Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2019-2023 жылдарға арналған елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет болжамы келісілді, биылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындысы баяндалды. Сонымен қатар 2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның жобасы кеңінен сөз болды.
Қаражат 3 бағытта жұмсалмақ
Негізгі макрокөрсеткіштер мен бюджеттік параметрлердің болжамдары туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов және Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов баяндады.
Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, биылғы макрокөрсеткіштердің оң өзгерісіне әсер еткен негізгі факторлар былтырғыдай ІЖӨ үлесіндегі тау-кен өнеркәсібі мен қызмет көрсету секторының өсу қарқыны есебінен орын алмақ.
− 2018 жылы ІЖӨ көлемі 58,8 трлн теңгені құрады. Бұл 2019 жылды бағалау үшін жақсы база саналады. 2018 жылмен салыстырғанда мұнай өндіру 1,4 млн тоннаға немесе 1,5%-ға төмендейді. Бұл тау-кен өнеркәсібінің баяу өсуін қалыптастырады. Бұған қоса, қызмет көрсету секторы бойынша барынша жоғары өсім күтіліп отыр. Қызмет көрсету секторы өсімінің негізі – ішкі сұраныстың ұлғаюы, − деп мәлімдеді Р.Дәленов.
Жиында белгілі болғандай, сыртқы және ішкі факторлар негізінде 2019 жылға арналған базалық параметрлер бұрын мақұлданған деңгейде сақталды. Атап айтар болсақ, мұнай бағасы 1 баррель – 55 АҚШ доллары көлемінде сақталса, теңге бағамы 1 АҚШ доллары – 370 теңгені құрайды. Сонымен қатар, жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі – 4-6%.
Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде Елбасының жаңа әлеуметтік бастамаларын іске асыруды, сонымен қатар Қазақстан халқына арналған Жолдауды және «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берілген тапсырмаларды орындауға жұмсалатын қаражатты анықтау үшін 2019 жылға арналған бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов нақтыланған республикалық бюджеттің жобасы әзірленгенін айтты.
− Алда тұрған басты мақсаттардың бірі – біріншіден, осы нақтыланған республикалық бюджеттің жобасын Парламентке енгізу және оның қабылдануын қамтамасыз ету. Екіншіден, нақтыланған бюджетте көзделген төлемдердің алушыларға уақытында жетуін қамтамасыз ету үшін барлық бюджеттік процедураларды тез арада өткізу. Үшіншіден, бюджет кірістерінің толық орындалуын қадағалау және бюджет қаражатының атқарылуына онлайн-мониторингіні жалғастыру, – деді Ә.Смайылов. Министрдің айтуынша, нақтыланған бюджет жобасы үш бағыт бойынша қарастырылады. Біріншісі, Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде атаған «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру үшін жалпы сомасы 444,3 млрд теңге бөлінеді.
– Аталған қаражат аясында азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдауды күшейту көзделген, оның ішінде жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын, мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақыларды ұлғайту, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау параметрлерін өзгерту, аз қамтылған көп балалы отбасыларға жалдамалы тұрғын үй салу және ҚТҚЖБ арқылы жеңілдікті несиелендіруді енгізу. Сондай-ақ өңірлік инфрақұрылым мен «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын дамыту көзделген, – деді Ә.Смайылов.
Мемлекеттік қазынадан бөлінетін қаражаттың екінші бағыты − Жастар жылын өткізу аясында іс-шараларды іске асыруға арналып отыр. Бұл мақсатқа 24,6 млрд теңге бөлінбек. Үшіншісі, Президенттің 2017 және 2018 жылдардағы Жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындау үшін 286 млрд теңге қарастырылған. Қаржы министрі аталған қаражат аясында Түркістан облысын және Астана қаласын дамытудың кешенді жоспарларын іске асыру, Астанада Ғылыми-онкологиялық орталық салу, «Сарыарқа» газ құбырын тарту, сондай-ақ еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты іс-шараларды іске асыру көзделгенін атап өтті.
Міндет – ІЖӨ көлемін 5 пайызға жеткізу
Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов осы жылғы екі айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ серпіні артқанын, инфляция нысаналы дәлізде сақталып отырғанын, инвестициялар қайта өсе бастағанын, халықаралық қорлар тұрақты деңгейде тұрғанын атап өтті.
− ІЖӨ өсуі – 3,5%. Қаңтарда бұл көрсеткіш 2,9%-ды құраған болатын. Мұндай серпін тауарлар өндірісінің өсуімен, сондай-ақ қызмет көрсету секторының жақсаруымен тығыз байланысты, – деді Ұлттық экономика министрі. Аталған министрлік келтірген дерек бойынша, өнеркәсіп өндірісінің өсуі қаңтар-ақпанда 2,7%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсу қарқыны байқалып, өндіріс көлемі 3,6%-ға ұлғайған.
Жиында сөз алған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жылдық инфляцияның бәсеңдегенін хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде «7-20-25» бағдарламасы 8 банк арқылы жүзеге асырылып жатыр. 1 наурызға дейінгі аралықта 114,1 млрд теңге сомаға 9 983 өтінім қабылданған. Сондай-ақ 68 млрд теңгеге 5 816 өтінім мақұлданғаны анықталып отыр.
