Бүгін 87 жасына қараған шағында Сафура Сейдалықызы Қыдырбекова өмірден озды.
Сафура Сейдалықызы Қыдырбекова 1932 жылы желтоқсанның 2-сінде қазіргі Ресейдің Владимир қаласында айдалып, қудаланған Алашорда мүшесі Сейдәлі Оразалинның отбасында дүниеге келген.
1950 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы орта мектепті бітірген соң Алматыдағы Қазақ педагогика институтына түсіп, 1954 жылы үздік бітіріп шығады. Еңбек жолын Алматыдағы №13 мектепте физика пәнінің мұғалімі қызметінен бастайды. Елімізге белгілі журналист, 1983-1987 жылдары қазіргі «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы болған Балғабек Қыдырбекұлымен отау құрды.
1970 жылдары №56 мектебінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, сосын 1975 жылы Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінде қызмет етті. 1975-1981 жылдары Сәтбаев атындағы №56 мектептің директоры қызметін атқарды. Ғұмырының басым бөлігін бала тәрбиесіне, балаларды оқыту мен тәрбиелеуге арнаған Сафура Сейдалықызы Қыдырбекова Алматы облысы Жамбыл ауданының құрметті азаматы болатын.