• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Наурыз, 2019

Жазиралы Жаркент өңірінде өндіріс дамып, өнім молайып келеді

1811 рет
көрсетілді

Жетісу өлкесі туралы сөз қозғалғанда «Жазиралы Жаркент жері» деген теңеу жиі айтылады. Еліміздің шығыс қақпасында қоныс тепкен ауданда ауыл шаруашылығы дамып, өндіріс те өз арнасын тапқан. Егін егіп, мал өсіру – мұндағы елдің ежелгі кәсібі. Қазір ет пен сүт өндіруден бөлек, жүгері өңдейтін, балық тұздап, уылдырық дайындау да жолға қойылыпты. Соның бір дәлелі ретінде Панфилов ауданындағы агроөнеркәсіп кешеннің дамуы туралы аз-кем сөз етсек.

Еккені – жүгері, өнімі үдеді

Жаркент өңірінің даңқы кезінде жүгері өсірумен шыққан еді. Қазір де аудан диқандары дәс­түрлі дақылды көптеп өсіреді. Былтыр 43,6 мың гектарға дән се­білсе, оның 25 885 гектары осы жү­гері өсімдігі. Күтімі келіссе, жүгерінің өнімі жоғары болады. Аг­раршылар өткен күзде жүгері егілген әр гектардан орташа есеппен 63,7 центнерден өнім жи­наған.

Ауыл шаруашылығында жаңа тех­нологияларды қолдану өнімді еселеуге мүмкіндік береді. Осы мақ­сатта ауданда 1396 га жерде тамшылатып суару әдісі пайдаланылуда. Мысалға, «Көктал Агро» жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігі 286 гектар жүгері егіс­тігін тамшылатып суарып әр гек­­тардан 200 центнерден өнім ал­ды. 

– Суармалы жер көлемін ұл­­­ғайту – азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етудің тиімді бір құ­ралы. Өткен жылы біздің ауданда жалпы құны 40,8 млрд тең­ге болатын ауылшаруашылық өнімі өндірілді. Яғни, аграрлық са­ланың табысы бұрнағы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай артып, нақты өсім көрсеткіші 103 пайызға жетті. Тоқетерін айт­­қанда, ауыл шаруашылығы саласына әкімдік тарапынан қа­жет­ті қолдау жасала береді, – дей­ді Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасов.

Баққаны – бекіре, тапқаны – береке...

Осы Панфилов ауданындағы Өсек өзені бастауын Алатау бөк­­­терінен алады. Арыны қатты су­ толқынынан қуатты энергия­ айы­руға болады екен. Қазір қытайлық инвесторлар Өсектің бойынан 4 бірдей су электр стансасын салуға ынталы болып отыр. Әр стансадан өндірілетін қуат мөлшері 6 мВттан кем болмайды екен. Жалпы 24 мВт электр энергиясы еркімен ағып жатқан судан алынса тамаша емес пе?! Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес. Өсек өзенінің бойында балық ша­руашылығы да өркен жайып келеді. Әдетте тау суының арыны қатты болады. Бірақ табиғи таза да мөлдір өзен бойында балық ша­руашылығын дамытуға оның еш кедергісі жоқ. Аудандағы «Kaz-Aqua» серіктестігінің мамандары бұл мәселенің шешімін тауыпты. Шаруашылық өзен суына артезиан құдықтың суын қосып, балықтың қалыпты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап қойған. Қазір мұнда бекіре тұқымдас балықтың бірнеше түрі қолдан көбейтіліп жатыр. 

«Kaz-Aqua» балық шаруашы­­лы­ғының қарамағында 2 балық өсіру базасы бар екен. Бұл жерде 15 адам бекірені балаша бағып-қа­ғып, тұқымын көбейтумен айналысады. Тау суы мен жерасты суының құрамы, әсіресе форель ба­лығының уылдырық шашуына қолайлы. Қазір табиғи жолмен көбейген балықтың саны өсті. Нәтижесінде аумақтағы ба­­лық пен балық өнімдеріне сұ­ра­ныс өтеліп, табыс артып ке­леді. Ша­руашылық балықтың қо­регіне қажетті қоспаны шетелден алдырады екен.

– Жылына 100 тонна ба­лық өнімдерін дайындауды жос­пар­лаған «Kaz-Aqua» алдағы уа­қытта өнімді қайта өңдейтін цех сал­мақшы. Сондай-ақ болашақта ар­найы туристік аймақ ашылып, кел­ген қонақтарға балық аулайтын мүмкіндік қарастырылады. Ен­ді жазиралы Жаркент өңірінде Кас­пийге бармай-ақ бекіре аулау­ға мүмкіндік бар, – деді бізді шаруашылықтың жай-күйімен та­ныстырған Панфилов ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұр­бол Қанағат.

Айтпақшы, Панфилов ауданында белгілі мемлекет және қо­­ғам қайраткері Темірхан Дос­­мұхамбетов басқаратын «Бай­­серке Агро» холдингі егін егіп,­ мал­ өсіріп отыр. Холдинг диқан­дары жүгері өсіруде оза шауып келеді. Мәселен, соңғы бірнеше жыл бойы «Байсерке Агроның» егін­жайында өсірілген жүгерінің биіктігі бес метрге жетіп, әр гектардан 1500 центнерден өнім жи­­налыпты. Жүгері алқабының кө­лемін арттырудан бөлек, холдинг жылыжай шаруашылығын дамытуға баса көңіл бөлуде. Озық үлгіде салынған, 4,5 гектар аумақты алып жатқан жылы­жайда көкөніс түрлері жыл он екі ай бойы өседі. Өткен жылы 800 тонна томат өнімдерін нарыққа шығарған. Сүт өндірісін де Жар­кент жерінде «Байсерке Агро» дамытып отыр. Голланд тұ­қымдас қара сиыр өсіретін хол­дингтің шаруашылығындағы сауыншылар «сүттен бұлақ ағызған» деген те­ңеуге лайық. Сүтті молынан беретін сиырдан күніне 72 литр ағар­ған сауылып, рекордтық көр­сеткішке қол жеткен. 

Тағы да, Жаркент дегенде осы аудандағы крахмал-сірне зауы­ты туралы айтпай кетуге бол­мас. 2005 жылдан бері үздік­сіз жұмыс істеп тұрған зауыт қа­зір еліміздегі ғана емес, Орталық Азия­­дағы бірегей өндіріс орнына айналған. Күн сайын 300 тонна жүгері өңдейтін кәсіпорын Пан­­­­филов ауданының шаруаларынан бөлек, көрші аудан­дардан да жүгері қабылдайды. 340 жұ­мысшы жоғары жалақы алып ең­бек етуде. Мұнда 18 түрлі крах­мал, глюкоза, мальтоза шырыны мен глютен және жүгері майы дайын­далады. 

Түйіндей айтқанда, жазиралы Жаркент жеріндегі ауыл ша­­руашылығының өркендеуінің бір мы­салы осындай.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы