• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 14 Наурыз, 2019

Жыр көктемі жүрегімде ерте өніп

1061 рет
көрсетілді

Аппақ қар – кіршіксіз көңіл көрінісі. Мамық ұлпада манаураған тіршілік тыныстағандай пәк тазалықтың лебі еседі. Дүние перизат-музаның ақ шәлісіне оранып жатыр. Ақын Марфуға Арқаның алтын тәжіндей Астана шаһарына алғаш келгенде осынау ақ қар жапалақтап тұрды.  Ақындардың ақзер әлемді аппақ қар кейпінде суреттеуі бұрыннан бар тәсіл. Бірақ әрқайсысының өзіндік өлең өрнегі басқа. Біз бүгін сіздердің назарларыңызға редакциямызға арнайы келген аққу ақын – Марфуға-жырдың ақ ұлпа сезіміндей нәзік өлеңдерінің жаңа топтамасын ұсынып отырмыз. Ақындар айтпақшы: көктем күнтізбеге келгенмен, көшеге, көңілге келген жоқ...  

Астананың ақ қары

Қандай ғажап Астананың ақ қары,  Астанамыз –  бүкіл қазақ мақтаны. Үскірігі ақ боранмен алысып, Ерекше екен арай таңның атқаны.

Қандай ғажап Астананың ақ қары, Ақша бұлтпен өрнектелген аспаны. Бұрқақтаған қалың қарға оранып, Қыдырып жүр аяз өпкен жастары.

Қандай ғажап Астананың ақ қары, Ой салады алау күннің батқаны. Əппақ қарды бүркеніпті көрінбей, Сұлу гүлдер көз тартатын бақтағы.

Қандай ғажап  Астананың ақ қары, Кең даланың əппақ болып жатқаны. Сағыныш па, көз алдымда Алматым, Алатаудың қарлы шыңдар, шатқалы!

Қандай ғажап – Астананың ақ қары, Саф дүние, қаңтар солай баптады. Көкірегімді көміп кетті осы сəт, Жастығымның арманда өткен шақ­та­ры... Қандай ғажап Астананың ақ қары, Астанамыз бүкіл қазақ мақтаны! Шыңылтыр аяз ақ боранмен алысып,  Ерекше екен арай таңның атқаны!

Күміс қар

Астанаға жауып қалды күміс қар, Күміс қарда бір ерекше тыныс бар. Көңілсіз күй мазаны ала береді, Көңіл қашан тыныштар. Астананың кеші нұрға оранған, Ата-бабам аңсап кеткен мол арман. Іргесі нық, кереге кең керілген, Қалған мұра солардан.

Астанадан аңғарылар мықтылық, Астананы орнатқан ел тік тұрып, Төрт құбыланың бəріне де бұл шақта, Татулықты ұқтырып.

Толқындары толастамай Есілдің, Буырқанып сен де кеңге көсілдің! Тұнығыңды шайқап кеткен кездердің, Бəрін дағы кешірдің.

Астананың орнықтырған іргесін, Қашан дағы қазағыңмен біргесің. Кең даланы, ел дананы ойлаған, Асып жатыр Бір кешіңнен – бір кешің.

Күміс қарда балаларын ойнатып, Күміс қардан ақ қаланы орнатып. Қала жұрты мəз болып жүр бұл кеште, Осы сәт те – бір бақыт!

Күн шықты алауланып

Күн шықты Астанада алауланып, Кісінің көзі ұялар қарауға анық. Қарайды қар астынан шыққан күнге, Шаштары ақ қайыңның тарамдалып.

Бұл жақтың қысы емес биыл қатты, Ел үшін жайлы қыс та, демек, сəтті. Орнаған қардан қала ертедегі, Ерекше көз алдымда елес жатты...

Қалаға нұр сəулесін төгілдіріп, Келгендей бір ғажайып көңілділік. Айбынды Астанамыз күн астында, Көңілден арылғандай не бір күдік.

Бұталар жарқыратып күміс шығын, Бұзбайды шәрдің ешкім тыныштығын. Астана нұр жамылған, жыр жамылған, Керемет кеңейгендей тыныс бүгін.

Бойлатып көк аспанға бəйтерегін, Бұл шақта алыптарға бой теңедің. Бастарын бар əлемнің қосып жатқан, Болмаса Астанамыз қайтер едің!

Бұл да бір ата-баба арманы еді,  Арманын ер ұлдары, жалғады елі. Ағысы арындаған жылдарымен Сол арман ұмтылдырған алға мені.

Өзгеше əсер етіп шуақты күн, Жүрекке құйдым сонау шуақ сырын. Нұрына шуақты күн құшақ жайып, Қайтадан жаңарғандай сияқтымын.

Марфуға АЙТХОЖИНА, 

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты