Ақтауды дамыту, келген-кеткен қонақтарды теңіз жағалауындағы қазақстандық қаланың көркіне тәнті ету – өңірде қолға алынған басты шаруалардың бірі. Бұл бағыттағы жоспарлар да жоқ емес. Ірілі-ұсақты жобалар межеленген қалада теңіз жағалауын көркейту жұмыстары жалғасуда.
Жуырда теңіз жағалауында жасанды пальма ағаштары бой көтере бастады. Өңірдегі әлеуметтік мәселелерге қолдау көрсетіп келе жатқан НКОК компаниясының қолдауымен қолға алынған Ақтауды «пальмаландыру» жұртшылықтың қызығушылығын тудырды.
Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, пальмалар Ақтаудағы 14-шағын ауданнан 15-шағын аудандағы жаңартылған жағалауға дейін отырғызылатын болады. Бұл шамамен 1,5 шақырым қашықтықты құрайды. Пальмалардың арақашықтығы – 15 метр. Биіктігі 11 метрлік декоративтік нысанның Ақтау қаласы бойынша 100 данасын отырғызу көзделген.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы