Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Қарғалы ауданында болып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты, өңір халқымен кездесті деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жұмыс сапары Ш.Қалдаяқов атындағы ауылдан басталып, облыс әкімі ол жерде 2018 жылдың шілде айында пайдалануға берілген «Актеп» ЖШС-нің көкөніс қоймасында болды. Сыйымдылығы 5 мың тонна болатын көкөніс қоймасын салу кезінде әлемдік стандарттарға жауап беретін заманауи технологиялар қолданылған. Нысан автоматтандырылған желдеткіш жүйесімен және салқындатқыш құралмен, қажет температураны қолдайтын датчиктермен, көкөністерді автоматты түрде сұрыптау желісімен жарақтанған. Барлық құрал-жабдықтар Еуропада жасалған. «Актеп» ЖШС картоп өсірумен айналысады. Егістік алаңында да заманауи технологиялар, суару жүйесі мен сапалы тұқымдық материал қолданылады. Бұл өткен жылы бір гектардан орташа алғанда 30 тонна картоп алуға мүмкіндік берді.
«Картоп кластерін құрғымыз келеді. Осы жылы басқа да картоп өсірушілерге тұқым үлестіруді жоспарлап отырмыз. Әдеттегілей, ұсақ шаруашылықтардың жақсы тұқым сатып алуға мүмкіндіктері жоқ, ал түсім 50 пайыз тұқымның сапалылығына байланысты. Материалды тауарлы несие қағидасымен ұсынатын боламыз – біз бір келі тұқымдық картоп береміз, ал олар бізге өнімді жинап алған соң екі келі тауарлы картоп береді»,- дейді «Актеп» ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Сағыналин.
Оңдасын Оразалин мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімінің импортын төмендету және азық-түлік бағасын ұстап тұру жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыста осындай көкөніс қоймаларын көбірек салу керектігін атап өтті.
Кейін облыс әкімі Қос Естек ауылына келіп, қиыршық тас өндіретін кәсіпорын - «Тас Арман-Ақтөбе» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Қазіргі таңда мұнда отыз адам еңбек етіп жатыр. Былтыр олардың күшімен 278 мың тонна қиыршық тас өндірілсе, биыл көлемін 300 мың тоннаға дейін өсіру жоспарланып отыр. Қиыршық тас кәсіпорын мансабында негізінде тауарлы бетон мен жол құрылысында пайдаланылады.
Облыс әкімінің халықпен кездесуі Бадамша ауылының мәдениет үйінде өтті.
«Мен ауданның қазіргі жағдайымен танысуға және сіздермен тікелей әңгімелесіп, халықты қандай мәселелер толғандыратынын өз ауыздарынан есту үшін келдім»,- деді Оңдасын Оразалин.
Кездесуге келген аудан тұрғындары облыс басшысына көпбалалы аналарды қолдау, жол, су, газбен жабдықтау желілерін салу және жөндеу, сонымен қатар, Бадамшадағы үш ауысымдық білім беруді жою үшін жаңа мектеп салуға қатысты сұрақтарын қойды.
«Nur Otan» партиясының жақында өткен съезінде Елбасы халықтың әл-ауқатын, азаматтардың табысын көтеру, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, білім және денсаулық сақтау салаларының сапасын арттыру, сонымен қатар, өңірлерді, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар қойған. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің облыста жалғасатын болады. Мектепке қатысты айтар болсақ, мен бұл проблеманы білемін. Жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп қойған, қаржыландыруды күтіп отырмыз. Бұл мәселе міндетті түрде шешілетін болады. Мектеп – менің Бадамшаға келген себептерімнің бірі, сіздермен кездесуден соң сол жаққа барып келемін»,- деді облыс әкімі.
Кездесуден соң өңір басшысы тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, кейін мектепті көрді.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Степное» ЖШС қызметімен танысты. Кәсіпорын өзі аттас ауылда орналасқан. Серіктестік дәнді дақыл, күнбағыс, көкөніс және бақша дақылдарын өсірумен, мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл шаруашылығына пайдаланатын жердің жалпы алаңы 52 мың гектар. Штатта 240 адам еңбек етеді. Фирма сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімін өндіреді – күнбағыс майын, түшпара, шұжық өнімдерін және т.б. шығаратын цехы бар.
Компанияның бас директоры Аманғос Төлеуов өзінің кәсіпорнында мемлекет басшысының шалғайдағы ауылдарды дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыруға белсене ат салыса отыра әлеуметтік жағынан жауапты саясатты жүзеге асырады. Ол қоғамдық ғимараттарды жөндеу үшін, көшелерді абаттандыру мен асфальттауға және т.б. қаржы беріп, Степное ауылы мен оның тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетіп тұрады. «Степное» ЖШС-нің барлық қызметкерлерінің балалары тегін балабақшамен қамтылған. Бұдан басқа, Аманғос Төлеуов облыстың өзге аудандарының мұқтаж отбасыларын тұрақты жалақымен ғана емес, баспанамен де қамтып, өз кәсіпорнында жұмыс істеуге тартады.