Батыс Қазақстан облысында соңғы екі жылда 110 елді мекенге таза ауыз су жеткізіліп, 2 мың шақырымдық су желісі пайдалануға берілді. Соның ішінде былтыр 51 ауылда тұратын 56 мың адам сапалы таза судың игілігін көрді.
Әрине, бұл аз жұмыс емес. Бірақ тоқмейілсіп тоқтап қалуға да болмайды. Өйткені осынша қыруар жұмыс атқарылғанның өзінде облыс бойынша елді мекендердің тек 46%-ы, яғни 204 ауыл ғана таза сумен қамтылды. 2017 жылы ауылдардың 76,6 пайызы ашық су көзін тұтынатын, таза сумен қамтылуы жөнінен еліміз бойынша ең соңғы орында тұрған еді.
Былтыр атқарылған қомақты жобаның бірі – 16 мың тұрғынды орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосатын, ұзындығы 180 шақырым болатын Жаңақала су жүйесі екені даусыз. 7 ай ішінде 2,5 млрд теңгенің жұмысы атқарылып, 16 мыңнан аса адам таза суға қол жеткізді.
– Жаңақалада таза су мәселесі 2012 жылдан айтыла бастады. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында келешектегі елге түсер қиындық – ауыз су жетіспеушілігі болатынын көрегендікпен атап көрсетіп, Үкіметке оны шешу жолдарын қазірден бастап қолға алу керектігі жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Президенттің ауыз су мәселесін шешу туралы нақты тапсырмасы алыстағы ауыл тұрғындарының кеудесіне үміт отын жақты. Тұрғындардың ертеңіне сенім пайда болғаннан кейін Құлшық елді мекенінен су тарту жөнінде аудан азаматтарының атынан Парламентке бірнеше мәрте хат жолданды. Елбасы тапсырмасына орай өңірімізге келген Премьер-Министр облысымыздың оңтүстік аймағындағы жартылай шөлейтті өңірге орналасқан Жаңақала ауданы тұрғындарының ауыз суға мұқтаждығын мұқият ескеріп, нәтижелі шаралар қабылдаған еді. Міне, Үкіметтен бөлінген қаржыны мердігер тиянақты игеріп, жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап шықты. Осылайша Елбасымыздың халыққа деген қамқорлығы нақты көрініс тапты. Нәтижесінде Жаңақала ауданының 10 ауылы мен елді мекені таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Елбасына халықтың ризашылығы шексіз. Себебі Жаңақала газбен қамтылған, жолы жөнделген аудан болатын. Таза ауыз су әр үйге құбырмен кіріп келгенде қала мен ауылдың айырмашылығы болмай қалды. Мемлекет басшысының өзі қалалықтар мен ауылдықтардың өмір сүру деңгейінің арасындағы теңсіздікті жою жөнінде тапсырды емес пе? Міне, бұл орындалды, – дейді Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы, ақын Зәкәрия Сисенғали.
Әдетте өркениет игіліктері алдымен ірі елді мекендерге, халық көп қоныстанған ауылдарға жеткізіледі. Бүгінгі көрсеткіш бойынша облыста ауыл халқының 80 пайызы таза ауыз сумен қамтылған деп есептеледі. Бірақ шағын ауылдардың көбі мұндай бақытқа қол жеткізе алмай отыр. Өңірдің елді мекендерінің 54 %-нда әлі орталықтандырылған сапалы су жүйесі жоқ.
«Алдағы 2019-2020 жылдары тағы да 28 елді мекенді таза ауыз сумен қамтып, өңірдегі 441 ауылдың 232-сіне сапалы су жеткізу жоспарланған» дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Дәурен Сәкенұлы.
Қазір Парламент пен Үкіметке облыстағы Сырым ауданын сумен қамту бойынша «Кеңащы жерасты су кен орнынан аудандағы елді мекендерді сумен қамту жүйесі құрылысы» жобасы ұсынылған.
– Бұл жоба жүзеге асса, Сырым ауданындағы Жымпиты және Өлеңті ауылдарының тұрғындары сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтылатын болады. Бұл екі ауылда 7 мыңдай адам тұрады, – дейді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев.
Жымпиты – Сырым ауданының орталығы, тарихи жер. Қазақстанның Жалпыұлттық киелі нысаны қатарына кірген – Алашорданың Батыс қанатының орталығы осы мекен. Самара-Шымкент халықаралық автожолының бойындағы ірі елді мекеннің осы күнге дейін ауызсудың зардабын тартып отырғаны шындық.
– Жымпитылықтар ауыл маңындағы шағын су көзінен тазартып тартылған суды пайдаланып отыр. Жалпы, норма бойынша Жымпиты мен Өлеңті ауылына күніне 1000 тонна су керек. Бірақ жаз кезінде тартқан су көлемі 500 тонна ғана болады. Шілде-тамыз айларында жерасты су деңгейі мүлдем түсіп, қажетті судың жартысын да ала алмай қаламыз. Одан бөлек 5 елді мекенде де су тапшы. Мысалы, Жетікөл мен Жамбыл ауылдарына суды тасып жеткіземіз. Ал бұл жерде 1,4 мыңдай адам тұрады, – дейді Төлеген Серікқалиұлы.
Жерасты су қоры мол, бұлағы көкке атқылап жатқан Кеңащы өңірінен құбыр тартып, Сырым ауданының жеті ауылын сумен қамту жобасын «Казэкология жобалау» ЖШС жасапты. Су желісінің ұзындығы – 76,954 шақырым электр желісінің ұзындығы – 18,027 шақырым болатын жобаның қаржылай құны 2,4 млрд теңге 10 ай ішінде таза су құбыры әуелі Жымпиты мен Өлеңті ауылдарына жетпек. Сонымен қатар алдағы уақытта Шағырлой, Бұлан, Жамбыл, Қособа және Жырақұдық ауылдарын ауыз сумен қамтуға зор мүмкіндік туады. Бұл аталған елді мекендерде 3 мыңға жуық халық бар.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы