Кеше талдықорғандық студент Арман Бақытбайұлының өрт шалған пәтерден 2 баланы құтқарғаны жайында жазған болатынбыз. Бүгін батыл жүректі жігітті Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев арнайы қабылдап, алғыс айтты.
Арман Бақытбайұлы осы университеттің дене шынықтыру және өнер факултетінің 1-курсында ақылы түрде оқиды екен. Анасынан ерте айырылған ол қазір зейнеткер әкесіне қолғанат әрі қарындасын мәпелеп өсіріп отыр. Еңбекке ерте араласқан Арман отбасын асырау мен оқу ақысын төлеу үшін тынбай еңбек етіп жүріпті. Осы жағдайдан қанық болған оқу орынының басшысы студенттің алдағы 4 жыл бойына төлейтін ақысын өз еңбекақысынан төлеп тұруға шешім қабылдағынын айтты.
- Біз қазір адамның қиын кезде бір-біріне көмекке келуіне, өз басын қатерге тігіп төтенше жағдайда қол ұшын созатынына таңырқай қарайтын жағдайға жеттік. Бірақ, өмірде ізгі жүректі жандар көп. Мені жастар арасында батыл, отаншыл қыз-жігіттердің қатары көбейгені қуантады. Бұл білім, тәрбие беріп отырған біздің еңбегіміздің ақталғаны. Кеше студентіміздің ерлік жасап, 2 бүлдіршінді өрттен құтқарып қалғанын естіп, жүрегіміз елжіреді. Университет ұжымы, жастар Арман үшін сүйсіндік. Бүгін студентімізге алғыс айтып, құрмет көрсеттік. Мұның астарында ешқандай ұпай жинау жоқ, таза әкелік көңілмен ризашылық білдірдім. Өзі ақылы бөлімде оқиды. Отбасындағы бас көтерер азамат екен. Арман оқуын алаңсыз жалғастырсын деп, ақысын төлеуді өз мойныма алдым, - деді Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Баймырзаев.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы