Соңғы 20 жылда еліміздің экономикасы өсті. Халқымыздың әл-ауқаты артты. Миллиондаған шаршы тұрғын үй, мыңдаған мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысаны салынды. Осының бәрі Елбасымыз Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. Әрине, экономикадағы ауқымды жетістіктер әрбір қоғам мүшесінің әл-ауқаты мен тұрмыс дәрежесінің артуына әкелуі тиіс.
Алайда, осындай жетістіктерге қарамастан, қоғамның әлеуметтік дамуында елеулі кемшіліктер мен теңсіздіктер орын алуда. Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ұлғайып, әл-ауқаты төмен және көп балалы отбасылардың жағдайлары қиындап, қоғамдағы атмосфера шиеленісе түсуде. Елбасымыз Н.Назарбаев осы және тағы басқа бірқатар мәселенің уақтылы шешімін таппай, созылуына байланысты Үкіметті отставкаға жіберіп, жаңа Үкімет алдына осы проблемаларды тез арада шешу міндетін қойды. Елбасы жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін Ұлттық қор мен бюджеттен орасан зор көлемде қаржы бөліп, оны қандай мақсаттарға қалай жұмсау керектігін айқындап берді.
Бүгінде елімізде толық шешімін таппай жатқан ең өзекті мәселелер: жағдайы төмен, көп балалы отбасылардың жағдайын жақсарту; оларды баспанамен қамтамасыз ету; балалар жәрдемақысы мен жалақысы төмен азаматтардың еңбекақысын көтеру; елдегі, әсіресе өңірлердегі, ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, жолдар салу, ауыз сумен, газбен қамтамасыз ету. Бұл 3 бағыттағы мәселе бір-бірімен тығыз байланысты. Елбасымыз Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап, жалақысы төмен азаматтарды қолдау мақсатында, бюджет саласында жұмыс істейтін азаматтардың еңбекақысы 30 пайызға көтерілетін болды. Еліміздегі 540 мың 4 және одан көп баласы бар отбасылардың табыстарына қарай, жағдайы төмен көп балалы отбасындағы әр балаға ай сайын 20789 теңге, яғни ең төменгі күнкөріс көрсеткішінің 70 пайызы көлемінде жәрдемақы төленетін болды. Табысы төмен, көп балалы отбасыларды көбірек қамту үшін, көмек көрсету өлшемдерінің ең төменгі күнкөріс шегі 70 пайызға дейін көтеріледі. Егер, бұрынғы көмек көрсету көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрап, 14879 теңге болса, енді бұл көрсеткіш 70 пайызды яғни, 20789 теңгені құрайды.
Мемлекет басшысы атқарушы билікке жағдайы төмен көп балалы отбасылардың жиынтық табысын есептегенде, көп балалы отбасыларға бұрыннан беріліп келе жатқан мемлекеттік жәрдемақы, мүгедек балалар үшін берілетін жәрдемақы, стипендия сияқты жәрдемақыларды есепке алмау керектігін, әлеуметтік көмек алуды сөзбұйдаға салмай, оның ашықтығын, жариялылығын қамтамасыз етіп, барынша жеңілдету керектігін қатаң ескертті.
Бұл – өте маңызды мәселе. Үкімет, жергілікті атқарушы органдар жұмыс барысында осы жайтқа ерекше назар аударуы қажет. Айтылған мәселелер тиянақты орындалса, 2019 жылы елімізде 830 мың адам, оның ішінде 550 мың бала әлеуметтік көмекпен қамтылады. Сонымен бірге 100 мыңнан астам адамды қамтитын, мүгедек балалар асырап отырған ата-аналарға, отбасыларға жәрдемақы 30 пайызға көтеріледі. Бұл шараларға 2019-2021 жылдары қосымша 300 млрд теңге бөлу тапсырылды.
Айта кететін бір жайт, масылдыққа жол бермеу үшін әлеуметтік көмек берілетін отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері міндетті түрде жұмыспен қамтылуы керек. Бұл үшін көп балалы отбасыларға үйде отырып жұмыс істеуге жағдай жасау, ал ауылдағы көп балалы отбасыларға арнайы гранттар мен шағын несиелердің квоталарын бөліп, олардың мал өсіріп, егін салып, шағын бизнестің басқа бағыттарымен шұғылданып табыстарын көбейтуге, балаларын еңбекке баулуға жағдай жасау керек. Көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге 40 мың арендалық тұрғын үй салу үшін жыл сайын 50 млрд теңге бөлінетін болды. Бұл тұрғын үйлер көп балалы отбасыларға жалға төлейтін қаржыларының есебінен жеке меншікке сатып алу құқығымен берілсе құба-құп болар еді. Табысы төмен көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға баспана алудың қолжетімділігін арттыру үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы жылына 2-3 пайызбен тұрғын үй несиелерін беру шешілетін болды.
