Бүгінде халықаралық аренада білімімен Қазақстанды әлемге танытып, үлгі етіп жүрген жастар жетерлік. Соның бірі – Америкада еңбек етіп жүрген отандасымыз, заңгер Айнұр КӨКЕТАЕВА. Ол Америкаға технологиялық компанияның жұмысқа шақыруы бойынша отбасымен арнайы кеткен. Қазақ қызын жұмысқа шақырған елдердің қатарында Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия сияқты дамыған елдер де болды. Айнұрмен АҚШ-тағы өмірі, қызмет бабы және жастар мәселелері туралы әңгімелескен едік.
– Айнұр, неліктен Америкада жұмыс істеу туралы шешім қабылдадыңыз?
– АҚШ-та бәріне мүмкіндік жасалған. Адамның мүмкіндігі мен қабілеті анық көрінеді. Ел астанасында барлық музейге кіру тегін. Күн сайын музей аралауға, елдің мәдениетімен, тарихымен танысуға болады. Америкалықтар тәуелсіздігін ерекше құрметтейді, тіпті кішкентай жерлер немесе қалалардың тарихы туралы сағаттап айтуға дайын. Америкаға келгеннен кейін компания бізге жиһаздалған үш бөлмелі пәтер беріп, алғашқы пайызсыз қарыз алуға көмектесті. Бір сөзбен айтқанда, қолайлы жағдайдың барлығын жасады.
– Елдегі білім беру жүйесі туралы не айтасыз?
– Америкада әртүрлі жастағы адамдарды бір партадан кездестірсеңіз таңғалмайсыз. Бірі белгілі бір кезеңнен кейін мамандығын ауыстырғысы келеді, ал бірі мансап сатысымен алға жылжуды қалайды. Бастысы, оқуды аяқтағаннан кейін нарықтағы жағдай олардың бәріне бірдей, елде жұмыссыздық деңгейі төмен. Ғылым күннен-күнге қарыштап дамып келеді. Жан-жақты зерттеулер мен ғылыми жұмыстарды әлемдік компаниялар қаржыландырады. Ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын студенттерге грант беріледі, бұл ғалымдардың жалақыларына әсер етпейді. ЖОО түлектері қаншалықты қызметке көп орналасса, оның абыройы соншалықты жоғары. Маман даярлаудың сапасы компания тарапынан бағаланады. Компаниялар озық университеттегі студенттерді жұмысқа шақырады. Сондықтан оқу орындары арасында бәсеке күшті, сондай-ақ олар бітіруші түлектерге жұмыс табуда айтарлықтай көмектеседі.
– Америкада ЖОО бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі қандай?
– ЖОО бітірген студентті бірден жұмысқа орналастыру маманға деген сұранысқа байланысты. Әлі күнге дейін IT, қаржы, медицина саласындағы мамандар жеткіліксіз. Бұл географиялық жағдайға да байланысты. Мысалы, қаржыгерлер Нью-Йоркке, Бостонға, Чикагоға барғаны дұрыс. Ал Калифорния IT, жұртшылықпен байланыс және әлеуметтік мамандарды қажет етеді. Қазір қарт адамдарға күтім жасау және қызмет көрсету нарығы белсенді дамуда. Осы арқылы қарттар құқығын қорғау бойынша заңнама дамиды. Қысқаша айтқанда, Америкада жұмыс табу адамның қабілеті мен біліміне тікелей байланысты.
Сонымен қатар Америкадағы ЖОО мен компаниялар жас мамандарға оқу бітірген соң қосымша практика алаңында өз мүмкіндігін сынап көруге мүмкіндік береді. Тәжірибе уақыты – бір жыл. Бірақ Қазақстанда бұл басқаша. Еліміз америкалық ЖОО-ны тәмамдаған студенттің қазақстандық ЖОО-ны бітірген студенттен айырмасы болатынын түсінуі тиіс. Егер Қазақстан бизнес пен экономикада әлем елдерімен бір тілде сөйлесуді көздесе, «Болашақ» бағдарламасымен оқығандар үшін тәжірибе алаңын жасау қажет.
– Қазір шетелге жұмысқа кетіп жатқан замандастарымыз өз елімізде де аз емес. Бұл жағдайды қалай бағалайсыз?
– Қазір барлық шекара ашық. Шетелдің мамандарымен байланыс орнатуға мүмкіндік мол. Аустралия, Канада, Жаңа Зеландия және экономикалық миграцияға қызығушылық танытқан басқа да елдер өзге мемлекеттерден ақылы түрде маман алдыртады. Қазір Канада медицина мамандарын өзге елдерден алдыртуға ынта танытып отыр. Мен отандық мамандар үшін осы жолды дұрыс деп ойлаймын. Олар басқа елде өмір сүріп, өздерін нағыз маман ретінде танытып қана қоймай, жаңа нәрселер де үйренеді. Кез келген адам өзгелермен салыстыру арқылы өз еліне ең озық жаңалықтарды әкеледі. Жаһандық миграция – әлемдік кеңістіктегі табиғи процесс. Сондықтан қазақстандық мамандардың шетелде жұмыс істеуі қалыпты жағдай деп ойлаймын.
– Қазір қоғамда «шетелде жұмыс істеп, күреп ақша табуға болады» деген пікір бар. Осы қаншалықты рас?
– Америкада тәжірибе өтілі бар білікті маманның жалақысы басқа елдердегі сияқты жоғары. Қазақстанмен салыстырғанда қызметкерлер мұнда жоғары жалақы алады, бірақ өмір сүру құны соған сай. Сондай-ақ қызметкерін белгілі бір индустрияға қатысты оқытып, қайтарымсыз қаржылай көмек те көрсетіп отырады. Егер қызметкер білім саласында еңбек етсе, онда жылжымайтын мүлікке жұмсалған бірінші салымның жартысы жеңілдік болып саналады. Егер студент федеральды қаржы ресурстарынан несие алса, оқу бітіргеннен соң мемлекеттік қызметте 5 жыл жұмыс істесе, бұл несие қайтарылмайды. Сонымен қатар діни орындар да қай дінді ұстанатынына қарамастан, студенттерге көмек береді. Шіркеуде бірнеше сағат жұмыс істегендерге белгілі мөлшерде оқуының ақысын төлеуге көмектеседі.
Америкада адамдар жасына қарамастан үнемі ізденіс үстінде болады. Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін халықаралық сертификаттар алуға тырысады, ізденеді. Адамдар орта жолға келгенде өздерінің мамандықтарын ауыстырып жатады. Мысалы, архитектор заң факультетіне құжат тапсыруы мүмкін. Ол тек архитектор не заңгер болғаннан гөрі қос мамандықты қатар меңгергенде көп мүмкіндіктердің есігі ашылатынын жақсы біледі. Оның құрылыс пен архитектураға қатысты заң нормаларын шығаратын мемлекеттік қызметте істеуге мүмкіндігі бар. Бір сөзбен айтқанда, еңбек нарығындағы трендте бір-бірімен байланысты бірнеше мамандықты меңгеру тұр. Америкада тіс дәрігерлері екі жыл сайын профессионалды лицензия уақытын ұзарту үшін оқиды. Адам өзінің қабілетін үнемі жетілдіруі үшін оқуы керек. Бірақ бұл – мақсатсыз дипломдардың санын көбейту деген сөз емес. Жастарға қиындықтардан қорықпаңыздар, тек алға жүріңіздер дегім келеді. Бар күш-жігерді өмірлеріңізді, қоғамды жақсартуға жұмсаңыздар.
Әңгімелескен Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»