− Банктер 4 566 өтінім бойынша 54,5 млрд теңге берді. «Баспана» ипотекалық ұйымы 13 әкімдікпен бағдарлама бойынша бастапқы жарнаны субсидиялау туралы меморандумдар жасады, – деді Е.Досаев. Сонымен қатар ол 2019 жылғы қаңтарда банктердің активтері 0,1 %-ға азайып, 25,2 трлн теңге болғанын атап өтті.
− Елімізде мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар кредиттер несие портфелінің 8,1%-ын құрады. Сақтандыру ұйымдарының активтері ағымдағы жылғы қаңтарда 1 080 млрд теңгеге, яғни 3%-ға өсті. Бұл ретте сақтандыру резервтері 5,6%-ға ұлғайып, 548 млрд теңге болды, – деді Ұлттық банк төрағасы. Сонымен қатар Е.Досаевтың баяндамасында несие беру нарығының біртіндеп қалыпқа келгендігі айтылды.
− 2019 жылғы қаңтарда 898 млрд теңгеге жаңа несиелер берілді. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,2%-ға көп. Несие портфелі 2019 жылғы қаңтардың соңында 12,5 трлн теңгені құрады, – деді ол. Министрдің айтуынша, кәсіпорындарға теңгемен несие беру мөлшерлемесі 2018 жылдың басындағы 13,2%-дан 2019 жылғы қаңтарда 12,4%-ға дейін төмендеген. Қысқа мерзімді несиелер бойынша мөлшерлеме 12,9%-дан 12,3%-ға дейін, ұзақ мерзімді несие беру бойынша 14,3%-дан 13,8%-ға дейін төмендеген.
− Экономиканың басым секторлары үшін 600 млрд теңге сомаға ұзақ мерзімді ресурстар беру міндеті аясында Ұлттық банк Үкіметпен және банктермен бірлесіп жобаларды қаржыландыру тетіктерін әзірледі. 2019 жылғы 1 наурызда екі банктің 25 млрд теңге көлеміндегі облигациялары сатып алынды, – деді Е.Досаев.
Тақырыпты қорытындылаған Үкімет басшысы А.Мамин тау-кен, химия өнеркәсібінде, машина жасауда, сауда, көлік саласында, ауыл шаруашылығында оң өсім қарқыны байқалатынын атап өтті. Жалпы ІЖӨ екі айда 3,5%-ға өскеніне тоқтала келіп, негізгі міндет биыл ІЖӨ-ні 5%-ға жеткізу екенін айтты.
Туризмді дамытуға тиіс бағдарлама бекітілді
Үкімет үйінде қаралған үшінші мәселе – туризм саласына қатысты. Мәдениет және спорт министрлігінің деректері бойынша, Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және оған ілеспе заң жобасын қабылдау арқылы саяхат үшін тартымды 50 елдің қатарына кіруге мүмкіндік тумақ. Мемлекеттік бағдарлама елеулі әлеуметтік-экономикалық әсері бар 10 жүйелі шараны қамтиды. Министрдің айтуынша, бұл бағытта 800 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 200-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
− Қазақстанды туризмнің әлемдік картасында ілгерілету және маркетинг жұмыстары үшін шетелдік тәжірибеге ұқсас, шетел азаматтарынан 2-4 доллар мөлшерінде туристік жарна («Bed Tax») алуды енгізу жоспарда бар. Шара мемлекеттік бағдарлама қабылданған сәттен бастап Қазақстан бойынша әрекет ететін болады.
Сонымен қатар А.Мұхамедиұлы мемлекеттік бағдарлама жобасында визалық режімді ырықтандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Мұнда «e-Visa» тетігін оңтайландыру, 72 сағаттық визасыз транзитті кеңейтудің шаралар кешені әзірленеді. Бұған қоса, e-Hotel жүйесін енгізу көзделген. Аталған шаралар елімізге шетелдік туристер ағынының ұлғаюын қамтамасыз етеді. Бұдан өзге, мемлекеттік бағдарлама аясында республика шекараларында өткізу пункттерінің жұмысын жетілдіру, сондай-ақ Еуроодақ, Аустралия, Таиланд, Сингапур және ТМД-ның кейбір елдері – Ресей, Беларусь, Грузия елдерінің тәжірибесі бойынша 2022 жылдан бастап «Tax Free» енгізу жоспарда бар. Осындай шаралардың нәтижесінде дамыған елдер сауда айналымын ғана емес, шопинг-туристердің ағынын да ұлғайтқанын жеткізді.
Мемлекеттік бағдарлама жобасын іске асыру барысында McKinsey халықаралық консалтингілік компаниясы қазақстандық өкілдігінің кеңесшісі Йохан Бербнер сөз сөйледі. Ол туристік орындарды дамыту бойынша тәуелсіз сарапшы ретіндегі пікірін жеткізді. Сонымен қатар И.Бербнер Қазақстанның жоғары туристік әлеуеті бар екенін және оны табысты іске асырған сәтте туризм Қазақстан экономикасының жаңа драйверіне айналатынын атап өтті.
Премьер-Министр А.Мамин туризм саласын дамыту аясында күрделі, бірақ қолдан келетін міндет тұрғанын жеткізді.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»