Ел тарихындағы ақтаңдақтарды мұқият зерделеу, ұлттың рухани өрлеуіне өзгеше серпін-қуат қосқан даңқты тұлғалардың ізгілікті, тарихи іс-қимылдарын дәйектілікпен таныту – қасиетті парызымыз, жүйелі ісіміз. Ендеше, қазақ жұртында діни-мұсылмандық дүниетанымы, көзқарасы, қабілеті, білім-білігі, таным-пайымы терең, имандылық жолында ұлтқа, ұрпаққа жасаған берекелі қызметіне, интеллектуалдық мүмкіндіктер деңгейіне орай оларға белгілі бір дәрежелі лауазымдар ұйғарғаны − халықтың зердесі мен санасында сақталғаны мәлім. Анықтап айтқанда, сопылық дәреже сатыларындағы ең білікті, білім-ғылыммен мұздай қаруланған «толық адам» санатындағы, яғни аяндар мен қағидаттардың құпия мағынасын түсіндіретін хатибтер (уағызшы шешендер), хафиздер (Құранды жатқа анықтап, дауыстап айтушылар), заманының құтыбы атанған хазіреттер, құранқарилер, шейхтер (шайхылар), ахундар, қажылар – Ұлы дала елі тарихындағы діни-шығармашылық һәм ғылыми-санаткерлік әлеуеті жоғары ағартушылар еді.
Осы орайда ұлт тарихындағы «ғылым – Пайғамбардан қалған мирас»деп қабылдаған айтулы діни қайраткерлердің тұлғасы қандай дегенде Мәшһүр Жүсіп өзінің ұстазы Қамаралдин хазіретті былайша сипаттайды: «Ол − дін исламның шамшырағы», «шариғаттың шегесі, дін тұтқасы» еді. 12 пән ғылымды тұтасымен тәмамдаған, таңдайынан дүрлер төгілген ділмар еді деп түйіндейді.
Я болмаса Науан хазірет (1843-1916) 16 жасынан бастап Бұхара мен Бағдат шаһарларының жоғары діни медреселерінде білім алған. Асылы, медреседе мұсылмандық құқық, араб-парсы тілі мен әдебиеті, морфология, синтаксис, сөйлем құрылымы, зерттеу әдістері, хикмет, пәлсафа, логика, хадистану, арифметика, география, математика, тарих, анатомия, медицина, жарыс сөз, айтыс, хашия пәндерін түбірлеп оқытқан.
Негізінде, Ұлы дала тарихындағы хазіреттер мешіт, медресе, мектеп ұйымдастырған, ұстаздықпен, қайраткерлікпен шұғылданған. Мысалы, Бейіс хазірет (1849-1917) 1865-1870 жылдарда «Көкілташ» медресесінде оқып, 1879-1890 жылы Мәдинеде «Хамидия» медресесінде дәріс оқыды. 1874-1878 жылдарда Құнанбай қажы тәкиесінде еңбектенеді. 1891 жылы Орынбор Мұсылман діни назаратының мүшесі әрі «Хусайния» медресесінде қызмет етеді. 1895 жылы Ақмола губерниясының бас имамы болып тағайындалады. Дария білімнің иесі, үздік ұйымдастырушы, бірнеше тілде еркін сөйлеген Бейіс хазірет өз заманының озық ойлы тұлғалары − 1938 жылы Токиода имам болған қоғам қайраткері Рашид Ибрагимовпен (1857-1944), заңгер, тілші, тарихшы, Сорбонна, Анкара, Ыстанбұл университеттерінің профессоры Садри Мақсудимен, шейх Расул Хабиболлаұлымен (1833-1917),
I Мемлекеттік дума Мұсылман фракциясы бюросының мүшесі Шахайдар Сыртлановпен, ағартушы, ойшыл Досжан қажы Қашақұлымен мұраттас, пікірлес болған-ды.
Бір ғана Ақмола өңіріндегі Жалтыр стансасының төңірегіндегі «Әулиелер қорымы» атанған бейітте 9 хазірет жерленген. Олар: Батырқожа (қажылыққа 5 рет барған) Алдажар, Мұқаш, Нұртаза, Баһреддин, Құтан, Садық, Сұлтан, Жанбатыр хазіреттер.
Хазіреттердің рухани болмысы бөлекше. Діни-мұсылмандық білімін, көзқарасын, ой-байламдарын шешендікпен де, ақындықпен де, жүрекке жеткізетін, санаға ұялататын анық, көркем лебізді дауыспен де ел көңілін тебірентетін-ді.
Айталық, маңғыстаулық Ыбырайым ахун (ахунд − парсы сөзі, «ғұлама» деген мағынада қолданылған) Құлбайұлы (1886-1982) – дінбасы, шежіреші және «Алтынды орда қонған жер» (шежіре-дастан), «Келімберді, Құдайке» дейтін көркемдік әлемі бай діни, тарихи дастандардың авторы. Ыбырайым ахунның «Ғұламасы көп еді, Шаһарлы жұртпен теңелген» дейтін лебізі Ұлы дала мәдениетіне берілген әділ сипаттама.
Хазіреттер дүниетанымының әлеуметтік және моральдық сипаттарын білгірлікпен, шеберлікпен ел ішінде кеңінен қолданып, ұлттық дәстүрімізді, ұлттық санамыз бен көзқарасымызды, парасаттылық пен адамшылық қасиеттерімізді байытты, қоғамды ізгілендірді. Сондықтан да Мәңгілік ел тарихында қазақ қоғамын ізгілендіру мен сәулелендіру жолында жарқын із, асыл сөз, құнды мұра қалдырған геноцид саясатының құрбаны болған хазіреттер еңбегін ескеру, ұлылығын ұлықтау – рухани жаңғыруымыздың кепілі болар еді.
Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор