Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әйгілі тарихи тұлғаларымыз бен олардың қайталанбас мұрасының құрметіне ашық аспан астындағы ескерткіш саябақтар ашу, қазіргі әдебиет, музыка, театр, кескіндеме өнері саласында ұлы тұлғалар бейнесінің галереясын жасау қажеттігін айта келіп: «Біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шетелдегілер де білетін болады» деп атап көрсеткен еді.
Сондай тұлғаларымыздың бірі және бірегейі Нұрғиса Тілендиев екені даусыз. Күйші-композитордың Кеңес Одағы мен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық Қаһарманы сияқты ресми атақтарын былай қойғанда, аңызға айналған сөздері мен істері ең әуелі қазақ халқына, оның бірлігіне, сонан соң ұлт өнеріне қызмет еткенін және ете беретінін уақыт дәлелдеп берді. Білімі, таланты арқылы ұлтымыздың, Қазақстанның атын әлемге таныта білген осы өнер алыбы – қашанда Тәуелсіздіктің рухани ұстындарының бірі. Ол болмысымен, мінезімен, қайталанбас шығармашылығымен туған ұлтының ұйытқысы бола білді. Бүкіл ғұмырын Отанының рухани жаңғыруына арнап өтті.
Нұрғиса Тілендиев туралы қаншама кітап жазылды, нешеме кинофильм түсірілді. Алайда тұлғаны ұлықтаудың елдікпен астасқан жолы бар екенін ұмытпалық. Осы ретте оның есімін мәңгі қалдыру мақсатында аты бірнеше рет өзгерген «Астана» концерт залын (бұрынғы «Конгресс-холл») «Нұрғиса» деп нақты атау елордамызға рух, өнерімізге елеулі серпін беретініне күмәніміз жоқ. «Ел тойы немесе өнер шарасы Астанадағы Нұрғиса сарайында яки залында өтіп жатыр» десе, аға толқын да, жастар да елең етері сөзсіз. Бұл – өнер сабақтастығына, шынайы шығармашылыққа құрмет.
Көнекөздердің айтуынша, Нұрағаң дүниеге келгенде, әкесі нәрестеге «еліне нұр құйып, шуақ шашсын» деген ниетпен азан шақырып, айрықша ат қойған. Атаның ақ ниеті мен ананың мейірім-ықыласы қабыл болып, жүзеге асқанына ел куә, жер куә!
Тегінде, бұл – дәстүрімізге, салт-санамызға, ұлттың жақсы ырымына қойылған ескерткіш болар еді. Шежіре-тарихқа мән берсек, аруақты әулеттің иесі, отағасы Атабай – үлкен молда, анасы Салиха – сырнай тартқан дегдар, Түктібай атасы – өнер қонған қобызшы. Нұрғиса ағамыз: «Мен сақал қойсам, Жамбыл жәкемнен аумайтын едім» дейтін рухани пірі – жүз жасаған жүрек, жыр алыбы – Ж.Жабаев. Нағашы жағынан бір атасы – Кенен Әзірбаев. Ұстаздары – Ахмет Жұбанов пен Мұқан Төлебаев... Бұлардың әрқайсысы – бір тарих, бір дәуір, бір дастан емес пе?
Аңызға айналған Нұрғиса – сол тұлғалардың мұрасынан нәр алған және оған қамқор болған, талантын, кәсібін мансапқа айырбастамай, ұлы өнерде өнеге қалдырған, ұлт музыкасында дара жол салған, дарындардың арасын жалғаған нағыз шығармашылықтың шынары. Қазақ аман тұрғанда аты өшпейтін, жұлдызы жарқырай беретін тұлғаны құрметтеу арқылы біз Қазақстанның төрт тарапының ән-күйін, музыка тұлғаларын қадірлеген боламыз. 500-ден астам ән-күй шығарған талант иесіне жаңарған Қазақ елінің бағасы, ниеті бір сараймен ғана өлшенбесі белгілі. Біз «Нұрғиса сарайының» ішін ұлттың айнымас мазмұнына, елдің өзгермес құндылығына толтыра білуіміз қажет.
Осы ойымызды ұлт өнеріне олжа салған азаматтар – әнші Бекболат Тілеухан мен күйші Секен Тұрысбекке айтқанымызда, өнерсүйер қауымның көкейіндегісін дөп басқанымызға көз жеткіздік. Діттеген істің ендігі тетігі – осы ойдың бірнеше өнер ұжымы атынан ұсыныс түрінде рәсімделіп, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Ономастика комиссиясына жолдануы. Ол күн де алыс емес.
Жақында бірнеше әріптесімізбен бірге атақты композитордың Алматыдағы мемориалдық музей-үйіне жолымыз түсті. Н.Тілендиев қорының басшысы, музейді ұйымдастыруға көп еңбек сіңіріп жүрген даңқты композитордың жұбайы Дариға Тілендікеліні жылы шыраймен қарсы алып, жас ұрпаққа патриоттық және эстетикалық тәрбие беретін киелі орталықтың жұмыс жоспары туралы кеңінен әңгімелеп берді. Біз де музей қызметкерлеріне осы тарихи-рухани орынға жаңа көзқарас, заманауи талап қажеттігін айттық. Әсіресе, ғылыми-зерттеулер мен экспозициялық ізденістерге кешенді қараудың маңызын қаузадық. Әрине, бұл сала мамандары жауапты атқарушы билік органдарымен бірлесе отырып арнайы бағдарлама жасау арқылы жүзеге аспақ. Жәдігерлерді толықтыру үшін де жүйелі қаржылай көмек, ең бастысы елшіл ықылас керек.
Жалпы, мемориалдық музейлер желісі үлкен қалаларда, мегаполистерде туризмді дамытуда қомақты үлес қосып отыр. Бұған мысал ретінде Санкт-Петербург қаласының тәжірибесін алсақ та жетеді. Нормативтік-құқықтық жағынан да қарастыратын мәселелердің туындауы заңды. Оның барлығы арнайы зерттеуді қажет етеді.
Халық алтын қордағы, барлық оркестрлер мен күйшілердің орындауындағы Нұрғиса Тілендиев күйлерін естіген сайын бір жасап қалуы – ұлт танымындағы сабақтастықтың үзілмегеніне дәлел. Композитордың шығармашылық тылсымы және азаматтық болмысы жаңа зерттеушілерді күтіп жатқаны да белгілі. Біздің ерекше айтпағымыз – біртуар ақын Қадыр Мырзалиевпен бірге жазған «Өз елім» әні. Тәуелсіздік туы көтерілгеннен бері аталған әннің екінші тынысы ашылды. Талантты «МұзАрт» тобымен бірге жасы бар, жасамысы бар – бүкіл қазақ, түрі басқа, тілегі бір жұртымыз, баршасы жүрегімен шырқайтын әнге айналды.
Келгенде көктемі,
Көңілін гүл басқан.
Шырағы көктегі,
Жұлдызбен сырласқан,–
деп басталатын әннің қайырмасындағы Қазақ елі алдындағы перзенттік парыз бен отаншыл сезімді дөп суреттейтін «Өз елім менің! Өзегім менің!» деген сөздер ешкімді бейжай қалдырмайды.
Адамзат баласы үшін дүниедегі баға жетпес, ештеңеге айырбастамайтын ең қымбат, ең қастерлі ұғым – Отан туралы осындай әндер көбірек шырқалса екен дейміз. Бұл ән – санаға жатталатын, жүректің көзін ашатын есті ән.
Биыл – қазақ күйінің ЮНЕСКО-дағы материалдық емес, рухани құндылықтар тізіміне енгеніне 5 жыл толады екен. Осы мерейлі кезеңді лайықты таныстыруда да Нұрғиса мұрасының, Н.Тілендиев тағылымының орны бар.
Бұйырса, таяу болашақта елорда тұрғындары мен қонақтары «Нұрғиса» концерт залының немесе өнер сарайының атауына көзі түскенде, ұлтқа қызмет еткен биік тұлғаның өнеріне бір тағзым етсе, осындай дара перзентті дүниеге әкелген Ұлы дала яки Қазақ еліне мың сан тағзым ететініне сеніміміз кәміл.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты