• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Футбол 14 Наурыз, 2019

«Жетісу» көш бастады

1071 рет
көрсетілді

Өткен апта соңында футболдан Қазақстан премьер-лигасы басталды. XXVIII ішкі біріншілігіміздің ойындары еліміздің 6 қаласында өтті. Наурыздан қарашаға дейін 3 айналымнан тұратын чемпионат жыл сайын қызықты болып келеді. Биылғы біріншілік қалай басталды, командаларда қандай өзгерістер бар және алғашқы тур ойындары нендей ерекшеліктермен өрнектелгеніне тоқталып өтсек. 

Өткен маусыммен салыс­тыр­ғанда құрамын 90 пайызға өзгерт­кен Талдықорғанның «Жетісу» клу­бының футболшылары бір-біріне үйренісу үшін біраз уақыт керек деп топшылаған мамандар. Бірақ «Жетісу» өз алаңында пре­мьер-лигаға қайта оралған Көк­шетаудың «Оқжетпес» командасын 5:1 есебімен жеңеді деп ешкім болжамаса керек. Талдықорғанда өткен матчта біріншіліктің алғашқы голы да соғылды. Ойынның небəрі 11-минутында қысқы трансферде команда құрамын толықтырған Абылайхан Махамбетов салды. Махамбетов былтыр «Қыран» сапында Бірінші лиганың сұрмергені атанған. Андрей Карпович баптайтын «Оқжетпесті» әлі алда талай сынақ күтіп тұрғаны анық. Осы жеңістен кейін «Жетісу» әзірге турнир кестесінде көш бастады. 

Күн райының ыңғайлылығына байланысты шырайлы Шымкент жері əдеттегідей алғашқы бір­не­ше турды өз алаңында өткі­зеді. «Ордабасы» бұл жолы Қараған­ды­дан келген «Шахтерді» 3:0 есебімен жеңді. Маусымаралық үзілісте «Ор­дабасы» құрамын отандық жә­не шетелдік футболшылармен то­лықтырды. Мысалы, былтыр «Ас­тана» сапында ел чемпионы атанып, Еуропа лигасында ойна­ған қорғаушы Сергей Малый мен шабуыл­шы Алексей Щеткин, был­тырғы маусымда «Тобылда» доп тепкен қорғаушы Марат Быстров пен қақпашы Дмитрий Непогодов және Болгарияның «Лудогорец» командасынан келген Жоао Пауло мен Махлангу Май секілді футболшылар қосылды. Бір айта кетерлігі, кездесудегі үш голдың екеуін Жоао Пауло, біреуін Махлангу Май соқ­ты. Ал үш голға да Алексей Щеткин ас­систенттік жасады. Осыдан-ақ «Ордабасының» бұл маусымда қалай күшейгенін байқауға болатын шығар. «Шахтер» өз құрамын кү­шей­ту үшін 3 сәуірге дейін уақыты бар. Әйт­песе, биыл да премьер-лигада әу­пі­рімдеп жансақтауға тура келеді.

Былтырғы маусымнан кейін бапкерінен бастап, бірнеше ойыншыларына дейін өзгерткен «Қайрат» Суперкубоктағы сәтсіздіктен кейін ел чемпионатын сәтті бастауға тырысты. Алматыдағы «Орталық» стадионда премьер-лигаға қайта оралған «Таразды» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Әзірге «Қайраттың» жаңа ойыншылары бір-бірін қас-қабағынан түсінем дегенше, негізгі құрамның жарақат алған футболшылары қатарға қай­та оралғанша, клубтың жас фут­бол­шылары сенімді ақтап жатыр. «Таразға» қарсы өткен кездесу­де ойын тағдырын «Қайрат» мек­тебінің түлектері Р.Нұрмұғамет пен А.Әбікен шешті. 

Таланттарға бай «Тараз» футболы бір жылдан соң премьер-лигаға қай­та оралды. Вахид Масудов шә­кірт­терінің биылғы басты мақ­саты – бірінші лигаға түсіп қалмау болып тұр. 

Әр футбол маусымы басталған сайын футбол мамандары сол­түстіктегі стадиондардың жағдайы сын көтермейтінін, бұл аймақтарға манеж салу керектігін жыл сайын айтатын. Осыны ескерген Қос­танайдың жергілікті билік өкілдері «Тобыл» клубына 3 мың орындық «Тобыл-Арена» манежін салып берді. Ел чемпионатындағы ал­ғашқы ойынын жаңа манежде өткізген «Тобыл» Павлодардан келген «Ертіс» командасын 3:0 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайына қол жеткізді. «Ертіс» қысқы трансферде қазақстандық жанкүйерлерге есімі жақсы таныс Рохер Каньяс, былтырдан бастап ұлттық құрамаға шақырыла бастаған Магомед Па­ра­гульгов, венгриялық жарты­лай қорғаушы Патрик Хиди, сер­биялық қорғаушы Урош Витас жә­не тағы басқа бірнеше ойыншымен толыққан болатын. Дегенмен «Тобылға» қарсы өткен ойында «Ертіс» футболшыларының ойы­ны сүреңсіз екені байқалады. Ша­буылды голмен аяқтайтын фут­бол­шы­ның жоқтығы көзге ұрып тұр­ды. Ал матчта соғылған үш гол­дың үшеуі де қорғаушылар мен қақ­па­шының қателігінен соғылды. 

Биылғы чемпионаттың күтпеген оқиғасы Қызылордада тіркелді. Былтыр чемпионаттың алғашқы турында «Қайсар» екінші құраммен келген «Ақтөбеден» жеңіліп қалған болатын. Ал биыл «Атырау» командасын жеңе алмады. Кездесу толығымен «Қайсардың» басым­дығымен өтсе де, В.Кумыков шә­кірттері ойын соңына дейін бір гол айырмасын сақтай алды. Ойындағы жалғыз голды былтырғы маусымда жарақатына байланысты өткізіп алған Дәурен Мәжитов соқты. Осылайша «Атырау» биыл сырт алаңда жеңіске жеткен бірінші команда болып отыр. Тағы бір айта кетер жайт, Атыраудағы «Мұнайшы» стадионына жөндеу жұмыстары жү­ріп жатқандықтан «Аты­рау» клубы үй ойындарын біраз уа­қыт «Астана Арена» стадионында өткізеді.

Еліміздің бес дүркін чемпион­дары «Ақтөбе» үшін биылғы маусым да сәтсіз басталды. Былтырғы маусымда ойыншылардың қарызын өтей алмағандықтан жаңа футболшыларын тіркей алмай, алаңға екінші құрамын шығарған-ды. Биыл қорғаушы А.Аделейенің қарызын толық жапса да, ФИФА әлі де жаңа ойыншыларды тіркеуге рұқсат бермей жатыр. Сонымен қатар екінші жыл қатарынан ФИФА «Ақтөбеден» 6 ұпай алып тастады. Команда біршама қиындыққа тап болса да, Астанада өткен ойында есепті бірінші ашты. Матчтың үшінші минутында шабуылшы Абат Əйімбетов гол соқты.

«Астана» сапынан Бахтиер Зай­нутдинов, Ричард Алмейда, Ласло Кляйнхайслер, Педро Энрике секілді бірқатар үздік ойыншылары кетсе де, Еурододаларда ойнап, тәжірибе жинақтаған «Астана» бұл голдан түк сасқан жоқ. Ойынның 19 және 39-минутында Марин Томасов екі гол соғып, кездесу барысында әріптестеріне екі нәтижелі пас шығарып берді. «Астананың» үшінші голын қорғаушы Юрий Логвиненко соқса, төртінші голын былтырғы маусымды «Атырауда» өткізген Юрий Перцух салды. Осылайша былтырғы ел чемпионы жеңіске жетті. Биыл «Астана» сапында да аз-кем өзгеріс бар. Былтыр отбасылық жағдайына байланыс­ты командадан уақытша кеткен бас бапкер Роман Григорчук қайта оралды. Сонымен қатар қысқы трансферде команда румыниялық жартылай қорғаушы Дорин Ро­та­риу, хорватиялық қорғаушы Лу­ка Шимунович және ұлттық құра­ма шабуылшысы Сергей Хижни­чен­комен толықты. 

Сөз соңында сандарды сөй­лет­­сек. Бірінші турдағы 6 ойында бар­лы­ғы 20 гол соғылып, 13-ін қа­зақ­стандық футболшылар салды. Қал­ған жеті голды легионерлер өз ен­шілеріне жазды. Былтыр ал­ғаш­қы турда бар-жоғы 14 гол со­ғыл­ған еді. 20 доптың 11-і бірінші тайм­да соғылса, қалған 9-ы екінші тайм­ның еншісінде. Бірінші турды жал­пы саны 30 мың адам тамашаласа, ең көп жанкүйер «Астана» – «Ақ­тө­бе кездесуіне келді – 10 000 көрер­мен. Алғашқы турда пенальти мүлде белгіленген жоқ. Былтыр бір пенальти белгілеген болатын. Ке­лесі тур ойындары 15 наурызда өтеді. Екінші турда «Ордабасы» – «Ақ­төбе», «Атырау» – «Ертіс», «Қай­сар» – «Жетісу», «Тобыл» – «Та­раз», «Қайрат» – «Шахтер», «Ас­тана» – «Оқжетпес» клубтары кездеседі.

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»