Кең-байтақ жері бар Қазақстанда ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту мәселесі өте өзекті. Жайлауды малға, төскейді төлге толтыратын кешенді шаралардың бір тармағы – ветеринария ісінің соңғы жылдары тоқырай бастағаны байқалады.
Ал негізінде Қазақстандағы ветеринария ісі – бұрыннан қалыптасқан, дәстүрі мен жолы бар сала болатын. Орал қаласында еліміз бойынша тұңғыш ветеринариялық зертхана 1897 жылы ашылған екен. Бұл 1935 жылдан бастап Батыс Қазақстан ғылыми-зерттеу стансасына айналды. Ветеринария ғылымдарының докторы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, жарты ғасыр ғұмырын ветеринария саласына арнаған ғалым Мәлік Шәлменов осы стансада 30 жылдай еңбек еткен. 2006 жылдан бері Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-де маман тәрбиелеп келеді.
Ол «Egemen Qazaqstan» газеті еліміздегі ветеринария саласының жай-күйіне үнемі көңіл бөліп, мәселе көтеріп жүретінін соңғы 2-3 жыл көлемінде, «Ауылыңызда мал дәрігері бар ма?», «Ветеринарияда бетбұрыс болар ма екен?», «Қоскөл тұрғындары көмек күтеді», «Ветеринария бүкіл адамзатты емдейді» деген тақырыптармен мал дәрігерінің мәртебесіне, саладағы түйткілдерге қатысты өзекті мақалалар жарық көргенін жақсы біледі. «Айтылған әңгіме аз емес. Бірақ бұл мәселені үнемі назарда ұстап, түйінді түйткілдердің шешімін талап етіп отырмасақ болмайды», дейді профессор.
– Бұрын облыстық ветеринария бөлімшелері мен зертханаларының бруцеллезге, туберкулезге қарсы күрес экспедициясының мамандарымен семинар-кеңес, практикалық тәжірибе сабағын жүйелі өткізетінбіз. Сол уақыттағы ветеринария мамандарының жұмысын таңды таңға ұрып айтуға болады.
Ойлап қараңызшы, Қаратөбе ауданының жалғыз Қалдығайты кеңшарында 50-60 мың қой, 11-12 мың ірі қара болады. Жұмыс қайнап жатты. Салыстыра айтсақ, Балтық жағалауы елдерінде жылына 5-7 ветеринарлық алдын алу іс-шарасы болса, Қазақстанда 42 ветеринарлық іс-шара өткізілетін, – дейді Мәлік Шәлменұлы.
Ветеринарлыққа оқитындардың 90 пайызы қыздар
Ғалымның айтуынша, бүгінде мұндай жүйелі жұмыс жүргізетін мал да жоқ, маман да жоқ. Бұрын ветеринария мамандығына жастар ауылдан жолдама алып келетін. Малшылардың балаларына оқуға түсуіне жеңілдік болды. Ал қазір ветеринария факультетіне түскен түлектердің басым көпшілігі бұл мамандықты қосымша таңдаған. Қалаған мамандығына түсе алмаған соң ғана амалсыз келген болып шығады.
– Оның үстіне ертеде мал дәрігері мамандығына негізінен ер балалар түсетін. Қазір біздің БҚАТУ-да әр курста 4 топ оқиды, әр топта 20-22 студент болса, солардың 2-3-і ғана ер бала, қалған 90 пайызы – қыздар. Осының себебінен ауылдық жерде малдәрігерлік мамандар жетпей жатыр. Өйткені қыздар ауылға бармайды. Сонымен қатар ауылдағы мал дәрігерінің жалақысы өте төмен, жұмысы лас, әрі қиын, – дейді М.Шәлменов.
