СҚО әкiмдiгiнiң отырысында тұрғындар алдындағы есептiк кездесулердiң қорытындылары шығарылды. СҚО басшысы Құмар Ақсақалов аудан және округ әкiмдерiне тұрғындарға мәселелер бойынша тұщымды жауап берiп, түсiндiру жұмыстарын жүргiзуге тапсырма бердi. Бұл туралы СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңiр басшысының айтуынша, тұрғындар қажет ақпаратты толық көлемде ала алмай отыр. «Жалпы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша жергiлiктi атқарушы билiк тарапына келген өтiнiштердiң азайғанын көрiп отырмыз. Облыстан Орталық аппаратқа, соттарға, сондай-ақ аудандардан облысқа келiп түскен өтiнiштердiң азаюы байқалады. Дегенмен, тұрғындарға бар мән-жайды түсiндiру керек. Ол мәселе бiр, екi немесе үш жылда шешiлуi мүмкiн. Тұрғындар жергiлiктi билiктiң бұл мәселелермен айналысып жатқаны туралы бар ақпаратты алулары қажет» дедi Құмар Ақсақалов.
Облыста биыл 622 есептiк кездесу өтiп, 2 мыңға жуық өтiнiш пен ұсыныс келiп түстi. Тұрғындарды негiзiнен абаттандыру, жолдарды жөндеу, ауыз су және әлеуметтiк нысандарды салу мәселелерi толғандырады. 675 сұрақ немесе 34% бақылауға алынды. 1326 сауал кездесу барысында шешiлдi. Облыс әкiмi ең алдымен көп халық тұратын елдi-мекендердiң мәселелерiн шешемiз дейдi.
«Бiзде үш жылдық бюджет бекiтiлген. Мысалы, көп қаржы жолдарды жөндеуге қарастырылған. Барлығын есептей келе, бiз адамдар қай жерде көп тұрады, сол жерге қаражат бағыттауды шештiк» дедi өңiр басшысы.