• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Наурыз, 2019

«Өлсем де мен, алғы шепте өлермін»

1759 рет
көрсетілді

Әмірхан Балқыбекті ел ең алдымен ақын ретінде таныды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында оның оқыған жанның жүрегіне өршіл рух, көңіліне асқақ жігер берер отты жырлары өлең­сүйер қауымды елең еткізді, дүр сіл­кіндірді. Маралтай Райымбекұлы, Ба­уыр­жан Бабажанұлы, Жарас Сәрсек және тағы да басқа өзімен тұстас дарын­ды ақындар бәрі қатар шықты, бірге жар­қырады. Аузы дуалы ақсақалдардың «поэ­­­зиямызға тың лек, соны леп келді» деп жылы лебіздерін арнағаны да есі­міз­де... 

«Қатардағы жауынгері өлеңнің»

Уақыт бір орнында тұра ма? Қазір бұл жігіттер әдебиеттегі орта буынға айналды, өзіндік қолтаңбаларын қалыптас­­тырды, өлең өлкесінде өздеріне лайықты орындары да бар. 

Сонда да бәрінен Әмірхан... өзгеше еді. 

Оның «Автопортретке штрих» атты өлеңін оқып көрейікші:

«Бұл халық па, Бала халық бұл әлі. Ақындықты жындылық деп ұғады. Еркелігі ессіздік боп шығады, Батырлығы көзсіздік боп шығады. Айт дегенге айтар ем-ау, айтар ем, Осы халық өзім десем, қайтер ең?

Бұл халық па, Дана халық бұл әрі. Ұлылығы Абай болып тұр, әні! Ақындықты адалдық деп ұғады, Батырлықтан жаралдық деп ұғады. Тамағымды кенеп қойып егер мен, Сол халықты менмін десем,  сенер ме ең?».

«Әрі бала, әрі дана» халықтың бір өкілі – Әмірханның өзі де тап осындай еді. Бірде бала сияқтанып кетсе, енді бірде кей ақсақалдардың да аузынан шыға бермейтін аталы сөз айтып, азаматтық жасап, елді риза қылатын. Біреу күліп, біреу жылап еске алатын «жындылығы» да, ешқашан «ессіздікке» бармағанымен, «батыр – аңғал» деген рас, жалаңтөстеніп жүріп ұрынып қалар «көзсіздігі» де болды. Кей сәттерде баладай аңқаулығымен таңғалдырса, кейде көпті көрген көнекөз даналардай басалқалы әңгіме айтып, тыңдаған жанның бәріне бас шайқататын.

Ол – батыр еді. Жорыққа аттанар жауынгердің ұраны оның екі өлеңінің бірінде аңғарылады. Салпы етек қатынша салғыласып тұрып алмай, «иә, аруақ!» деп жекпе-жекке шығып, даулы істі не бүк, не шік қылуға деген асығыстық, нағыз жігітке тән мінез таныту аңсары сезіледі. Бірақ мұның бәрі – арзан атаққа қызыққан басбұзар есерлік емес, сол ел ішін алатайдай бүлдірер ақымақтарды орнына қойып, сабасына түсірер адал сарбаздың азаматтық борышы. Тіршіліктегі әділетсіз­діктерді көре жүріп, біле жүріп, кеудесін кеулей түскен, жанын жай таптырмайтын сол бір ерлік қалауы, рух құштары ақыры ақ қағазға өлең болып құйылды.

Жақсы өлең оқыса, балаша қуанатын...

Ол – адал еді. «Мен онымен барлауға бірге барар ем» деп орыстар айтатын мәтел сөз дәл осы біздің Әмірханға арналғандай. Сертке берік, сезімге адал, сенімге лайық жігіт-тұғын. Нағыз ақиреттік дос болатын жан осындай-ақ болар! 