Ғалымның осы ойын Қаратөбе ауданының Сулыкөл округінен хат жолдаған Нұрберген Ысқақұлы ағамыздың сөздері де дәлелдеп тұр. «Бүгінгі таңда мал дәрігерінің жалақысы күнкөрісіне жетпейді. Жаңадан оқу бітірген жас мамандар ауылдық жердегі мал дәрігерлерінің аянышты жағдайын көрген соң, ауылда жұмыс істеуге құлқы жоқ. Олардан «Неге ауылға келіп, мамандығың бойынша жұмыс істемейсің?!» десем, ауылда малмен алысып бір айда тапқан ақшаны қалада он күнде табатынын айтады. «Мемлекетіміз мал дәрігерлеріне оң көзбен қарап, жағдайын жасамаса, бара-бара ауылдық жерлер мал дәрігерсіз қалуы мүмкін» деген еді ұзақ жыл осы салада қызмет еткен тәжірибелі маман.
Қадағалаусыз қалған жоқ па?
1990 жылдардың басында Қазақстан қой саны бойынша әлемдегі 10 елдің қатарына кіретін. Сол жылдары елде 100 мың тоннадан астам жүн, 400 мың тоннаға жуық қой еті өндірілді. Арада он жыл өткенде барлық шаруашылық саласындағы қой мен ешкі саны 36,2 миллионнан 10,1 млн басқа дейін, яғни 4 есеге, жылқы 1,5 миллионнан 900 мыңға дейін кеміді. Мұның өзі мал өнімдері көлемінің күрт азаюына себепші болды.
Мамандардың айтуынша, су мәселесі шешіліп, құдықпен қамтамасыз етілетін болса, бір жерде 2-3 мыңдай қой өсіруге болады екен. Қазақстанда жайылым көп. Бір ғана Батыс Қазақстан облысының аумағы бұрынғы Герман Демократиялық Республикасының жерінен әлдеқайда артық, Ендеше осындай территориясы бар елде мал шаруашылығын дамыту мүмкіндігі мол екендігі айтпаса да түсінікті.
Мәлік Шәлменұлының айтуынша, бұрын әр облыста туберкулез бен бруцеллезге қарсы профилактикалық күрес эпидемия бөлімі болған еді. Қазір бұлар жоқ. Ауылда малды туберкулезге қалай тексеріп жатыр? «Меніңше, осы мәселе қадағалаусыз қалып қойған сияқты. Бұрын зертханаларда ветеринарлық ғылыми-зерттеу стансасы бар жерлерде туберкулезге типизация жасалып, ет комбинаттарында малдың қандай мөлшері зақымдалғаны жөнінде мәлімет шаруашылықтарға, ветстансаларға жіберіліп тұратын» дейді профессор.
Ғалым соңғы кездері паразитарлық аурулармен күрес шаралары ұмытылып бара жатқанына наразы. Облыста, аудандарда бруцеллез, туберкулез және паразитарлық ауруларға күрес шаралары тақырыбында семинар-кеңестер бүгінде мүлдем өтпейді. Аудандық ветстансаларда паразитолог маман да жоқ. Яғни, паразитарлық аурулардың эпизоотологиялық жағдайы жөнінде еш жерден мәлімет ала алмаймыз. Соның ішінде адамдар арасында жиі кездесетін паразитарлық аурулар – эхинококкоз, ценуроз, описторхоз, цистицеркоз, токсаскароз т.б. жөнінде мүлде мәлімет жоқ. Ал облыстық СЭС мәліметтері бойынша, бұрын эхинококкозбен, описторхозбен жылына 50-70 адам ауырса. 2003 жылы описторхозбен 300 адам ауырған болатын.