Елбасы өз сөзінде өңірлерді дамыту мәселесіне де тоқталды. Бүгінде өңірлерде, ауылдық жерлерде халықтың жағдайы әртүрлі. Бір өңірлерде тұрғындарға тиісті жағдай жасалған. Ауыз су мен газбен қамтамасыз етілген, мектеп пен денсаулық сақтау ұйымдары жұмыс істейді, елді мекендер арасында тас жол қатынастары бар. Ал басқа өңірлерде керісінше ауыз су да, жол да, газ да жоқ. Бұл енді сол өңір басшыларының іскерлігіне байланысты. Әйтпесе, бағдарлама бар, қаржы бар, бірақ нақты нәтижелер аз, атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігі, тұрғындардың өмір сүру деңгейі төмен. Елбасы осы мәселелерді шешу мақсатында «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» жобаларын қолға алып, халық тұтынатын тауарлар, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, құрылыс материалдарын шығару кәсіпорындарын салып, шағын бизнесті дамытып жұмыссыздықты барынша азайту, елді мекендер арасында сапалы жолдар, ауыз су, кәріз, газ жүйелерін салуды қолға алуды тапсырды. Осы Елбасы қойған мақсаттарды 3 жылда орындау үшін 3 трлн теңгеден артық қаржы бөлініп отыр. Халқымыздың әл-ауқаты мен тұрмысын, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұрын-соңды мұндай қамқорлық болған емес. Бүгінде, Елбасы тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты естіген қарапайым халықтың қуанышында шек жоқ. Олар әрбір отбасында, кездесулер мен жиындарда, әлеуметтік желілерде, мешіттерде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа ризашылығын білдіруде.
Алға қойылған орасан зор міндетті орындауға бөлінген 3 жыл көп мерзім емес. Әне-міне дегенше зу етіп өте шығады. Мақсат қойылды, бағдарлама бар, қаржы бөлінді. Ендігі мәселе Үкіметтен бастап барлық деңгейдегі әкімдер, әлеуметтік саланың қызметкерлері «көмектер нағыз мұқтаж адамдарға жетуі керек» деген Елбасының тапсырмасын бұлжытпай орындауга білек сыбана, үлкен жауапкершілікпен кірісулері керек. Үкіметтің құрамына тәжірибелі, білікті кадрлардың келуі, тапсырманы орындаудағы Үкіметтің алғашқы қадамдары көңілге сенім ұялатады.
Елбасы съезде сөйлеген сөзінде Үкімет мүшелері мен әкімдердің халық алдындағы есептері соңғы кездері формализмге айналып бара жатқанын, олардың тұрғындармен жиі кездесіп, көкейкесті мәселелерін тыңдап, оны шешіп отырулары керек екенін қадап айтты. Ең алдымен, халыққа жасалып жатқан қамқорлықты әрбір қазақстандыққа толық түсіндіру керек. Бұл мақсаттың ойдағыдай орындалуы үшін, әрқайсысымыз қайда жұмыс істесек те, өз міндеттерімізді толық атқарып, үлес қосуға тиіспіз.
Осы кезекте Үкімет назар аударатын үлкен мәселе, бұл тарифтердің және азық-түлік өнімдері мен халық тұтынатын тауарлардың бағасының қымбаттауына жол бермеу. Халықтың табыстарының өсуі сұранысты арттырады, Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың міндеттері сұранысқа сәйкес тиісті ұсыныстардың болуын қамтамасыз ету, арадағы делдалдарды барынша азайту. Әйтпесе, баға қымбаттап, инфляцияға жол ашылып, атқарылып жатқан шаралардың тиімділігі төмендеуі мүмкін. Тағы бір мәселе, еліміздегі қолданыстағы ең төменгі күнкөріс көлемі мен ең төменгі жалақы көлемін қайта қарайтын уақыт жетті. Бүгінгі таңда ең төменгі жалақы 29690 теңгені құрайды. Бұл сома еліміздегі қазіргі қалыптасқан экономикалық жағдай мен халқымыздың әл-ауқатының көрсеткіші бола алмайды.
Халықтың әл-ауқатын арттыруға, өмір сапасын жақсартуға бөлінген қаржыны әрбір отбасына, нақты адамға жеткізуді қамтамасыз ету Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға үлкен жауапкершілікті, тиянақты, тиімді жұмыс істеуді талап етеді. Бұл билік үшін үлкен сын.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
экономика ғылымдарының докторыәл