Мата қиындыларынан қиюластырылып жасалған түрлі-түсті әсем көрпелер әрбір шаңырақтың сәні. Адамды табиғатпен үндестіріп, көңілге жылылық сыйлайтын мұндай көрпеге отырсаң өзіңді хан жайлауда отырғандай сезінесің. Алматы іргесінде тұратын Секер әжей «Құрақ құраудың өзі бір математика» дейді. Шебер қолдан өріліп, сан алуан бояулармен көмкерілген көркем туындылар көз баурайды.
Әжелеріміз құрақ құрауды қасиетті өнер деп бағалаған. Жасы сексеннің екеуіне келген Секер Кенжебаева 40 жыл бойы математика пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз. Білім беру ісінің үздігі. Бағалы бұйым ретінде ұзатылатын қыздың жасауына еніп, халқымыз қастерлі іске балаған құрақ құрау шеберлігі анасынан дарыпты. «Бала күнімнен қаныма сіңген сүйікті ісім осы, зейнет жасында болсам да кесте тігіп, құрақ құрамасам, немерелерге шұлық тоқымасам, отыра алмаймын» деген кейуана талай сырдың тиегін ағытты.
«Баяғы заманда қымбат маталар тапшы болған. Тігіншілер киім-кешектерден қалған маталардың қиындыларын кәдеге жаратуға тырысып, түрлі бұйымдар жасаған. Құрақ құрау өнері осылай дүниеге келген деген сөз бар. Құрақты қамқа, қатипа, торқа, барқыт, торғын, батсайы, мақпал, қыжым, бояқ, борлат сынды түрлі маталардан жасаған. Қазіргі заманда ерінбеген адамға керек дүниенің бәрі бар. Құрақ төсеніш қазақ дәстүрінде қыз балалар кішкентайынан үйренуге тиісті қолөнер түрі. Ол өрімдей қыздарды төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке баулиды. Аналарымыз құрақ көрпені тек төрге төсейтін. Өйткені қашаннан қонақжай қазақ төрін қонағына ұсынған. Төрді қасиетті орын деп санаған. Ғасырлар бойы өз құндылығын жоғалтпаған бұл өнерді кейінгі ұрпақ жалғай алмай қала ма деп алаңдаймын. Қазір кішкентай қыздарды былай қойғанда, олардың аналары құрақ құрауды білмейді. Бұл өнерді меңгеру үлкен тәрбие. Тігін тігуді кәсіп қылмаса да, әрбір ананың бұл істен хабардар болғаны абзал. Құрақ құрайтын адамның қиялы ұшқыр болады. Сол арқылы түстердің үйлесімін дәл табады. Өзімнің қыздарым мен немерелерімді де осы өнерге баулыдым», – дейді Секер Кенжебаева.
Секер әжей құрақтың халық дәстүрінен, наным-сенімінен алатын орны да ерекше екенін айтады. Мәселен, ерте кезде баласы өліп тоқтамаған үй «тіл көзден аман болсын» деген ырыммен қырық түрлі құрақ құрап перзентін соған орайтын болған. Ал қыз жасауына құрақ көрпе қосудың астарында «қызымыздың барған жерінде басы көбейіп, тірлігі қиюын тапсын» деген тілек жатады екен. «Халықтың ұлт екенін айыратын үш негізгі арнасы бар: сөз өнері, саз өнері, қол өнері» деп бекер айтылмаса керек-ті. Үй ішіне ұлттық рең беретін сәнді көрпелер адамның көңіл күйін де асқақтатады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