Қазекем «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деп бекер айтпаған екен. Әйелдің сұлулығын астарлаған бұл мәтел ағаштың беріктігін, оның оңайлықпен тоза қоймайтынын негізге алса керек.
Қостанай қаласынан табылған қазы астаудың жасын белгілі ағаш шебері Таңатқан Божақов бір ғасырға жуықтатып отыр. Қостанайға осыдан екі жыл бұрын қайың тоғайы көмкерген Сарыкөл ауданынан көшіп келген Балапан Ыбыраева шеберге көне ыдысты қайта қалпына келтіруді өтініп әкеліпті.
– Бұл астауды өзім қолында өскен нағашы атам Алдаев Уәли деген кісі жасаған. Қарапайым мал баққан кісі еді, 1905 жылы туған, 90-шы жылдардың аяғында қартайып, дүниеден қайтты. Тұрмысқа қажетті бұйымның бәрін ағаштан өзі шабушы еді. Қорғаннан тері алдырып, мәсі тігетін, қамшы өретін. Ауылдың әйелдеріне ұршық, ешкінің түбітін тарайтын тараққа дейін менің атам жасап беретін. Көне ыдысты атам мен әжемнің көзіндей көріп, сақтап келемін, – дейді Балапан.
Қазы астаудың иесі оның дәл қай кезде жасалғанын анық білмейді. Ыдыс қайыңнан ойып жасалған, екі жағында жапырақша құлағы бар. Бүгінде жұрт дастарқанға ұлттық бас тамағымыз – етті салып тартатын астаулардан әлдеқайда жіңішке ыдыс ақжемделіп тозыңқыраған, сырты көк сырмен боялған. Екі жағындағы құлақшасы да жеміріле бастапты.
– Мені ата-анам нағашы атам мен әжеме екі жасымда берген екен. Мен биыл 55 жастамын. Бала кезімнен осы астауды көріп өстім, – дейді Балапан. Жәдігердің иесі өзінің жасөспірім кезінде әжесі астаудың сыртын көк бояумен бояп тастағанын айтады. Ағаш желініп, тоза бастаған соң жасаған әрекеті болар, бәлкім?
– Бұл қазы астаудың жасы кем дегенде жүз жылдың маңайы деп есептеймін. Қайың ағашы 50-60 жылда мынандай кейіпке түспейді, өте қатты, мықты ағаш қой, – дейді Таңатқан Баяхметұлы.
Айтпақшы, жалпы қазы астау ыдысы туралы өткен жылы Таңатқан ағамыздан естіген едік. Қостанайда өткен қолөнершілер көрмелерінің бірінде өзінің жасаған бұйымдарын көрсетіп тұрып, баяғыда «қазы астау» деген ыдыс болғанын, оның қазір ұмытылып кеткенін айтқаны бар. Ол қазақ даласының барлық шалғайында бірдей болмаған да шығар, бірақ бүгінгі Қостанай облысы өңірінің Сарыкөл, Ұзынкөл аудандары төңірегінде, жалпы арқадағы ағашты жерлерде кең пайдаланған бұйым екен. Таңатқан ағай қарт кісілерден де қазы астау туралы сұрастыра жүріпті. Шебердің айтуынша, талай жылдан бері бір ақсақал ғана қазы астаудың сыйлы кісілерге сойылған жылқының семіздігін көрсету үшін қазы салып қоятын сәнді ыдыс болғанын айтыпты. Ол ағаштан ұзынша әрі қос қазы қабырға қатар сиятындай жіңішке етіп шабылатын болған.
– Ертеде көшіп-қонған қазақтың дастарқанға қазіргідей самсатып қоятын салаттары, «Баян сұлу» кондитер фабрикасының кәмпиттері қайда?! Құда-жекжаты келгенде қазы астауға сере қазысын, кәделі сүйектерін салып қойып, ірімшігі мен құртын, бауырсағын шашып дастарқанын сәндеген ғой. Негізі қазақтың ет тамағы қазіргідей ұзын астауға емес, дөңгелек ағаш табаққа салынған. Бала кезімізде ол әр үйде болатын. Біздің елде табақтың жанына қазысы мен кәделі сүйектерін салып, қазы астауды қойған, – деп түсіндірген еді Таңатқан ағамыз. Ағаш шебері ұмытылған ыдысты жасап көрсетуге, оны біз «Егеменнің» оқырмандарына жеткізетінімізге уағдаласқан едік. Міне, сол қазы астауды қанша жыл бойы көненің көзі деп сақтап келе жатқан Балапан Таңатқан Божақовты сұрастырып жүріп, өзі тауыпты. Қазы астаудың иесі оны қалпына келтірген соң пайдаланбай, тек отбасылық жәдігер ретінде сақтайтынын айтты.
Таңатқан шебер көне ыдысты жөндеу жұмыстарына кірісіп те кетіпті.
– Маған мұны қалпына келтіргеннен жаңадан бірнеше ыдыс жасағаным оңай еді. Бірақ осы қазы астауды шапқан Уәли ақсақалдың аруағын сыйлағандықтан қолыма алдым. Өйткені ыдыстың қайсысы болсын кепкен ағаштан жасалады. Ал кепкен қайыңнан мұндай астауды ойып шабу өте мехнатты еңбек. Мен шебер ретінде көріп тұрмын, бұл тек шапқы балтамен ғана шауып жасалған. Ал менің қолымда қанша аспап, станоктар бар, соның өзінде ыдыс ою оңай шаруа емес, – деді Таңатқан ағай.
Қазы астаумен халқымыздың бір жоғы табылғандай емес пе?!.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
ҚОСТАНАЙ