Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың қазан айындағы Қазақстан халқына Жолдауында әрбір азаматтың қауіпсіздігі, сондай-ақ мемлекеттегі ішкі тыныштықты қамтамасыз ететін құқық қорғау органдарын түбегейлі қайта құрылымдау керектігіне ерекше маңыз берді.
Бұл Жолдау іс жүзінде «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген міндеттердің, атап айтқанда, құқық қорғау органдарына халықтың сенімін қалыптастыру туралы тапсырмалардың заңды жалғасы іспеттес болды.
Қазіргі уақытта Үкімет тарапынан ішкі істер органдарын жаңғырту, оның ішінде, ІІМ қызметкерлерінің санын ықшамдау, бейінді емес салаларды алып тастау, даярлық тәртібін өзгерту мен іріктеу, тұрғындармен арадағы байланысты жетілдіру бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде.
Сонымен қатар қазір Парламенттің қарауында мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасы жатыр, онда оқытуда тәжірибелік бағдарланған тәсіл көзделеді.
Мәселен, Мәжіліс депутаттары ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін ескере отырып, заң жобасына құқық қорғау органдарына қызметке алғаш кіретін адамдар үшін міндетті шарт болатын бастапқы кәсіби даярлықтан өту қажеттілігін көздейтін түзетулер енгізді.
Ол бойынша кәсіби даярлауды құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдары жүзеге асыратын болады. Кәсіби даярлау бағдарламасы әр органның ерекшелігі бойынша бөлумен тәжірибелік-бағдарланған оқытуды және құқық қорғау органында тағылымдаманы қамтиды. Кәсіби даярлауды табысты аяқтау құқық қорғау қызметіне кіру үшін кепіл болмақ. Кадрлармен үздіксіз жасақтауды қамтамасыз ету үшін іріктеу жылына екі рет жүргізіледі.
Бұл тәсіл қызметке үміткерлерді кәсіби даярлауды жүргізуге және құқық қорғау органдарын дайын мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту басым бағыттардың бірі бола отырып, мемлекетті басқаруда жаңа тәсілдерді әзірлеуді, мемлекеттік қызмет кадрларын барабар даярлауды және пайдалануды талап етеді. Демек, осыны ескере отырып, үздік әлемдік тәжірибені, оқытудың тиімділігін және түлектердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін инновациялық тәсілдерді пайдалану арқылы жүзеге асыруды, білім беру процесін жаңғырту керек.
Сондай-ақ бұл мәселелер бойынша тиісті құжаттар қабылданып жатқандықтан, Елбасының тапсырмаларының жақын уақытта толық орындалары еш күмән тудырмайды.
Асылбек СМАҒҰЛОВ,
Мәжіліс депутаты,
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі