Облыстық білім басқармасының ұйытқы болуымен экономиканың дамуына қажетті басымдықтарға байланысты 8 салада (білім беру, қызмет көрсету және туризм, техникалық және технологиялық, көлік, тігін және тоқыма өндірісі, IT-технологиялар, құрылыс, ауыл шаруашылығы) облыста 17 колледжде 22 мамандық бойынша арнайы орталықтар құрылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мақсаты – елдің индустриалды-инновациялық дамытудың сұранысын ескере отырып, жастарды техникалық және кәсіптік біліммен қамту, сондай-ақ, колледж бітірушілерінің сұранысқа сәйкес жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту үшін құрылған құзыреттілік орталыққа енген 36 колледж қазіргі таңда өңірде IT-технология саласы бойынша мамандар даярлайды. Бүгінде облыстық білім басқармасы мен VISION интернет маркетинг компаниясы арасында ынтымақтастық орнату жұмыстары жүргізілген. Биыл 25 ақпан – 8 наурыз күндері аралығында облыстағы 22 колледждің ІТ технология саласының 23 маманы «WEB-дизайн», «Графикалық дизайн» тақырыптары бойынша кешенді біліктілігін арттыру курсынан өтті. Аталған курстар нәтижесінде педагог кадрлардың заманауи талаптарға сәйкес, кәсіптік білім беру сапасын көтеру арқылы бәсекеге қабілетті мамандар даярланбақ.