• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Наурыз, 2019

Елдік мәселелер - депутаттар назарында

1195 рет
көрсетілді

Парламент Сенаты депутаттарының өңірлерге сапары аясындағы кездесулері жалғасуда. Сенаторлар алдындағы міндет – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезекті ХVІІІ съезінде алға қойған негізгі міндеттерді жан-жақты түсіндіру деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі. 

Өңірлерге сапары аясында сенаторлар Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов Қызылорда облысы Арал аудандық ауруханасында, «Аралтұз» мекемесінде және аудандық жұмыспен қамту орталығында, Қазалы ауданындағы ауруханада, жұмыспен қамту орталығында және аудандық орта мектепте болып, өңір белсенділерімен, мекеме ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, жастармен, шаруа қожалықтарымен, дәрі­гер­лермен, кәсіпкерлер мен мұғалімдер және көп балалы аналармен, сондай-ақ тұрмыс деңгейі төмен отбасылармен кездесті.

Кездесу барысында депутаттар партия съезіндегі жария етілген әлеу­мет­тік бастамаларға жеке-жеке тоқталып, оның маңызы мен ауқымын түсін­дірді. 

* * *

Ал Сенат депутаттары Бақтыбай Шелпеков пен Михаил Бортник Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық перинаталдық орталық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында болып, мекеме қызметкерлерімен кездесті.

Бұл жерде сенаторлар «Нұр Отан» партиясының денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуды, атап айтқанда, балалар медицинасына қол жеткізу мүмкіндіктері мен сапасын арттыруды, аналарды қолдауға арналған дәрігерлік көмек сапасын жақсартуды көздейтін «Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі» бағдарламасындағы шаралар туралы хабардар етті. 

* * *

Сенатор Владимир Волков Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болды. Сенатор университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановпен, оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен кездесті. 

Сенатор білім ордасында заң факультетінің студенттеріне дәріс оқып, Қазақстанда бүгінгі таңда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үрдісі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. 

* * *

Парламент Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары аясында Теректі ауданында болды. Ауданға қарасты Аңқаты ауылының тұрғындары жергілікті автожолдарды күрделі жөндеу қажеттігін, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша ұсыныстарын, оның ішінде ауылдық мұғалімдердің жалақысын көтеру және Аңқаты орта мектебін күрделі жөндеу қажеттігі туралы ойларын ортаға салды. 

* * *

Ал сенаторлар Манап Көбенов пен Нұржан Нұрсипатов Павлодар облысы Ертіс ауданының Северный кентіндегі мәдениет үйінде жұртшылық өкілдерімен, орта мектеп пен дәрігерлік бекет ұжымымен кездесті. 

Тұрғындар Ертіс стансасы арқылы кедендік өтуді қалпына келтіру, сумен қамтамасыз ету тарифін реттеу және басқа да өзекті мәселелерді кө­тер­ді. Депутаттар, сондай-ақ шекара күзетінің қызметкерлерімен де кездесті.

* * *

Өз кезегінде Сенат депутаты Әли Бектаев Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Кентау қаласында болып, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қала және ауылдық округтердің, мекемелер мен өндіріс орындарының және шаруа қожалықтарының басшылары, сая­си партиялар мен қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. 

Ә.Бектаев съезде айтылған негізгі үш әлеуметтік бастамаға айрықша тоқталып, аз қамтамасыз етілген отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, табысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, білім беру және денсаулық сақтау саласының сапасын жақсартуға, жергілікті аймақтарды кешенді дамыту мәселелеріне баса назар аударылатыны және алдағы уақытта атқарылатын шаруалар көп екенін айтты. 

* * *

Сенат депутаттары Ольга Перепечина мен Ерік Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Тайынша және Аққайың аудандарының тұрғындарымен кездесті. 

Бұл жүздесуде Тайынша ауданының тұрғындары сумен қамту және көлік инфрақұрылымы мәселелерін көтерсе, Аққайың ауданының Рублевка және Власовка ауылдарының тұрғындары ауылдық жерлерде тұратын азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселесі алаңдатып отырғаны сөз болды. Атап айтқанда, көп балалы аналарға «Күміс алқа» төсбелгісін беру тәртібіне қатысты сұрақтар көптеп қойылды. 

* * *

Парламент Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова, Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нөкетаева мен Нұрлан Қылышбаевтар Алматы облысына жұмыс сапары аясында Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айқындаған әлеуметтік қолдау шараларының орындалуы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Президент тапсырмаларының орындалуы барысымен танысты. 

Сенатор Бірғаным Әйтімова өңір басшысы А.Баталовпен кездесу барысында сапардың негізгі мақсаты – тұрғындардың аудандық, облыстық немесе республикалық деңгейде шешілетін немесе қолданыстағы заңнамаға өзгерту енгізуді талап ету тұрғысында шешімі табылатын мәселелерді айқындау екенін атап өтті. 

* * *

Сенат депутаттары Рашит Әкімов, Дәурен Әділбеков және Дулат Құсдәулетов Ақмола облысындағы Астрахан ауданы, Петровка ауыл­ындағы мектеп пен медициналық орталықтың қызметкерлерімен кездесті.

Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының бастамаларын іске асырудың тиімді тетіктері туралы пікір алмасты және азаматтардың әл-ауқаты көзделген меженің сапалы орындалуына байланысты екені айтылды.

* * *

Парламент Сенатының депутаттары Марат Тағымов, Мұхтар Жұмағазиев пен Аңсар Мұсаханов аймақтарға жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысында болды. 

Депутаттар облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездесіп, аймақтың бүгінгі таңдағы жағдайы мен оны әлеуметтік-экономикалық дамытудың негізгі мәселелерін талқылады. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені саласындағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру, жол инфрақұрылымын дамыту және аймақтың елді мекендерін абаттандыру мәселелері де қозғалды. 

Сенаторлар, сондай-ақ «Мұрагер-22» балық зауытында және «ГринКапиталҚазақстан» жылыжай кешенінде болды.