Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-мен (ҚТЖ) Вьетнам – Қытай – Қазақстан – Еуропа бағыты бойынша алғашқы темір жол транзиттік-көліктік дәлізінің жұмысын іске қосқан көліктік-логистикалық жобаны жүзеге асырды.
2018 жылды қорытындылай келе, алғаш рет Вьетнам астанасы Ханойдан (Йенвьен стансасы) вьетнамдық шекара маңындағы Донгданг темір жол терминалы арқылы, Еуропаға бірлескен контейнерлік құрамдар құрылатын ҚХР аумағы бойынша, одан әрі Қазақстан арқылы транзитпен Дуйсбургке (ГФР) көлемі 9,1 мың немесе 1686 ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) жүк тасымалы жүзеге асырылды.
Осылайша, Ханойдан неміс Дуйсбургіне «LG» мен «Samsung» компанияларының жүктерін тасымалдау мерзімі 22 күнді құрады, оның 2 күні тауарды Вьетнамнан ҚХР-ға тасымалдауға қажет болды. Бұдан әрі аталған жүктің Дуйсбургке дейінгі жеткізілімі 20 күн алды. Кейін Вьетнамнан Еуропаға дейінгі жүк тасымалдауының жалпы уақытын 19 сағатқа дейін қысқарту жоспарланып отыр. Вьетнам тарапы жүк көлемі биылдың өзінде айтарлықтай артады.
Аталған темір жол бағытының іске қосылуы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның көліктік инфрақұрылымын халықаралық көліктік жүйеге интеграциялау және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Бір белдеу – бір жол» қытайлық бастамамен ұштасатын еліміздің көліктік әлеуетін жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық тапсырмасын жүзеге асырудың нақты нәтижесіне айналды.
Қазақстан мен Вьетнам арасындағы Қытай аумағы арқылы транзитпен көліктік-логистикалық қатынасын құру және іске қосу жұмысына Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі мен ҚТЖ 2016 жылы бастамашылық етті. Бұл тапсырманы 2016-2017 жылдары жүзеге асыру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерінің Вьетнамға сапары ұйымдастырылды, солардың барысында Вьетнамның Көлік министрлігінің және «Вьетнам темір жолы» компаниясының жетекшілерімен кездесулер ұйымдастырылды, сондай-ақ 100-ден астам ірі әлемдік және вьетнамдық көліктік-логистикалық компаниялардың қатысуымен екі бизнес-форум өткізілді.
Бұдан бөлек, ҚТЖ мамандары Қытаймен шектесетін Донгданг және Лаокай темір жол өткелдерінде болып, олардың аталған темір жол бағытын құрудағы мән-маңызы мен әлеуетін айқындады.
2017 жылдың ақпанында Ханойда «ҚТЖ» мен «Вьетнам темір жолы» арасында Ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, ол екі ел арасындағы көліктік-логистикалық бағыттағы өзара әрекеттестіктің жандана түсуіне ықпал етті.
Қазақстандық дипломаттардың қолдауы және ҚТЖ өкілдерінің белсенді қатысуымен 2017 жылдың наурызы мен шілдесінде Алматы мен Ханойда Қазақстан, Вьетнам және Қытайдың темір жол әкімшіліктерінің алғашқы үшжақты келіссөздері жүргізілді. Нәтижесінде тараптар тасымал көлемдері, бағыттар және логистикалық операторлар жөнінде келісті. Аталған форматтағы келіссөздердің келесі раундына Ресей мен Моңғолияның серіктестері қосылды.
Белгілі болғандай, Вьетнам Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен Еркін сауда туралы келісімге қол қойған тұңғыш ел болды. Қазақстан – ҚХР – Вьетнам транзиттік бағыты біздің еліміз бен өзге де ЕАЭО елдеріне Вьетнам нарығына ауылшаруашылық тауарларын, оның ішінде, ет-сүт өнімдері мен өзге де тез тасымалдауды қажет ететін тауарлардың жеткізілімін жасауға мүмкіндік береді. Иранға бидай жеткізілімі бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен жобалар үлгі бола алады. Өз кезегінде, Вьетнам аталған дәліздің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, теңіз өнімдері мен тропикалық жемістерді Қазақстанға экспорттау мүмкіндіктерін алады.
2018 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымы 467,2 млн АҚШ долларын құрады. Вьетнам – ҚХР – Қазақстан – Еуропа темір жол дәлізінің іске қосылуымен екі ел арасындағы тауар айналымы айтарлықтай артады деп күтілуде.