Британияның қауымдар палатасы елдің Еуроодақтан шығуы туралы келісімнің жаңа нұсқасын қолдамады. 242 депутат құжатты қолдап дауыс берсе, 391-і қарсы шықты. Британияның Еуроодақтан ресми түрде шығуына 2 апта уақыт қалды. Енді бұл мерзім тағы шегерілуі мүмкін деген болжамдар айтыла бастады.
Бұл Британ «халық қалаулыларының» Брексит (Brexit – Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуы) жөніндегі келісімге екінші рет дауыс беруі. Алғашқысы осы жылдың 15 қаңтарында болды. Онда да премьер Тереза Мэй парламенттің қолдауына ие бола алмай қалған еді. Нақтырақ айтсақ, құжатты 202 депутат қолдаған, қалған 432-сі қарсылық танытты. Қаңтардағы дауыс беру кезімен салыстырса, бұл жолы Тереза Мэй бар болғаны 40 қана жақтас тауыпты. Бұл оның тек парламенттегі ғана емес, билік жүйесіндегі әлсіз позициясын көрсетеді.
Қаңтардағы сәтсіздіктен соң Тереза Мэй Еуроодақ астанасы Брюссельге қайта аттанған еді. Мақсаты – Брексит жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу болатын. Яғни, Британия үшін тағы да оңтайлы жағдаяттар сұрау. Дауыс беруге дейінгі және кейінгі келіссөздердің тақырыбы келешектегі тауар саудасының шарттары, инвестиция, Ирландия мен Солтүстік Ирландияның шекарасы, Гибралтардың мәртебесі, Лондонның төлемақысы және басқалары болды. Әсіресе Ирландия мәселесі қазір Тереза Мэйдің ең осал тұсына айналды. Өйткені Еуроодақ Ирландия Республикасы мен Британия құрамындағы Солтүстік Ирландия арасында шекара болмасын деген талабын қойып, оны өзгертпей қойды. Бұл Ұлыбритания Еуроодақтан шықса да, Солтүстік Ирландия Еуропаның кеден юрисдикциясында қалып қояды дегенді білдірді. Басқаша айтқанда, Лондонның бақылауынан шығады, елдің тұтастығы бұзылады деген сөз. Парламент мүшелері көтерген ең өткір мәселенің бірі осы болды.
Алайда, 12 наурыз күні Британ парламентіндегі Брексит келісіміне екінші дауыс беруге бірнеше сағат қалғанда Тереза Мэй мен Еурокомиссияның басшысы Жан-Клод Юнкер Солтүстік Ирландияға «ерекше территория» мәртебесін беретін құжатқа қол қойды. Ол бойынша бұл елдің жері Британияның да, Еуроодақтың да кеден аймағына кіретін болып келісілді. Дегенмен Мэй ханымның бұл жетістігі де Британ парламенті депутаттарының пікірін өзгерте алмады. Олар жоғарыда айтқандай, Брексит келісіміне қарсы дауыс берді.
Премьер Тереза Мэй парламентте жеңіліске ұшыраған соң: «Мен референдумдағы адамдардың ерік-жігерін жүзеге асыруға тырысамын, сондай-ақ мен Одақтан шығу жолын тыныш әрі келісіммен жасауға ұмтыламын және парламенттегі көпшілік дәл осылай ойлайды деген сенімдемін», – деді ол. Тереза Мэйдің айтып отырғаны 2016 жылы маусымда Ұлыбританияда өткен референдум. Сол кезде Британ халқының 51,9%-ы Еуроодақтан шығуды қолдаса, 48,1%-ы одақта қалуды қалады. Осылайша Британ елі еуроинтеграция бойынша өз ұстанымын анықтады, яғни «ортақ еуроотбасы» идеясынан іргені аулақ салуды жөн көрді. Одақтан шығуды құп көргендер мигранттардың көбеюін, Брюссельдің шексіз бюрократиялық талаптарын, Еуроодақты «асырау» үшін төленетін үлкен төлемдерге наразылық танытты.
Сондай-ақ, келісім дауыс беруде сәтсіздікке ұшыраған соң Британия премьер-министрі парламент ЕО-дан 29 наурызда келісімсіз шығуға дауыс беруі керек екенін растады. Егер парламент бұл нұсқаны қабылдамаса, онда Британияның Еуропалық Одақтан шығу процесін ұзарту туралы өтініш беру мәселесі тағы дауысқа салынады. Иә, саяси жүйеде парламент негізгі рөлді атқаратын мемлекеттердің осындай қиыншылықтары бар. Негізгі шешімдерді депутаттар дауыс беру арқылы шешеді. Осы аптаның басында өткен баспасөз мәслихатында Еурокомиссияның басшысы Жан-Клод Юнкер Ұлыбритания парламенті келісімнің жаңа нұсқасын қолдамаса, онда «үшінші мүмкіндік» болмайтынын ескертті. Ал Германия канцлері Ангела Меркель сейсенбіде Еуропалық Одақ «Британияның алаңдаушылығын ескеріп, оларға жауап іздеуге тырысатын нақты әрі келешегі мол ұсыныстар жасады» деген еді. Алайда, Лондонда жайғасқан Британияның заң шығарушылары бұл пікірлерді ескермеген секілді.
Енді жағдай не болмақ деген сауал көпті мазалайды. Ұлыбританияның Еуроодақтан шығатын ресми мерзімі – 29 наурыз жақындап қалды. Біршама баспа газеттері бұл «дедлайн» кейінге шегеріледі деген болжам айтуда. «Times» газеті Еуроодақ Брексит жыл соңында болуы мүмкін деген сценарийге даярланып жатыр деп жазған еді. Ал «Daily Telegraph» газеті премьер-министр тек 2-3 айға ғана шегерім сұрамақ деп болжам жасады. Еуропалықтар бұл процестің тезірек аяқталуын қалайтын сыңайлы. Сол үшін егер Лондон ресми мерзімді шегере берсе, онда әр жыл үшін 1 млрд фунт төлеуі қажет деген айыппұл санкциялары дайындалуда деген мәлімет тарады.
Нұрмұхамед БАЙҒАРА,
«Egemen Qazaqstan»