– Бұл сөзіме дәлел келтірейін. Мысалы, бүгінде облыста ценуроз, эхинококкоз, гемонхоз, нематодироз, хабертиоз, аскаридоз, параскаридоз, токсакароз, мониезиоз, гиподерматоз, псороптоз, эстроз және т.б. паразитарлық ауруларымен зақымдалғаны жөнінде еш мәлімет жоқ. Алайда, бұл аурулар еліміздің барлық аумағында, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында да жойылып кеткен жоқ. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-де паразитология пәнінен дипломдық, курстық жұмыс жазғанда студенттерге тапсырма береміз ғой. Олар қойдың және де басқа да малдың ащы ішегін немесе нәжісін алып келеді. Оны зертханада тексерген кезде міндетті түрде түрлі құрттың жұмыртқасын табамыз, ауруын анықтаймыз. Мұражайымыз осындай материалға толып тұр. Нақтырақ айтсақ, мал ішегінен мониезиоз, гемонхоз, трихоцефалез, аскаридоз, параскаридоз, иттен эхинококкоз, ценуроз, дипилидоз, токсакроздың құрттары шықты. Осыған қарап өңірдегі мал мен иттің 60-80%-ында әртүрлі гельминтоз, паразитарлық ауру бар деуге болады, – дейді Мәлік Шәлменұлы.
Бұдан шығатын қорытынды – облыстық, аудандық зертханаларда паразитолог маман жоқ. Бар болса да өз міндетін толық атқармайды. Бұлай деуге себеп, облыстық лабораторияларда жоғарыда айтылған құрт аурулары жөнінде бірде бір мәлімет жоқ десе де болады. Иә болмаса, лаборатория мамандары бұл ауруларға жылдық жоспар құрмаған. Дәлірек айтсақ, мамандар өздерінің кәсіптік жұмысын игере алмаған деуге болады. Ал паразитарлық аурулар туралы жоспарлы зерттеулерді аудандар мен қалалардағы республикалық ветеринарлық зертханалар жүргізсе, дұрыс болар еді. Ал лабораторияларда гельминтоз немесе паразитарлық ауруларға капрологиялық немесе басқа да диагностикалық зерттеулер мүлдем жүргізілмейді.
Емделмеген ит пен мысықтан тарайтын дерт көп
Мәлік Шәлменұлының айтуынша, барлық аймақта, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында гельминттермен залалданған етқоректілер саны өте көп. Ит пен мысықтан эхинококкоз, альвеококкоз, мультицетоз, тениоз, аскаридиоз, саркоптоз, псороптоз, токсаплазмоз, дипилидиоз, трихинеллез сынды қауіпті дерттер адамға жұғып, жаппай тарау қаупі бар. Оған қоса, елдің ветеринарлық-санитарлық білімі, мәдениеті, тәртібі өте төмен. Үгіт-насихат, түсіндіру жұмысы жүргізілмейді. Сол себепті республика, облыс, аудан, ауылдағы жануарлар арасында әртүрлі гельминтоз аурулары кең таралған.
– Токсакара деген ауру бар, әлемдегі иттердің 40%-ы осы дертке шалдыққан. Бұл топырақтан тарайды. Ірі қалаларда топырақтың токсакарамен залалдануы 6-53,6%-ды құрайды. Қаңғыбас иттердің, әсіресе күшіктердің 80-100%-ы токсакарамен ауырады. Иттерді бағып-күту, алаңда қыдырту ережелері жиі бұзылатындықтан, токсакароз кең тарап отыр, – дейді ғалым.
Ғылымда дәлелденгендей, әр ит орта есеппен тәулігіне 270 грамм нәжіс тастайды. Орал қаласы аумағында 1000 ит болса, тәулігіне 270 келі нәжіс пайда болады екен. Батыс Қазақстан облысында қанша ит бар екенін ешкім білмейді. Ал ит пен мысық нәжісі – қоршаған ортаға әртүрлі инфекциялық және инвазиялық аурулардың қоздырғышы мен гельминт жұмыртқаларын таратып отырған «ошақ».
Міне, ветеринария ғылымынсыз, ветеринар маманынсыз бүгінде ауылда да, қалада да өмір сүру мүмкін емес. «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөздің ұран емес, күнделікті қажеттілік екенін ұғатын кез жетті. Бәлкім, бұл мәселеге жаңа Үкімет көңіл бөлер?!.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы