Туристер мен жолаушылар бұдан былай Ташкенттен Астанаға бір ғана автобуспен жете алады. Өзбекстан мен Қазақстан арасында жаңа мемлекетаралық Ташкент-Астана автобус бағыты ашылды.
Жаңа маршруттың ара қашықтығы 1 646 шақырымды құрайды. Ал жол жүру уақыты — 27 сағат 30 минут. Бір жолғы билет құны 312 мың сум (теңгеге шаққанда 14 344 теңге).
Екі аралықтағы жолдың ұзақтығына байланысты жолаушыларға заманауи «YUTONG» автобустары ұсынылып отыр. Халықаралық автобағыттың алғашқы рейсі 10 наурызда басталды. Алдағы уақытта рейстердің саны әр тараптан күніне 4-ретке дейін артады дейді тасымалдаушы мекеме өкілдері.
Қазір автобустар Астанадан сағат 15:00-де, 16:00-де, 17:00-де, 18:00-де және Ташкенттен сағат 12:00-де, 14:00-де, 16:00-де, 18:00-де шығатын болады.
Айта кетерлігі, бүгінде Өзбекстан мен Қазақстан арасында алты мемлекетаралық автобус бағыттары іске қосылған.
Яғни Ташкент – Шымкент, Ташкент – Алматы, Ташкент – Қызылорда, Ташкент – Түркістан, Нөкіс – Үшқоңыр, Шыршық – Ұшқын.
Естеріңізге салар болсақ, бауырлас ел арасындағы ең алғашқы автобус бағыты Шымкент – Ташкент бағытында ашылған болатын. Бүгінде көршілес қалалар арасындағы бағыт тұрақты түрде жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта Өзбекстан астанасынан еліміздің өзге қалаларына да арнайы бағыт ашу жоспарлануда.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
ШЫМКЕНТ