Шәмші Қалдаяқовтың мандолинасы, Өзбекәлі Жәнібековтің тақиясы мен көзілдірігі... Бұл Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтары тамашалап, танымдық терең мағлұмат алған ұлы мұралардың бірі ғана. Түркістан қаласында өткен «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» фестивалінде, сондай-ақ аудан, қалалардан келген қолөнершілердің жасаған бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
Ұлттық қолөнерді дамыту, шеберлер жасаған бұйымдарды халық арасында кеңінен насихаттау, қолдау көрсету, жас әрі дарындыларды анықтау, бабадан қалған қолөнерді кәсіп ретінде дамытуды мақсат еткен игі іс Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған фестивальге 200-ге жуық шебер қатысып, жасаған туындыларын «Ұлы даланың мұрасы» атты қолөнер көрмесіне қойды.
Көрменің ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр Түркістан қаласы көне замандардан бері кәсіпкерлік пен қолөнердің орталығы болғанын атап өтті. «Бүгінгі іс-шара арқылы өңіріміздегі үздік қолөнер шеберлерін анықтап, оларға қолдау көрсетуді көздеп отырмыз. Екіншіден, Түркістан облысы үшін туризм саласының орны ерекше. Ал туризм дамуы үшін қолөнеріміз де дамуы тиіс. Сондықтан шеберлерге жағдай жасалып, шағын кәсіпорындар ашылуы қажет», деді Ербол Садыр. Қолөнер көрмесінде зергерлік бұйымдар, керамика, ағаш ою, былғарыны көркемдеп өңдеу, тоқыма, киіз басу және өзге де салалар бойынша үздік атанған шеберлерге арнайы диплом мен сыйлықтар тапсырылды.
Фестиваль барысында облыс тұрғындары мен қонақтары Оқсыз қалашығы, қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов жәдігерлерімен танысу мүмкіндігіне ие болды. Өңірде туристік нысан ретінде сұранып тұрған аймақтың бірі – Оқсыз қалашығы. Көрмеде келтірілген деректерге жүгінсек, Оқсыз – 870 жылы Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби өмірге келген жер. Ежелгі Ұлы Жібек жолында, Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жерінде бой көтерген Отырар қаласы «Фараб», «Барба-Фараб» деп аталған. Осында əл-Фараби жастық шағын өткізген. Деректерде əл-Фараби Фарабтың өзінде емес, соның маңындағы Весиж қалашығында дүниеге келгені айтылады. Весиж – Сырдарияның сол жағалауында орналасқан қала. Археологтар Весиж қалашығы Отырардан солтүстік-батысқа қарай шамамен 20 шақырымдағы Ақжар сайында орналасқан Оксус қалашығына сəйкес келетінін анықтаған. Қалашық ішкі қамалдан, қабырғамен қоршалған шахристаннан жəне рабаттан тұрады. Қалашықтың VІІІ–ХV ғасырларда тіршілік еткені анықталған. Уақыт өте келе Весиж ұмытылып, асқан ақыл ой иесінің туған жері Фараб қаласы саналып кеткен.
Мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшісі Нәзір Төреқұлов қолданған заттар мен суреттері де көрмеге қойылыпты. Сондай-ақ көрмеде жұрт «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атаған, аса көрнекті сазгер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов қолданған мандолина мен мүштегі және «Отырардағы той» әніне арналған қолжазба көпшіліктің назарына ұсынылды. Бүгінгі таңда «Руханият Әбу Насыр әл-Фараби» музейінде «Вальс падишасының» көптеген жәдігерлері сақталған. Көрмеге келушілердің ерекше назарын аударған жәдігерлерінің бірі қазақ мәдениеті, салт-дәстүрі мен музей саласын дамытуда өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің тақиясы мен көзілдірігі.
Жалпы фестиваль шеңберінде өткен көрмеге 300-ге жуық тарихи, құнды жәдігерлер қойылды. Оның ішінде «Руханият Әбу Насыр әл-Фараби» музейі алып келген Әбу Насыр әл-Фараби, Шәмші Қалдаяқов, Өзбекәлі Жәнібеков, Құлыншақ Кемелұлы, Тәушен Әбуова және Отырардан шыққан көптеген ақын-жазушылар жайлы деректер мен олардың төл дүниелері бар 70-ке жуық жәдігер, сонымен қатар бабтардың бабы — Арыстанбабтың мөрі де көпшілік назарына ұсынылды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Түркістан облысы