Былтыр жыл соңында Алтай деген ғажап атауға ие болған шағын шаһарда жаңа атқа сай жаңа жобалар, тың істер қолға алына бастапты. Жақында Алтай қаласына жолымыз түскенде шаһар іргесінде жылқы шаруашылығымен шұғылданып жатқан іскер жігіттің жұмысымен таныстық.
Катонқарағайдың тумасы Марат Кітапбаев мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы арқылы 4 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, бұл қаражатқа 11 бие сатып алыпты. Мараттың сөзінен түйгеніміз, Алтай қаласында бар болғаны екі адам ғана бие сауады екен. Оның өзінде біреуі қаланың шетінде. «Қаланың ішіндегі сауын менде ғана. Әзірге биелерді тек жаз кезінде ғана байлап отырмыз. Биылғы жаздан бастап қысы-жазы бие саумақ ойымыз бар. Жаңа атауға ие болған Алтай қаласында «Төр Алтай» деген атпен қымызхана ашуды да жоспарлап отырмыз. Қаланың іші қолайлы ғой. Қалаған адам кез келген уақытта келіп, қымызын сатып алады. Қазір міне ақырындап сауын биелердің басын көбейтудеміз. Құлындарын бордақыға қойып жатырмыз. Біздегі бір қиындық – жылқылар қысы-жазы шөпте тұрады. Шөпті мол қып дайындап, жемін алдын ала сатып аламыз», - дейді кәсіпкер жігіт.
Әрине, түсінген адамға белуардан қары, алты ай қақаған қысы бар Алтайда жылқы өсіру оңай шаруа емес. Қораның есігін ашып, жазыққа, тебінге еркін қоя беретін Саржалдың жері емес. Алтайдың жылқы малына бір қиындығы – осы. Марат та осы қиындықты сезініп отырғанын байқадық. Несиеге алған биелерін өзіне тиесілі бақша аумағында бағып отырған жігіт иегімен шарбақтың ар жағындағы беткейді нұсқады. «Тектен текке, қараусыз тұрған, жиі өрт шалатын осы беткейді әкімдіктен сұрап жүргелі біраз болды. Менің қолымдағы мыңғырған жылқы емес қой. Осы беткейді ұзақ мерзімге жалға берсе, жылқыларымды емін-еркін жайып, қымыз шаруашылығымен алаңсыз шұғылдануға болар еді», - деген арманын айтқан Марат осы беткейдің ар жағында кезінде шаңғы базасы болғанын, егер әкімдік жер берген жағдайда атпен серуендейтін соқпақтар, қыста балалар сырғанақ тебетін алаңқай мен шағын дүңгіршек ашқысы келетінін жеткізді.
Азамат ҚАСЫМ,
Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы,
Алтай қаласы