Адалдық оның өлеңдерінің өн бо­йында да тұнып тұр. Әрине кіндік қаны тамған туған жерге, ауылға, ата-анаға, бауырға, дос-жаран мен басқа да қимас, қымбат жандарға деген кіршіксіз сезім, пәк көңіл – онсыз да түсінікті, табиғи нәрселер ғой. Ең бастысы, Әмірхан өлеңге адал еді. «Әдебиет – ардың ісі» екені рас болса, Әмірхан Балқыбек сол ардың ең адал, ең сенімді күзетшісі еді. Ол әдебиетті «шынайы таланттар мен нағыз дарындар мекендеуге тиіс қасиетті жерұйық» деп ұқты. Сондықтан да жақсы өлең оқыса, балаша қуанды, мықты ақын көрсе, қуып жүріп танысты. Пікірлесіп, ақ жүрегімен алғысын айтты, даусы гүрілдеп, «рахмет, е!» деді (сөйтетіні бар-ды). Ал өн бо­йында нәр-сөл жоқ, сезім жоқ, жан жоқ, құр тақ-тақ етіп тұрған жалаң тақпақтар мен оның авторларын, құс келіп, құс қайтқанда ғана құтырмасы қозатын, ет пен терінің арасындағы желөкпе желіктің желпінісімен-ақ ақынсынып жүргендерді аямай сынады. Оған салса, әсем әлемнің сәнін бұзатын мұндай «өлермендерді» Әдебиет дейтін елдің шекарасынан да кіргізбес еді.

 «Еш өкпем жоқ Жарымаған жатырда, Ақымаққа, Алпауытқа, Пақырға. Мен қоярмын, қоярмын мен өлеңді, Жұрттың бәрі айналғанда ақынға...» – деп, Әмірхан сондай көңіл күйде отырып жазды ма екен, кім білсін...

«Қай кезде де қасиетті саналған, Қатардағы жауынгері ем өлеңнің. Мәңгі өмірді тартып алып ажалдан, Өлсем де мен, алғы шепте өлермін», – деп келетін жыр жолдарына қарап отырып та, оның қашанда өзін өлеңнің адал жауын­гері ретінде сезінгенін түсінеміз.

Адал, әділ адам елдің бәріне бірдей жаға бермейді. Әмірхан әлгіндей сын жа­зып жүріп, өз көзқарасын газет бет­терінен, телерадио эфирлерінен ашық ай­тып жүріп, нағыз ақынды «ақынсың» деп мойындап, өлеңші-тақпақшыларды «халтурщиксің!» деп бетіне басып жүріп, аз дұшпан жинаған жоқ. Рас, өзі бұлай ойламаған да шығар, бірақ Әмір­ханның «үкімін» естігендердің бәрінің бірдей оның сынын дұрыс қабылдай қоймағаны, өлеңді қойып кетпегені – ақиқат. Турасын айтатын адамды ешкім қыз­метке де шақырғысы келмейді, жауапты лауазымды сеніп тапсырудан да қашқақтайды.  Алайда, Әмірхан ешкімнен қызмет дәметіп, орын сұраған да емес.

– Осылай бейғам қалыпта, далақтап жү­ріп, далада қалмаймыз ба бір күні? – деді бірде ол аяқ астынан әңгіме қозғай­тын әдетімен.

– Неге? Қаламың бар, қарымың бар, далада қалатындай не бопты? Ал қыз­мет жағын меңзеп тұрсаң, бастық болу екеуміздің қолымыздан келе қоймайты­нын өзің де білесің ғой, – дегенмін. 

Сонда ол: 

– Мен бір қызметті аңсаймын: кітап­хана­ның директоры болғым келеді! Ұлт­тық кітапхана болмаса да мейлі, бас­­қа­­лары да баршылық қой. Сондай мол байлықтың үстінде отырып та кітап оқы­­майтындар бар ғой, ә? Шіркін, мен бол­сам... – деген еді.

Шынында да, «Шаруаның баласы бол­сам ­да, Шаруаға қырсыздау өсіп ем...» деп өзі­ айтқандай, Әмірханның қолынан жазудан басқа ештеңе келмейтін еді. Әлдебір тір­лігін тындырып алу, кітабын шығару, кешін өткізу, мәнсап қуу үшін де бүгінгі за­манда аса қажет, аса маңыз­ды «талант» са­нала бастаған – таныс із­деу, аға табу, кө­ке жағалау сияқты әре­кет­­терді сол күйі үй­рен­бей-ақ кетті. Өйт­­кені табиғаты таза еді, бәрібір ондай әдетті бойына жұқтыра ал­мас еді.

«Міні жоқ адам бола ма, Кемшіліктер де көп менде. Ол үшін салма табаға, Ол үшін мені жек көрме.

Маңдайға түскен әжімнің, Бұралаң, білсең жолдары. Жанымның табиғатына Келмесем қайшы болғаны», – депті ғой өзі де. Өзінен асып не айта аламыз. 

Бірақ кемталанттар мен бейталанттар­­дың алдында баяғы айтарынан қайтпай, ба­сын имей кетті. Қайтесіз, табиғат-тағы...

Көне тарих қойнауын да қопарды.

Ол – зерделі еді. Өте көп оқитын. Әри­не қалам ұстаған қауымның қай-қай­сысы да қағазға аз шұқшимас, бірақ Әмір­ханның білімге деген ғашықтығы тіпті ғаламат болатын. Оның кітапқа ің­кәр­лігі – өз жырларында айтылатын­ «жорықтағы сарбаздың туған же­рін аң­сағанындай» еді десек, жарасар, сірә. «Кітапқа қызы­ғу­шылықты әкем­нен үйрендім, менің не­гізгі ұста­зым – сол Жұмабек ақсақал» дей­­тін өзі. Әмір­хан «оқығанын көңілге ықы­­лас­пен тоқып» қана қойған жоқ, салыс­­­тырды, салғастырды, зерттеді, зер­­де­ле­ді, қорытты, сосын өзіне тән зерек­­­тікпен, тапқырлықпен түйіндей білді. Бұ­рынғылар байқамаған, ғылыми айна­­лым­ға енбеген деректерге назар сал­ды, жүз жылдан бері сіңіп кеткен еуро­­по­ценристік қалыппен емес, жаңа көз­қараспен, қазақтың мүддесімен қарады.

Сол зерттеулерді негізге алған «Қас­қыр Құдай болған кез» атты кітабы дем­­де жазыла салған жоқ. Көне тарих қой­науына үңілу, түркілер мен шу­мер­лердің, хеттер мен римдіктердің, скиф­­тер мен кушандардың заманына ойша сапар шегу сонау 90-жылдардың орта­сында-ақ басталған болатын. Бас­тап­қы зерттеу мақалалары «Парасат» жур­­налына шықты, бірте-бірте «Қазақ әде­биеті», «Жас Алаш» газеттерінде жария­лана бастады. Ал «Жас қазақ» ұлттық апта­лы­ғында ол бірнеше жыл өте өнімді ең­бек етті, нөмір сайын мақала жазды. Біреу келісті, біреу келіспеді, дегенмен Әмірхан Балқыбектің зерек ойы, ал­ғыр қаламы тарих парағында сыбдыр­сыз сұлқ жатқан дерек-дәйектерді аршып алып, оларды қайта сөйлетті, жаңаша күмбірлетті, бұрын түрлі себептермен бүгіп қалған, орағытып өткен, жырымшылай ғана айтылған тұстарын то­лық ашуға талпынды. Әттең, оның жаз­­ғандары орыс, ағылшын тілдеріне ауда­рылса, Әмірханның тарих, этнология салаларына, түркітану ғылымына қан­шалықты үлес қосқанын біз ғана емес, әлем де білген болар еді.

Рас, «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Әмірхан да өз ойларымен алысып, соларды жүйелеп жазамын деп жүріп пендеуи орталарға онша көп қосылған жоқ. Жалпы, көп адам бас қосар жиындардан тартынып тұратын. Ал оңашалау жерде әңгімелескенді жаны қалайтын. Сондайда әлгі тарихты зерттеуі бар, әдебиетті талдауы бар, біраз тереңге кетіп қалушы еді. Әуелі бер жағында біраз малтып байқаймыз да, әрі қарай шамамыз келмейтінін байқаған соң, қашқақтай бастайтынбыз. Күндердің күнінде оның бізге ерегес­кенде, осылай мәңгіге қашып кететінін біліппіз бе...

«Қиқуы сынды ұранның Ауаны оттай жандырып. Шын самғай білген дарынның Сорғалауы да заңдылық», – дейді өзі. Рас шығар... «Сезімдер өлмейді түбінде, Шабытқа шағында шөлдеген. Көктемгі жауынның тілінде, Жыр болып оралам жерге мен», – деп те жазыпты. Шынымен-ақ енді көктем сайын көктен себелеген жаңбыр үнемі есімізге Әмірханды салып тұратын болды. Осыдан төрт жыл бұрын жас қабіріне топырақ саларда да Шардара аспаны ағыл-тегіл жылап, еш басыла алмап еді...

Сәкен СЫБАНБАЙ