Соңғы 2 жылда Сириядағы барлық жерінен айрылған террористер өзінің соңғы тірегі Багуз қаласына келіп жасырынды. Жан-жақтан қысым артқан соң желтоқсан айынан бері бұл аймақтан бірнеше мың халық Иракқа қарай көшіп кеткен. Негізінен сол қарулы жендеттердің отбасы мүшелері екен. Жақында 500-дей террорист берілді. Қаланы қоршаған күрд жасақтары оны жақын уақытта алары белгілі бола бастады. Алайда бұл ДАИШ күштері толық жеңілді дегенді білдіре ме?
2014 жылы Португалияның жеріндей аймақта халифат құрдық деген террористер қазір Сирия мен Иракта жеңілді, жерінен, күшінен айрылды. Оған қоса, 1 наурыздан бері өзін Сирияның демократиялық күштері деп атайтын күрд тобының өкілдері ДАИШ-тың соңғы тірегі, Дейр-эз-зор провинциясындағы террористер бақылайтын аумақты шабуылдап жатыр. Ол Иракпен шекаралас жердегі Багуз қаласы. Күрд жасақтары қаладан бейбіт халықтың кетуін күтті. Әдетте күрд әскері жерде шабуылдайды, ал АҚШ авиация күшімен қолдайды. Осы әдістің арқасында ДАИШ жендеттері беріле бастаған. Соңғы уақытта Багузды 3,5 мыңдай адам тастап кеткен. Ең қиыны олардың арасында тығылған террористер де болған. Күрд жағы бұл мекеннен тағы адамдар шығуы мүмкін дейді. О баста Багузда 500 ДАИШ жендеті қалды деп болжанған, алайда ұрыс басталғанда олардың саны одан да көп екені анықталды. Қаланы алуға террористер қолданатын ракеталар мен жерасты тоннельдері кедергі. 4 наурыз күні тағы 150 жендет берілген. Бірақ әлі де қалада негізгі күш сақталып тұр.
Алайда бұл әскери операция аяқталса, ДАИШ-тың көзі толық жойылады деуге бола ма? Әрине, жоқ. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, террористер соңғы жылдары 60 мың адамынан айрылса да, Ирак пен Сирияда тағы 14-16 мың жендеті қалған. Негізгі күші жойылған соң олар енді партизандық қарсылыққа көшкен. Екіншіден, Ирак пен Сириядағы соғыс салдары бұл елдердегі инфрақұрылымдарды жойып жіберді, жаппай жұмыссыздық пен кедейшілік орнады. Ал бұл әдетте терроризм идеясы тарау үшін қолайлы жағдай. Үшіншіден, екі елдің ішкі нарығы қару-жарақтың сан түріне толып тұр. Оларды ертең өзге діни радикалдар қолданып кетуі бек мүмкін. Төртіншіден, бұл аймақтан Ресей, Түркия, Иран, Британия, Франция, АҚШ армиялары әлі кетпеді. Олардың кейбірі өзінің уақытша мақсатына жету үшін радикалдарды астыртын қолдап жіберуі де ғажап емес. Әлемдік тарихта аталған фактілер жетіп артылады.
