• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Наурыз, 2019

«Жібектің» бесік жыры

1639 рет
көрсетілді

«Нұр Астана» мешітінің жанындағы «Жібек» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен «Бесік жыры – қазынам» атты тағылымды шара өтті.

 

«Жібек» қыз-келін­шектер клубының «Alan­da» қонақүйіне үлкен-кі­шіні жинағандағы басты мақсаты– ғасырлар қой­науынан халқымызбен бірге жасасып, талай берен киіп, қол бастаған ба­тырды, алқалы топты жарып, тайсалмастан сөз бастаған сұңғыла шешенді бесігіне тая­нып, әлдиімен тербеген ана мейірімімен төгілер бесік жырын айту дәстүрін дәріптеу әрі әйел жамағатының арасында оны насихаттау екен. Ра­сын айтқанда, бүгінде баланы бесікке бөлейтін, бал­дырғанның уіліне туған тілдің мәйегін қо­сып, әуезді әлдиімен тербеп, тәр­биесін ұлттық дәстүрмен байытар аналар азайып барады. Жас келіндер түгілі, әжелердің біразы немересіне бесік жырын айтып, ертегімен еліктіріп ұйықтатуға мән де бермейтіндей.

Шараны ұйымдас­ты­рушы «Нұр Астана» мешітінің ұстазы Динара Нұр­ғалиеваның айтуын­ша, «Жібек» қыз-келін­шек­тер клубы 2016 жылы ашылып, оның негізгі мақ­сатының бірі дін мен дә­стүрді ұштастыру болыпты. Етегін жапқан әдемі ұзын көйлектер, қыз­дар­дың тақия, сәуке­лелері, аналардың кимешек, шы­лауыштарының бәрі ибалылыққа, әдемілікке көз суартып, кө­ңілді сүйіндіруге жетелейді. Ал клубтың «Жібек» аталуының да өзіндік мәні бар екен. Қазақ «жібектей есілген», «жібектей биязы» деп көркем мінезді адамды айтса, жібек матаның өзі асыл, қымбат та бағалы ғой, клубты «Жібек» дегенде осыны ескердік дейді. Яғни, қазақ қызы мен әйелі осы екі көркемдікке қатар ие болса екен деген ойдан клубтың атауы шығыпты.

– Мен туған жылы Сыр бойын­да, Қармақшыда, екі бөлмелі қоржын үйде екі отбасы қатар тұрып жатыпты, Сәуір туып, көктем келді, жер аяғы кеңіді деп көсіле бергенде алай да дүлей боран соғыпты. Дәл сол күні әкем малға кеткенде мен іңгәлап дүниеге келіппін. – Ойбүй, құдайдың басқа күні табылмағандай мынадай түтеген боранда ту­ған бұл қыздың аты Боранкүл болсын депті, мені тудырып алған көрші әже, содан Боранкүл есімін иеленіп, алдарыңызға шы­ғып тұрмын,– деп өзін та­ныс­тырып, әлдиін айт­қан Боранкүл Келісова көп­шіліктің қошеметіне бөленген. Ал сайысқа түгелдей өз қолынан шық­қан ұлттық киімдерді киіп, көпті қызықтырған Бақыт Демее­ваның бесік жыры ұрпағын нағыз  мұсыл­ман­дық жолдан айнымауға бастайтын әженің әлдиі болды. Пайғамбарлардың келісті өмірін бесік жырына арқау еткен әженің әлдиіне тербелген немеренің тәтті ұй­қыға батары анық. 

Бесік жырын айтудан ақ жаулықты әжелермен қатар жас аналар да сайысқа түсті. Өздерін таныстыру мен бесік жырын айтуға құ­рыл­ған екі бөлімнен тұра­тын және киім үлгісі еске­рілетін өнегелі жарысқа қатысушылардың өнерін қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, ҚМДБ Əйел-қыздар секторының меңгерушісі Ақбөпе Қанат­қызы, «Қазақстан» ұлт­тық арнасының продюсері Танакөз Толқынқызы және «Жі­бек» қыз-келіншектер клу­бының жетекшісі Ди­нара Нұрғалиева бағалап, төрелігін айтты. Қазы­лар алқасы орындалған бесік жыр­ларының әуезділігі мен мәтінінің мағынасына да мән берді. Нәти­жесінде, бас жүлдені боранды күні туған Боранкүл Келісова апа иеленсе, өзге жүлделі орындар да иесіз қалған жоқ. Балғын Досым­бекова, Ақмарал Иман­алиева, Ба­қыт Демеева бірінші, екінші, үшінші орындарды ен­шіледі. «Көрермен көз­айымы» аталымына Жа­нат Ермаханова лайық деп танылып, жеңімпаздардың барлығына диплом мен арнайы сыйлықтар табыс­талды.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»