• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2019

Кеденшілер ынтымағының жайы сөз болды

1090 рет
көрсетілді

Кеше Астанада Түркі кеңесі Кеден қызметтері басшыларының 7-ші кездесуі өтті. Қаржы министр­лігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің басшылығымен өткен кездесуге Түркия, Әзербайжан және Қырғыз Республикасының кеден саласы өкілдері қатысты. 

Жиында делегация басшылары 2017 жылдың мамыр айында өткен соңғы кездесуден бастап, кеден саласында атқарылған жұмыс қорытындысын талқылады.

Тараптар, сонымен қатар Жібек жолы бастамасы, Керуен сарай жобасы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік, 2019 жылға арналған оқу бағдарламалары, Түркі кеңесі Жібек жолы Сауда керуенін таныту мақсатында өтетін ақпараттық турлар және күн тәртібіндегі басқа да мәселелер жайында пікір алмасты. 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдес мем­ле­кет­тердің төртінші саммитінде бізге қазір Жібек жолын жаңғырту мүмкіндігі туып отырғандығын айтты. Сон­дықтан да түркітілдес елдердің кеден қызметтерінің жайлылығы, жылы қарым-қатынасы бұл жоспардың орындалу мерзімін жеделдетеді деген ойдамын, – деді М.Сұлтанғазиев. 

Баяндамашының айтуына қарағанда, Қазақстан тарапынан кеден рәсімдерін жеңілдету, цифрландыру және өткізу бекеттерін жарақтандыру тәрізді жұмыстар істелуде. 

Кездесу барысында белгілі болғандай, 2015 жылғы Астана саммитінен бергі уақытта ғана түркітілдес мемлекеттер арасындағы сауда айналымы 22 пайызға өсіп, 9 млрд АҚШ долларына жеткен. 

Осыған қарамастан, бауырлас мемлекеттер әлі де болса өздерінің әлеуеттерін толық пайдаланбай отырғанға ұқсайды. Оған жаһандық қаржы дағдарысы, мұнай бағасының төмендеуі әжептәуір теріс әсерін тигізген. Сондықтан да Қазақстан Президентінің бастамасымен құрылған жұмыс тобы мемлекеттер арасындағы байланыстың тігісін жатқызып, кем-кетіктерін толтыруға күш салуда. Мәселен, статистикалық деректерге қарағанда, Қытай мен Еуропа елдерінің арасындағы күнделікті жүк тасымалының құны 1 млрд АҚШ долларына жуықтайды. Ал Жібек жолының бойындағы бауырлас елдер бұл белдеудегі өз үлестерін құр жібермеудің қамына кіріскен. 

Түркітілдес мемлекеттердің кеден саласы басшылары бұл жолы да өзара қарым-қатынастардың түйткілді өзге де мәселелерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар кездесу барысында Түркі кеңесі мүше мемлекеттерінің кеден қызметтері арасында кедендік бақылау саласында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»