Ұйымның төрағасы болып Сансызбай Есілов сайланды деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жұмыс тобы қолданыстағы заңнамаға сәйкес Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелерін сайлады. 6 және 19 ақпан аралығында Қоғамдық кеңес мүшелерін сайлау жөніндегі конкурсқа қатысуға үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен азаматтардан құжаттар қабылданған болатын.
«Жалпылай алғанда, 47 арыз келіп түсті. Екі үміткер қалада тіркелмегендіктен, конкурсқа жіберілген жоқ», – деп түсіндірді Қоғамдық кеңесте.
Жаңадан құрылған Қоғамдық кеңестің құрамында 25 адам бар. Олардың үшеуі – мемлекеттік органдардың, жиырма екісі – конкурстық негізде сайланған азаматтық қоғамның өкілдері. Қоғамдық кеңестің төрағасы болып Сансызбай Есілов сайланды. Хатшы қызметін Мұхтар Еркетаев атқаратын болады. Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы 6 наурыздағы мәслихат сессиясының шешімімен бекітілген.