ДАИШ жеңіліп, о бастағы діни эйфория тараған соң енді бұрын қару ұстағандар, оларға қызмет етеміз деп келген әйелдер басын аман алып қашудың жолдарын іздеп жатыр. Қазір Сирия мен Ирактағы 14-16 мың қарулы топтың 3 мыңы шет елдіктер екен. Олар өздерінің азаматтығын еске түсіріп, өз үкіметтерінен өздерін Сириядан дін-аман алып кетуін талап етіп жатыр. Бұл мәселе көптеген Еуропалық елдер үшін кәдімгі бас ауруға айналды. Алып кетейін десе, ДАИШ қатарында болған адамдар, алып кетпейін десе, Конституциясы азаматтарын қорғауға міндеттейді. Енді Германия, Аустрия, Британия үкіметі ұқсас шешімге келді. Олар ДАИШ қатарына барғандарды не азаматтықтан айырады, не консулдық көмек бермейді. Айтпақшы, сол 3 мың шет елдіктің арасында біздің елдің азаматтары да бар екен. Қазақстан қаңтар айында сол Шам елінен 47 азаматын, негізінен әйелдер мен бүлдіршіндерді алып шығару үшін Жусан операциясын іске асырды. Бірақ бұл Сирияға бет алған қазақстандықтардың 10 пайызына да жетпейді. Себебі ол жаққа 900-дей азаматымыз кетті деген мәлімет бар. Олардың қазір қаншасы аман қалғаны туралы мәлімет жоқ. Енді соғыс көріп, оралғандар арнайы орталықта бейімделу курсынан өтеді. Алайда Сирияға өз еркімен барған әйелдердің радикалды діни көзқарастары өзгере қоя ма? Бұл қоғамды ойландыратын сұрақ. Себебі тергеушілер әйелдердің іс-әрекетінде қылмыстық элементті таппаса, онда азаматшалар туған жеріне оралып, ертең кейбіріңізге қайта көрші болуы мүмкін.
Енді ДАИШ-пен күрес аяқталып жатқанда, Сирия мен Ирактың жағдайы не болмақ деген сауал алға шығады. Осы мәселеге қатысты АҚШ-та үлкен дау туындаған. Ол Дональд Трамптың Сириядағы 2 мыңдай әскерін шығарамын деген шешімі еді. Енді ол жақында 200 әскерді уақытша қалдырамын деп, өзгеріп отыр. Ресей армиясы да авиациясын бүгін-ертең алып кететін ойы жоқ. Ал Түркияның кірген әскері енді шыға қоюы неғайбыл. Себебі олар күрд жасақтарына қарсы «Зәйтүн бұтағы» әскери операциясын қатар жүргізіп отыр.
Аталған сұрақ Сирия жеріндегі соғыстың жылдам аяқталуына кедергі болары хақ. Неге? Өйткені Түркия күрд жасақтарын террористер қатарына жатқызады. Ал күрд халқының кейбір әскери күштері АҚШ-тың одақтастары, себебі екі жақ ДАИШ ұйымына қарсы бірге соғысты. Дәл солар қазір Багуз қаласын қоршап тұр. Алайда егер АҚШ өз әскерін осы аймақтан әкете қалса, Түркия сол күрдтерге қарсы жаңа күрес бастамақшы. Қаңтар айында Трамптың қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Анкараға арнайы ұшып келіп, Түркия Сириядағы күрд халқына шабуылдаудан бас тартпайынша, АҚШ әскері аймақтан кетпейді деген ультиматум қойды. Енді Түркия Вашингтонның бұл талабын орындай ма, жоқ па, ол ДАИШ толық жеңілгенде белгілі болуы мүмкін.
Дәл осы жерде ДАИШ мәселесін зерттеп келе жатқан сарапшы Хишам Әл-Хашимидың мына сөзін келтірген дұрыс сияқты: Ирак ДАИШ-тан сабақ алмады. Әсіресе, бірге өмір сүру, азаматтық қауіпсіздік, өзгелерді қабылдау және кешірім сұрау деген мәселеде. Дәл сол қателіктер кезінде ДАИШ-тың мемлекет болуына себепші болған еді дейді маман. Әл-Хашимидың айтып отырғаны Ирактағы шииттік үкіметтің жергілікті суннит халықты тықсыруы еді. Өз үкіметінен сондай бассыздықты көрген Ирактың суннит халқы 2014-2015жылдары ДАИШ-қа қатты қарсылық та көрсетпеген еді. Міне, осындай қателіктер жойылмаса, кедейлік, жұмыссыздық, сауатсыздық азаймаса, дәл осы аймақта ертең келесі бір ДАИШ-тың бас көтеруі әбден мүмкін.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА,
«Egemen Qazaqstan»