• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Наурыз, 2019

«Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз МС-12» транспорттық басқарылатын кемесі сәтті ұшырылды

1070 рет
көрсетілді

Бүгін, 2019 жылғы 15 наурызда қазанда Астана уақыты бойынша сағат 01:14-те «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-ФГ» зымыран-тасығышымен «Союз МС-12» транспорттық басқарылатын кемесінің (ТБК) ұшырылуы сәтті өтті. Бұл туралы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) кезекті ұзақ мерзімді экспедициямен баратын экипажы бар «Союз МС-12» ТБК-нің ұшырылымы «Байқоңыр» ғарыш айлағының № 1 алаңынан («Гагарин стартынан») жүзеге асырылды және штаттық режимде өтті.

Экипаждың құрамында Роскосмостың ғарышкері Алексей Овчинин (ТБК командирі), «NASA» астронавтары Ник Хейг (бортинженер) пен Кристина Кук (бортинженер) бар.

«Союз МС-12» ТБК-нің ұшырылымы ХҒС-тың ұшу бағдарламасына сәйкес жоспарланған. Ұшудың жоспарланып отырған ұзақтығы 204 тәулікті құрайды.

«Союз МС-12» кемесінің ХҒС жақындауы төрт айналымдық схемамен жүргізіледі.

Экспедицияның мақсаттарына ресейлік және американдық жүк кемелерімен жұмыс істеу, стансаның жұмыс қабілеттілігін сақтау, фото- және бейне түсірілімдерді жүргізу, сондай-ақ ғылыми-қолданбалы зерттеулерді орындау кіреді.

Бұдан бөлек, экипаж ХҒС-қа басқарылатын режимде станцияны пайданалау үшін отын, тамақ, су және тағы басқа жүктерді жеткізеді.