АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтуде. Америкадағы айтулы додада біздің өрендердің талантына бүкіл әлемнің мамандары тамсанып, жоғары баға беріп жатыр. Өйткені жарысқа қатысып жатқан бес атлетіміздің үшеуі өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, алтын жүлде олжалады.
Күні кеше жарыс жолына 81 кило салмаққа дейінгі спортшылар шыққан болатын. Қазақстан атынан жас атлет Сәпи Есенкелді бақ сынап, өз қатарластарынан озып шықты. Сәпи Есенкелді қоссайыс қорытындысы бойынша 309 килоны еңсерді. Ол жұлқа көтеруде 134, серпе көтеруде 175 килоны бағындырған. Сондай-ақ отандасымыз екі бағдарлама бойынша кіші алтын медальды қанжығасына байлады. 81 килодағы күміс және қола медальды АҚШ пен Перу зілтеміршілері иеленді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ел қоржынына Сайхан Тайсуев (67 кг) пен Ақмолда Сайрамкез (61 кг) алтын жүлде салған болатын. Бір айта кетерлігі, Сайхан Тайсуев өз қатарластары арасында әлем чемпионы атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңартқан-ды.
Ауыр атлетикадан жасөспірімдер құрамасының бас жаттықтырушысы Бақыт Ахметов Ұлттық Олимпиада комитетіне берген сұхбатында шәкірттерінің осындай нәтиже көрсететініне сенімді болғанын айтады. «Жыл басталғалы бері әлем чемпионатында сәтті өнер көрсету үшін күш салдық. Ойлаған мақсаттарымыз орындалып жатыр. Жарыстың алдында шәкірттерімнің жүлдеге ілігетініне сенімді болдым. Әлем чемпионаты аяқталған жоқ, сондықтан медальдан әлі де үміттіміз», дейді ол.
Жарыс жолына шықпаған екі спортшымыз да ел қоржынына жүлде салады деген үміттеміз. Чемпионат 15 наурызда өз мәресіне жетеді.
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»