Шымкенттегі бірқатар білім ұяларында Санитарлық талапт сақталмаған. Соңғы кездері мектеп асханасы туралы ата-аналар жиі шағымдануда. Осыған орай, Шымкент қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері шаһардағы білім беру мекемелеріне арнайы тексеру жүргізді.
Нәтижесінде тазалыққа мән бермеген 390 білім ошағына 10 миллион теңгеден аса айыппұл салынды. Әрі, білім ұяларындағы кемшіліктерді жоюға нақты орындау мерзімдері көрсетіліп, санитариялық ұйғарымдар берілді. Айта кетерлігі, бұл мекемелердің 79-ы қаладағы мектептер болса, қалғандары өзге де білім беретін ұйымдар.
Осы реткі тексеру барысында шаһардағы жекеменшік балабақшалардың да санитарлық тазалыққа немқұрайды қарайтындығы анықталды. Солардың бірі ретінде қаладағы «Зерек» балабақшасын жабуға материал тапсырылып, сот шешімімен жұмысын уақытша тоқтатуға қаулы шығарылды. 51 қызметкер жұмыстан шеттетілді.
Рейдттік тексеру кезінде оқушылардың бой-жас ерекшеліктеріне қарай мектеп парталарын таңбалау талаптарының сақтамауы, ылғалды жинау режимінің сақталмауы, кейбір азық-түліктердің сапасын және қауіпсіздігін дәлелдейтін құжаттарының болмағандығы белгілі болды. Сондай-ақ, өндірістік зертханамен бақылау жүргізуге келісімшарттарының мерзімі өткендігі және басқа да кемшіліктері тіркелді.
Бұдан басқа, оқушыларға ыстық тамақ ұйымдастыруға мониторинг жүргізілді. Өткен жылы үшінші мегаполисте 127 мектепте ыстық тамақ берілсе, 9 мектепте буфеттік тамақ ұйымдастырылған. Ал, 4 мектепте (№ 95, 115,121,123) ыстық тамақ мүлдем дайындалмаған.
Жас ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер ететін мәселеге бей-жай қарамаған салалық департамент өкілдері алдын-алу шараларын жүргізе бастады. Тазалық-денсаулық кепілі екендігін кеңінен түсіндіру мақсатында қалалық білім басқармасымен бірлесіп, мектеп директорлары және мектеп асханаларын жалға алушы жеке кәсіпкерлердің қатысуымен семинарлар ұйымдастырылды.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент