Жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тағы 100 қоғамдық көлік әкелінбек.
«Аnkai» компаниясы өндірген 30 жаңа автобус «ТШО» ЖШС демеушілік қолдауымен алынды. Жаңа автобуста 24 отыруға және 75 тұруға арналған орын бар. Одан бөлек кондиционер және бейне камералармен жабдықталған. Әр автобустың ұзындығы – 10,5 м.
Атырау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қоғамдық көлік «Ақжайық - Автотұрақ» автобус паркін толықтырады.
- Қоғамдық көлік саласында бәсекелестік орта құру үшін қазіргі уақытта екінші тұрақ құрылып жатыр. Ол бірінші талаптармен бірдей ашық болады: 45%-ы "Атырау" ӘКК-на, 55%-ы -жеке инвесторға тиесілі, - дейді «Смарт-Атырау» ЖШС директоры Әділбек Танкиев.
Өткен жылы құрылған «Атырау-Автотұрақ» 26 қалалық бағыттың 8-ін қамтиды. Жаңа автотұрақ та осындай бағытты қамтамасыз етеді. Өз кезегінде, жоба бастамашылары басқа тұрақты құру ұсынылатын қызметтердің сапасын жақсартатынына сенімді.
Айта кетейік, 30 автобус мүгедектер үшін пандустармен жабдықталған. Жыл соңына дейін тағы 100 жаңа «Ankai» автобустарын сатып алу жоспарланып отыр.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
Атырау