агротехникалық талаптарды қатаң сақтауды ескертті. Көктемгі егіс науқанына 13,6 мың техника жұмылдырылмақ. 30 миллиард теңгенің 1,6 мың жаңа техникасы сатып алынады. 200-ге жуығы әкелінген.
Биыл 4,9 миллион гектар алқаптың 4,1 миллион гектарына ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы