Бүгінгі таңда Алматы облысы аумағында трансұлттық компаниялардың қатысуымен 9 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның екеуі былтыр іске қосылды. Іле ауданында Германияның «Wilo» компаниясының сорғы насостарын шығаратын зауыты жұмыс істесе, Қапшағай қаласында «Маревен фуд» зауыты тез дайындалатын кеспе өнімдерін нарыққа шығарып жатыр. Біз осы зауыт туралы айтпақпыз.
– Жаңа зауыт жылына 417 млн данаға дейін жылдам дайындалатын кеспе өнімдерін шығарады. Бұл «Қазақстанда жасалған» белгісімен ішкі және сыртқы нарыққа шығарылатын өнім түрі. Қазір отандық нарыққа 50 пайызға, сыртқы нарыққа 50 пайызға өнім шығарады. Бүгінде Қапшағайда жасалған дайын кеспе Қазақстанның барлық аймағынан бөлек, Орталық Азия елдеріне, Қытай, Иран, Ауғанстан, Моңғолия мемлекеттеріне экспортталуда, – дейді «Маревен фуд» зауытының атқарушы директоры Александр Вязников.
«Маревен фуд Тянь-Шань» – әлемге танымал брендтің бірі. Оның өнімін дүние жүзінің көптеген елі тұтынады. Қапшағайдағы зауыт компанияның «Роллтон» және «Big Bon» сауда белгісі бойынша дайын өнімін шығарады. Зауытта 370 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмыскерлер саны 523 адамға жетпек. Компания өндіріс ерекшелігіне орай, жергілікті жұмысшыларды қайта даярлаудан өткізіп, жаңа технологияны меңгерген бесаспап маман етіп шығарған.
Алматы облысы әкімдігі мен трансұлттық компания арасындағы әріптестік аясында ашылған зауытқа 15,4 млрд теңге шетел инвестициясы тартылған екен. Қазір қаптамасында «Маревен Фуд» зауытында, Қазақстанда өндірілген» деген анықтама жазуы бар «Роллтон» кеспесі мен «Үй Роллтоны» тұздығын Алматы облысы ғана емес, Алматы қаласының тұрғындары да тұтынып отыр.
Айтпақшы, облыста бүгінде жалпы сомасы 1,3 трлн теңге болатын 50 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның 32-сі тікелей шетелдік компаниялардың қатысуымен жүзеге асады. Жетісу жерінде «Маревен фуд» брендінен бөлек, әлемге әйгілі «Кока-кола», «Фуд мастер», «Данон», «Эфес», «Джи Ти Ай», «Тикурилла» сияқты жиырмадан астам трансұлттық компания жұмыс істеп жатыр. Өткен жылы облыста «Кәсіпкерлікті қолдау» картасы бойынша 575 адамды жұмыс орнымен қамтыған 3 ірі өндіріс іске қосылғанын да айта кетейік. Соның бірі біз сөз еткен Қапшағай қаласы аумағындағы азық-түлік шығаратын «Маревен фуд Тянь-Шань» зауыты болса, одан бөлек тағы екі өндіріс жұмыс істеп тұр. Мысалы, Талғар ауданындағы лифт шығаратын және лифт жабдықтарын жаңғырту қызметтерін көрсететін «LGS Kazakhstan elevator group» компаниясының өндірістік цехы және Қаратал ауданында керамзит шығаратын «As-Biba» құрылыс зауыты сұранысқа ие өнім шығаруды көздейді. Өндірістерді іске қосу мақсатында жалпы құны 15,8 млрд теңге қаражат игерілген.
– Қапшағай қаласының маңында ашылған «Маревен фуд Тянь-Шань» зауыты облыс экономикасына ғана емес, еліміздің нарығына еңбек етеді. 370 адамды жұмыспен қамтыды. Өнімді экспорттауға кірісті. Мақсаты биік деп айтуға болады. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Биыл экспортқа бағытталған үш ірі кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Іле ауданында ресейлік «Лукойл» компаниясының майлау материалдарын өндіретін, қуаты 21 мың тонналық зауыты жұмыс істейтін болады. Соның нәтижесінде 27 млрд теңге инвестиция тартылып, 200 жұмыс орны құрылады, – дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы