• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Наурыз, 2019

Табыс сыры – талпыныста

906 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында қойыл­ған міндеттерді мінсіз орындауға жұмылған шаруашылықтар жұмыстарының бағытын қайта саралап, жомарт жердің әр пұшпағын тиімді пайдалануға жете мән беруде. 

Осындай шаруашылықтың бірі – Конс­тан­тиновка ауылындағы «Еңбек-1» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі. Астан­аның азық-түлік белдеуіне сүбелі үлес қосып отыр­­­ған шаруашылық 2012 жылдан бері «Көк­өніс сақтау қоймасын құру және дамыту» инвес­ти­­циялық бағыттағы инновациялық жобасы бойынша жұмыс істеуде. Әуел баста 156 гектар жерге картоп отырғызылса, кейін ұлттық қор қаржысының есебінен соны серпін алып, алқап көлемін ұлғайтуға ден қойған. Шаруашылық бүгінде суармалы егістікті тиімді пайдаланып, аз жерден көп өнім алуға бет бұрып отыр. Соның нәтижесінде егін алқабының көлемі 820 гектарға жетті.

Картоп өсірудің және ұзақ уақыт сақ­тау­дың озық технологиясын мейлінше мең­­геруге ден қойған шаруашылық қажет­ті тұқымды Германияның «Норик», Гол­лан­дияның «Агрик» фирмасынан, сондай-ақ Беларусьтан жет­кізуде. Өздері ғана пай­­да­ланып қоймай, тұқымды көршілес шаруа­шылықтарға да береді.

Соңғы алты жыл ішінде картоп өн­діруге қажетті еуропалық және әлемдік стан­­­дарттарға сай келетін техниканы сатып алды. Оның бәрі әлемнің Гримме, Гаугле, Рейн­ке тәрізді көкөніс өсірудегі көш бастап тұрған компаниялардікі. Бүгінгі таңда осындай қуатты техникалармен күзгі науқандық жұмыстарды жиырма күнге жеткізбей тап-тұйнақтай етіп аяқтап шығатын болған. Көктемде де көп көрім уақыт үнемделеді. 

Өткен жылы 260 гектар алқапқа картоп екті. Жаз бойы агротехникалық шаралар уақ­тылы атқарылды. Осындай күтімнің нәти­жесінде әр гектардан 378 центнер өнім жиналды. Сөйтіп 9818 тонна картоп көкөніс қоймасына жеткізілді. 

Сөз арасында осындай табысқа мемле­кеттік қолдаудың арқасында қол жеткізіліп отырғанын айта кетуіміз керек. Өйткені Астананы арзан азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған шаруашылық жеңілдетілген несие алып жүр. Сондай-ақ сатып алынған техника құнының 25 пайызына субсидия төленеді. Жоба қолға алынғаннан бері техника сатып алуға 80 миллион теңге субсидия бөлінген. Өткен жылы тұқым құнын арзандатуға да, тыңайтқышқа да 54973 мың теңге инвестиция салыныпты. 

Осындай қамқорлықтың нәтижесінде шаруа­шылық ісі әртараптандырылып, жаңа­дан 70-тен астам жұмыс орны ашылды. Бұл шағын елді мекен үшін аз олжа емес. Шаруа­шы­лықта тұрақты 170 адамның жұмыс істей­тінін айта кетейік. Ал көктемгі және күзгі науқандық жұмыстар кезінде мұндағы еңбек­керлердің саны 250-ге дейін жетеді. Өткен жылы серіктестік жұмысшыларының орташа еңбекақысы 94900 теңгеден айналса, жаңа жылдан бастап Елбасының тапсырмасына орай жалақы 11 пайызға көбейді. 

Тиімді жұмыс істейтін шаруашылықтың шарапаты елді мекен тұрғындарына молынан тиіп отырғанына да тоқталмай кете алмаймыз. Өткен жылы бюджетке 76 миллион теңгеден астам салық төлегенін ескерсек, берекелі істің белесі қаншалықты биіктеп келе жатқанын аңғаруға болады. 

Суармалы егістік алқабы тыңғылықты күтімді қажет етеді. Оған озық техника да қажет. Шаруашылық өз қаржысына су құбы­рын тартып, ауқымын 900 шақырымға жеткізді. Ендігі кезекте мол өнімді сақтайтын қойма керек болды. Сөйтіп 9 мың тонна көкөніс сақтауға жететін қойма салынды. Мың тоннасы мұздатқыш есебінде. Қазір бұл қоймаларда жаңа технология талаптарын мүлтіксіз жүзеге асыра отырып сақталған көкөністің сегіз ай бойы мұрты бұзылмайды. 

– Егістік алқаптарынан картоп ыстық күйінде келеді, – дейді қойма меңгерушісі Дәулет Шідербаев. – Алғашқы 15 күнде ыстық картопты «емдейміз». Сөйтіп күн са­й­ын қызуын түсіре келе, 3 градусқа жет­кізе­міз. Әйтпесе, ұзақ уақытқа шыдас бер­­мей, шіріп кетеді. Сақталатын өнімді әб­ден сұ­рыптаймыз, шірігенін, кесілгенін, бү­лін­генін алып тастаймыз. Алып тастаймыз дегенде, мүлде лақтырып тастамаймыз, шаруашылық ондай картоптарды мал азығына жаратады. Сұрыпталған өнімді жылға жуық сақтауға толық мүмкіндік бар. Автоматтандырылған құрылғылар қойманың ішіндегі ылғалмен ауа температурасын есептеп тұрады. 

Қазір қоймаларда екі ауысымда 60 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы өз істерінің мамандары. Қол еңбегі барынша азайтылып, жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Осын­дай талпыныстың нәтижесінде өзін­дік құн да төмендеген. Сол себепті, бұл шаруашы­лықтың картобының бір килосы 40 теңге ғана. 

– Басты мақсат – елорданың сауда сөре­лерін арзан азық-түлікпен қамту. Бұрын картоп оңтүстік өңірден тасымалданса, қазір біздің бағамыз арзан болғандықтан, олар бізден тасымалдап жатыр, – дейді шаруа­шылық басшысы Бағдат Түгелбаева. – Оған қоса біз күнбағыс та егеміз. 

Күнбағыс қана емес, 12588 гектар алқапқа астық та егеді, 3477 гектарға арпа дақылы отыр­ғызылады, 603 гектарға – күнбағыс. Күн­бағысты шаруашылықтың өзінде өң­деп, май шығарады. Ешқандай консервант қосылмаған, 100 пайыз табиғи таза өнім. Оның ыдысын да өздері дайындайды екен. Көпшілік сұранысына ие болған «Конс­тантиновское» майлары Астана мен аудан орталығында сатылып жатыр. 

– Осы цехта айына 50 тонна күнбағыс өң­дей­міз, – дейді цех меңгерушісі Андрей Га­ген. – Шаруа­шылық өзі өсірген күнбағыс­тың бір дәнін де шетке шикі күйінде сатпайды. 

Жоғары сапалы өнімге сұраныс мол. Литрі 337 теңге тұрады, ал шаруашылықтың өз жұмысшыларына 307 теңгеден сатылады. Май өнімдерінің қалдығын құс фабрикасы мен сүт фермасы қуана сатып алады екен. Өз өнімдерін өңдеп сатудың тиімділігіне көз жеткізіп отырған шаруашылық басшылары ал­дағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейте түспекші. 

Соңғы екі жыл бойы астық тазалайтын кешеннің қызығын көріп келе жатқанын да бізге қуана жеткізді. Қуатты кешен бір тәулікте 500 тонна астық кептіреді, тазалайды. Бұл қондырғылар «Седар-8» модельді Испания техникасы. 

– Ауданда астық қабылдайтын элеватор­лардың болмауы қиындық туғызып отыр, –дейді шаруашылық басшысы. –  Өз өнімімізді өткізетін жер таппай, жігеріміз құм болады. 

Тағы бір мәселе, Түрген елді мекенінен баста­латын жолдың әбден тозығы жеткен­дігі. Жыл сайын шаруашылық жолға ағым­дағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Қазан­шұң­қырлар қиыршық таспен бітеледі. Бірақ бар жұмыс айналдырған бір-екі айдың ішінде зая кетіп, жол баяғы қалпына түседі. Қыс айларында Константиновка ауылынан бас­тап Красное озеро елді мекеніне дейін өз күштерімен жолды аршып жүр. 

– Осындай шаруашылықтармен елді мекен­дердің еңсесі көтеріліп келеді, – дейді аудан әкімі Талғат Мұхамеджанов. Шаруа­шы­лық өз өнімдерін өңдеуді жолға қоюда. Осы­лайша Елбасының Жолдауынан туын­дай­тын міндеттерді жүзеге асыруға, жергі­лікті ха­лық­тың әл-ауқатын арттыруға сүбелі үлес қосуда. 

Шаруашылық жергілікті білім ошағын да қамқор қанатына алған. Мектепті азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Жылу жүйесін жөн­деуге 600 мың теңге қаражат бөлгенін де айта кетейік. Қарттар күнін, басқа да мере­кені өз деңгейінде өткізуге жанашырлық жасай­тыны және бар. Ел ішінде қамқор бо­лып отырған осындай діңгегі мықты шаруа­шы­лықтар ғой ортақ істі оңға бастыратын. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы,

Аршалы ауданы