• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Наурыз, 2019

Қоршау салып алған, ал рұқсат алынбаған...

1006 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасындағы орталық саябақта аяқ астынан қоршау пайда болғанын байқап қалған тұрғындар дабыл қақты. Қоршау пайда болды дегенше, ондағы тал-теректің түбіне балта жетеді дей беріңіз...

Тұрғындар қаққан дабыл діттеген жеріне жетті де. Саябаққа қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтің өзі келіп, мән-жайға түсінік берді.

– Бұл жерде спорттық нысандар салынады,  – деді ол. – Қазір мұнда көп жылдардан бері пайдаланылмай келе жатқан футбол алаңы бар. Сондықтан, бұл жерге спорттық нысан салуды ойластырып жүрміз. Бізге мұндай ұсыныспен Қазақстанның теннис федерациясы шықты. Инвестиция құны 2,2 миллиард теңге.

Қала әкімінің уәжі белсенді тұрғындардың көкейіне қоныңқырамады. «Бізде – Пришахтинск пен Оңтүстік-Шығыста екі теннис корты бар. Қарағандыдан қаптап шыққан теннисшілерді көргеніміз жоқ, ал тенниспен айналысам дегендерге осы екі корт та жетпей ме? Бір нәрсені салмас бұрын тұрғындармен неге ақылдаспайсыздар? Қоғамдық тыңдау не себептен өткізілмейді?», деп олар қала басшысын сұрақтың астына алды.

Әубәкіровтің де жауабы әзір екен, нақты деректермен жауап берді.

– Пришахтинскіде бір сағат тенниспен айналысқаныңыз үшін 4000 теңге төлейсіз. Ал Оңтүстік-Шығыстағы теннис орталығы аузы-мұрнынан шығады. Яғни, тенниспен шұғылдануға деген сұраныс зор, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ ол саябақтағы жер телімінің жекеменшікке өтпейтінін айтты. Ал саябақтағы аталған жер 4 жыл 11 ай мерзімге жалға берілген екен. Әкімнің сөзіне сенсек, қоршауға алынған жердегі ағаштар кесілмейтін көрінеді.

«Мәдени және демалыс саябағы басқармасы жақын арада заманауи техника сатып алып, корт салуға кедергі келтіретін 180-ге жуық талды тамырымен қопарып жұлып алады да, басқа жерге еге салады», деді қала әкім. Яғни, арба сынбайды, өгіз де өлмейді.

Қызықтың көкесі мынада болып шықты: саябақтағы жер телімі қоршауға алынғанымен, ол жерге қандай да бір құрылыс жүргізуге рұқсат әлі алынбаған екен. Тек жоба дайын болғаннан кейін ғана қоғамдық тыңдау ұйымдастырылмақшы. «Апам да аң-таң, мен де аң-таңмын» деген осы болар.

Бір жағынан алып қарасаңыз, Қарағандының тұрғындары мен қонақтары сүйіп келетін орталық саябақта спорттық-сауықтыру нысанының болғаны да жақсы. Қолға ракетка алып, бір мезгіл ащы тер шығару – саламатты өмір салтын ұстанған адамға нағыз демалыс қой. Тек, бәленбай жылдан бері жайқалып өсіп тұрған жасыл желекті аяйсың...

Қоғамдық тыңдау Наурыз мерекесін тойлағаннан кейін өтуі мүмкін. Ал әзірге саябақта құрылысқа дайындық жұмыстары әсте саябырлаған емес. Керісінше, қаңылтыр темірден соғылған қоршау кеңейіп, құрылысқа қажетті материалдар үсті-үстіне жеткізіліп жатыр. Соған қарағанда, жоғарыдан нұсқау алған қала әкімдігі үшін қоғамдық тыңдау дегеніңіз құр әншейін көзалдау сияқты ма деп қаласың...

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

Қарағанды