Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында қойылған міндеттерді мінсіз орындауға жұмылған шаруашылықтар жұмыстарының бағытын қайта саралап, жомарт жердің әр пұшпағын тиімді пайдалануға жете мән беруде.
Осындай шаруашылықтың бірі – Константиновка ауылындағы «Еңбек-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Астананың азық-түлік белдеуіне сүбелі үлес қосып отырған шаруашылық 2012 жылдан бері «Көкөніс сақтау қоймасын құру және дамыту» инвестициялық бағыттағы инновациялық жобасы бойынша жұмыс істеуде. Әуел баста 156 гектар жерге картоп отырғызылса, кейін ұлттық қор қаржысының есебінен соны серпін алып, алқап көлемін ұлғайтуға ден қойған. Шаруашылық бүгінде суармалы егістікті тиімді пайдаланып, аз жерден көп өнім алуға бет бұрып отыр. Соның нәтижесінде егін алқабының көлемі 820 гектарға жетті.
Картоп өсірудің және ұзақ уақыт сақтаудың озық технологиясын мейлінше меңгеруге ден қойған шаруашылық қажетті тұқымды Германияның «Норик», Голландияның «Агрик» фирмасынан, сондай-ақ Беларусьтан жеткізуде. Өздері ғана пайдаланып қоймай, тұқымды көршілес шаруашылықтарға да береді.
Соңғы алты жыл ішінде картоп өндіруге қажетті еуропалық және әлемдік стандарттарға сай келетін техниканы сатып алды. Оның бәрі әлемнің Гримме, Гаугле, Рейнке тәрізді көкөніс өсірудегі көш бастап тұрған компаниялардікі. Бүгінгі таңда осындай қуатты техникалармен күзгі науқандық жұмыстарды жиырма күнге жеткізбей тап-тұйнақтай етіп аяқтап шығатын болған. Көктемде де көп көрім уақыт үнемделеді.
Өткен жылы 260 гектар алқапқа картоп екті. Жаз бойы агротехникалық шаралар уақтылы атқарылды. Осындай күтімнің нәтижесінде әр гектардан 378 центнер өнім жиналды. Сөйтіп 9818 тонна картоп көкөніс қоймасына жеткізілді.
Сөз арасында осындай табысқа мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізіліп отырғанын айта кетуіміз керек. Өйткені Астананы арзан азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған шаруашылық жеңілдетілген несие алып жүр. Сондай-ақ сатып алынған техника құнының 25 пайызына субсидия төленеді. Жоба қолға алынғаннан бері техника сатып алуға 80 миллион теңге субсидия бөлінген. Өткен жылы тұқым құнын арзандатуға да, тыңайтқышқа да 54973 мың теңге инвестиция салыныпты.
Осындай қамқорлықтың нәтижесінде шаруашылық ісі әртараптандырылып, жаңадан 70-тен астам жұмыс орны ашылды. Бұл шағын елді мекен үшін аз олжа емес. Шаруашылықта тұрақты 170 адамның жұмыс істейтінін айта кетейік. Ал көктемгі және күзгі науқандық жұмыстар кезінде мұндағы еңбеккерлердің саны 250-ге дейін жетеді. Өткен жылы серіктестік жұмысшыларының орташа еңбекақысы 94900 теңгеден айналса, жаңа жылдан бастап Елбасының тапсырмасына орай жалақы 11 пайызға көбейді.
Тиімді жұмыс істейтін шаруашылықтың шарапаты елді мекен тұрғындарына молынан тиіп отырғанына да тоқталмай кете алмаймыз. Өткен жылы бюджетке 76 миллион теңгеден астам салық төлегенін ескерсек, берекелі істің белесі қаншалықты биіктеп келе жатқанын аңғаруға болады.
Суармалы егістік алқабы тыңғылықты күтімді қажет етеді. Оған озық техника да қажет. Шаруашылық өз қаржысына су құбырын тартып, ауқымын 900 шақырымға жеткізді. Ендігі кезекте мол өнімді сақтайтын қойма керек болды. Сөйтіп 9 мың тонна көкөніс сақтауға жететін қойма салынды. Мың тоннасы мұздатқыш есебінде. Қазір бұл қоймаларда жаңа технология талаптарын мүлтіксіз жүзеге асыра отырып сақталған көкөністің сегіз ай бойы мұрты бұзылмайды.
– Егістік алқаптарынан картоп ыстық күйінде келеді, – дейді қойма меңгерушісі Дәулет Шідербаев. – Алғашқы 15 күнде ыстық картопты «емдейміз». Сөйтіп күн сайын қызуын түсіре келе, 3 градусқа жеткіземіз. Әйтпесе, ұзақ уақытқа шыдас бермей, шіріп кетеді. Сақталатын өнімді әбден сұрыптаймыз, шірігенін, кесілгенін, бүлінгенін алып тастаймыз. Алып тастаймыз дегенде, мүлде лақтырып тастамаймыз, шаруашылық ондай картоптарды мал азығына жаратады. Сұрыпталған өнімді жылға жуық сақтауға толық мүмкіндік бар. Автоматтандырылған құрылғылар қойманың ішіндегі ылғалмен ауа температурасын есептеп тұрады.
Қазір қоймаларда екі ауысымда 60 адам жұмыс істейді. Олардың барлығы өз істерінің мамандары. Қол еңбегі барынша азайтылып, жұмыстың бәрі автоматтандырылған. Осындай талпыныстың нәтижесінде өзіндік құн да төмендеген. Сол себепті, бұл шаруашылықтың картобының бір килосы 40 теңге ғана.
– Басты мақсат – елорданың сауда сөрелерін арзан азық-түлікпен қамту. Бұрын картоп оңтүстік өңірден тасымалданса, қазір біздің бағамыз арзан болғандықтан, олар бізден тасымалдап жатыр, – дейді шаруашылық басшысы Бағдат Түгелбаева. – Оған қоса біз күнбағыс та егеміз.
Күнбағыс қана емес, 12588 гектар алқапқа астық та егеді, 3477 гектарға арпа дақылы отырғызылады, 603 гектарға – күнбағыс. Күнбағысты шаруашылықтың өзінде өңдеп, май шығарады. Ешқандай консервант қосылмаған, 100 пайыз табиғи таза өнім. Оның ыдысын да өздері дайындайды екен. Көпшілік сұранысына ие болған «Константиновское» майлары Астана мен аудан орталығында сатылып жатыр.
– Осы цехта айына 50 тонна күнбағыс өңдейміз, – дейді цех меңгерушісі Андрей Гаген. – Шаруашылық өзі өсірген күнбағыстың бір дәнін де шетке шикі күйінде сатпайды.
Жоғары сапалы өнімге сұраныс мол. Литрі 337 теңге тұрады, ал шаруашылықтың өз жұмысшыларына 307 теңгеден сатылады. Май өнімдерінің қалдығын құс фабрикасы мен сүт фермасы қуана сатып алады екен. Өз өнімдерін өңдеп сатудың тиімділігіне көз жеткізіп отырған шаруашылық басшылары алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейте түспекші.
Соңғы екі жыл бойы астық тазалайтын кешеннің қызығын көріп келе жатқанын да бізге қуана жеткізді. Қуатты кешен бір тәулікте 500 тонна астық кептіреді, тазалайды. Бұл қондырғылар «Седар-8» модельді Испания техникасы.
– Ауданда астық қабылдайтын элеваторлардың болмауы қиындық туғызып отыр, –дейді шаруашылық басшысы. – Өз өнімімізді өткізетін жер таппай, жігеріміз құм болады.
Тағы бір мәселе, Түрген елді мекенінен басталатын жолдың әбден тозығы жеткендігі. Жыл сайын шаруашылық жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Қазаншұңқырлар қиыршық таспен бітеледі. Бірақ бар жұмыс айналдырған бір-екі айдың ішінде зая кетіп, жол баяғы қалпына түседі. Қыс айларында Константиновка ауылынан бастап Красное озеро елді мекеніне дейін өз күштерімен жолды аршып жүр.
– Осындай шаруашылықтармен елді мекендердің еңсесі көтеріліп келеді, – дейді аудан әкімі Талғат Мұхамеджанов. Шаруашылық өз өнімдерін өңдеуді жолға қоюда. Осылайша Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға сүбелі үлес қосуда.
Шаруашылық жергілікті білім ошағын да қамқор қанатына алған. Мектепті азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Жылу жүйесін жөндеуге 600 мың теңге қаражат бөлгенін де айта кетейік. Қарттар күнін, басқа да мерекені өз деңгейінде өткізуге жанашырлық жасайтыны және бар. Ел ішінде қамқор болып отырған осындай діңгегі мықты шаруашылықтар ғой ортақ істі оңға бастыратын.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы,
Аршалы ауданы